Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7476 0 пікір 5 Қыркүйек, 2010 сағат 07:37

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, профессор: Қазақты қарынның қамы биледі

Белгілі ғалым Мекемтас аға Абайды зарлатқан заман мен бүгінгі қиянаты көп қоғамды салысты отырып, қазақтың бүгіні мен ертеңіне көз жүгірткен еді.

«Байырқаудың» белгісі

- Мекемтас аға, бұрынырақта қоғамдағы әрқи­лы мәселелерге байланысты өз ойыңызды айтып, баспасөз бетінен жиі көрінуші едіңіз. Ал соңғы кездері байырқап қалған жайыңыз бай­қалады, қазір қайда, не істеп жүрсіз?

- Қазіргі кезде Бауыржан Момышұлының 100 жыл­дық мерейтойына 30 томдық шығармалар жинағы мен ол туралы жазылған 15 томдық естеліктер және арнау өлеңдерді басылымға даярлап, соны жарыққа шығару­ға әрекеттеніп жатырмын. Әдетте, 45 томдық дүниені даярлау - айтуға оңай, білетін кісіге бұл - әдебиеттің қара жұмысына жегілу, салмағына езілу деген сөз.

1942 жыл мен бүгінге дейінгі (70 жылдағы) Баукеңе арналған арнау өлеңдер мен толғау өлеңдерді, дастандар мен поэмаларды баспасөз бетінен іздеп, жинау оңай шаруа емес. Мұны істеген адам ғана әде­биет­тегі қара жұмыстың зіл-батпан ауырлығын сезініп, бағалай алмақ. Баукеңе бағышталған 15 томдық дүние­нің 5 томы - арнау өлеңдер. Оның көлемі жағынан қазақ әдебиеті тарихында бірінші орынға көтерілуі - көп мәселенің төркінінен хабар беріп тұр емес пе?

- Сізді бұрындары көпшілік жұрт абайтанушы ретінде де жақсы білуші еді...

Белгілі ғалым Мекемтас аға Абайды зарлатқан заман мен бүгінгі қиянаты көп қоғамды салысты отырып, қазақтың бүгіні мен ертеңіне көз жүгірткен еді.

«Байырқаудың» белгісі

- Мекемтас аға, бұрынырақта қоғамдағы әрқи­лы мәселелерге байланысты өз ойыңызды айтып, баспасөз бетінен жиі көрінуші едіңіз. Ал соңғы кездері байырқап қалған жайыңыз бай­қалады, қазір қайда, не істеп жүрсіз?

- Қазіргі кезде Бауыржан Момышұлының 100 жыл­дық мерейтойына 30 томдық шығармалар жинағы мен ол туралы жазылған 15 томдық естеліктер және арнау өлеңдерді басылымға даярлап, соны жарыққа шығару­ға әрекеттеніп жатырмын. Әдетте, 45 томдық дүниені даярлау - айтуға оңай, білетін кісіге бұл - әдебиеттің қара жұмысына жегілу, салмағына езілу деген сөз.

1942 жыл мен бүгінге дейінгі (70 жылдағы) Баукеңе арналған арнау өлеңдер мен толғау өлеңдерді, дастандар мен поэмаларды баспасөз бетінен іздеп, жинау оңай шаруа емес. Мұны істеген адам ғана әде­биет­тегі қара жұмыстың зіл-батпан ауырлығын сезініп, бағалай алмақ. Баукеңе бағышталған 15 томдық дүние­нің 5 томы - арнау өлеңдер. Оның көлемі жағынан қазақ әдебиеті тарихында бірінші орынға көтерілуі - көп мәселенің төркінінен хабар беріп тұр емес пе?

- Сізді бұрындары көпшілік жұрт абайтанушы ретінде де жақсы білуші еді...

- Иә, қазақтың ұлы ақынын зерттеуді қолға алға­ныма біраз жылдардың жүзі болды. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің ректоры, академик Серік Піралиевтің қолдауымен Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, соның ұйымдастыру жұмы­сына қызу түрде араласып кеттім. Абайтанудың оқу­лығы мен бағ­дарламасы жазылып, басылуда. Абайтанудан оқылатын дәріс барлық факультет білімгер­лерін тұтас қамтиды. Бүгінгі таңдағы абайтанудың өзекті мә­селесі - Мұхтар Әуезов ұсынған (1934 ж.), бірақ кеңес­тік саясат бұзған тұжырымдаманы қалпына келтіруге тіре­ліп отыр.

Осы жолда дәріс берер шын мәніндегі абайтанушы мамандар даярлау мақсатында биыл Абай мұрасынан 4 докторлық, 2 кандидаттық диссертация қорғауға даярлап отырмын. Ұзақ жылдар бойы абайтанудан жазған еңбектерімді жинастырып, «Абайтану» деген атпен 10 томдық еңбегімді басылымға даярлап жатырмын. Бұған қоса 1909 ж. Уфа қаласында басылған Зейнелғабиден ибн һамре әл-Жауһари әл-Омскауидің «Насихат қаза­қия» және Самат Әбішұлының 1916 жылы жария­ланған «Абай термесі» жинағын шығардым. Бұл тектес еңбек­тер алдағы уақытта «Абай антологиясы» деген сериямен басыла бермек. Қарап отырмай, кейде қоғамдық ой-санадағы өмір талабы алға қоятын өткір мәселелерге үн қатып отыратыным бар. Мысалы, «Қа­зақ қалай мәңгүрттен­ді?», «Аралас мектеп», «Халық са­нағы», она­мастикалық мәселелер туралы т.б. жария­ланған ғы­лыми мақала­ларым соның айғағы болса керек. Бұларды санамалап отырғаным - «... соңғы кездері бай­ырқап қалғансыз ба?» деген сұрағыңа байланысты айтып жатқаным ғой. Лайым, мен сияқты «байырқап қалған» ағаларың көп бо­ла берсін деп тілеймін.

-Мекемтас аға, бұл сұрақ сіз баспасөз бетінен бұрынғыдай көп көрінбей кеткен соң қойылған еді, ренжімеңіз. Сізге сұхбаттасуға барам де­ге­німде бір әріптесіңіз: «Мекемтас Мемлекеттік сыйлықты алып алған соң, ол сыйлықтың соңғы ырду-дырдуына ақсақалдық айтпайтын болды. Ға­лым болған соң ондай іске араласып тұрғаны жөн еді, соның себебін сұраңызшы», - деген еді.

-Мемлекеттік сыйлықтың дау-дамайына араласып, пікір айту үшін ол мәселеден менің нақтылы хабарым болып, дауыс беретін кісілерді біліп, олардың қарым-қаты­на­сына, пікір сайысына қанық болуым керек қой. Ал сырттай эмоцияға беріліп, сырттан пікір айту менің жасыма лайықты болмаса керек. Әріптестерім осы сұх­батты оқыса, менің жайымды толықтай түсінеді деп сене­мін.

Саясаттың араласпайтын жері жоқ

- Айтпақшы, осы Мемлекеттік сыйлық қаламгер қауымға қалай беріліп жүр? Мәселен, биылғы жылғы үміткерлердің арасында шығармалары Астана мен президентке арналғандары ғана соңғы мәреге жеткенін естідік. Мұны қалай түсінеміз, өнерге саясаттың араласуы жөн бе?

- Менің ұғымымда саясаттың аралас-пайтын жері болмайды. Ол сол үшін де «саясат» деп аталады. Мемлекеттік сыйлықтың мәселесін шешетіндер - да-уыс беретін комиссия мүшелері. Бұл мәсе­леде дауыс беруші әрбір адамның ары мен ұжданы, ішкі нанымы мен ұста­нымы, яғни иманы сынға түседі. Мәселені саясаттан іздеуден гөрі, осыларды дауыс беру­шілердің азаматтық позициясынан қараған жөн болар!

- Абайтанушы болған соң, реті келген мына бір сұрақтың тігісін жатқыза кетіңізші: қазіргі қазақ кешегі Абайды зарлатқан пара­қор, жалқау, надан, байшыкештің езгісіндегі қоғамнан қаншалықты ұзап кетті деп ойлайсыз?

- Меніңше, бұл сұрақ абайтанушы ға­лым­ға емес, тарихшы, социолог ғалым­дарға қойылса жөн болатын сияқты. Дегенмен, сұраған екенсің, білгенімді айтайын. Абайдың заманы - қазақ елінің бодандық ноқтасына бас иген заманы. Отаршыл Ресейге қазағыңның керегі жоқ, оның жері ғана керек болуы себепті, олар ең бір жауыз, қасақы саясатты қолданудан тайынбады. Елдің түбіне жету үшін, «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясатын қолданды. Яғни ел билеудің жүйесін рулық емес, аумақтық принциптің негізіне құрды. Сыр­дария генерал-губернаторы Гродеков «Киргизы и каракиргизы» деген кіта­бында осы жүйенің тәжірибе ретінде Майлыкент болысына (қазіргі Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылдық округі) қолданғанда, саяси жағынан тамаша нәтиже берді деп, қуана хабарлауында көп мәселенің астарлы сыры жатыр. Оны ғылыми тұрғыдан аша отырып, шындыққа көз жеткізу жағы айтар­лықтай терең танылып, санаға жетерліктей әшкереленбей отыр.

Қазақ халқының мінез-құлқы бұзылып, тұрмысының тозғындауы Абай заманында басталды. Бұл саяси-әлеуметтік құбы­лыстың ішкі астарын, көздеген мақса­тының сырын Абай анық сезді. Рухани жағынан азғындатып, рухани тұтастығын бұзу үшін қазақты шоқындырып, орыс-тандыру жолындағы миссионерлік саясат та осы кезде ашық әрекетке басты. Міне, осы өзгерісті сезіп білген Абайдың шығармаларының желісінде замана зары ақын жырына арқау болып өріледі:

Ыза шығар білімнен,

Қайғы шығар ілімнен.

Ыза мен қайғы қысқан соң,

Зар шығады тілімнен, - деп, ха-лықтың зары, наласы жыр болып төгіл­ді. «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дейтін өмір­лік рухты халқының ар ойламай, пайда ойлаудың аранына түсуі - ақын жанының қайғысына айналды. Яғни Абай заманы отаршылдық езгінің табанында тапталған өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар құбылыс болып қала береді.

- Дегенмен бүгінгі қоғам Абай заманынан тым алысқа ұзап кете қоймаған сияқты ғой...

- Ондай пікірді мен де мүлде жоққа шығара алмаймын. Алайда біздің бүгінгі заманымыз патшалық, кеңестік отаршыл­дық бұғауынан құтылып, өз түтінімізді өзіміз түтетіп отырған, тәуелсіздіктің көк туы аспанымызда желбіреген мемлекет­піз. Қоңыз теріп жүрсең де, тәуелсіздігің мызғымаса, не арман бар!

Қай заманда болса да, қоғамда бай мен кедейдің қатар өмір сүруі - заңды құбылыс. Болашақта да осылай бола беретін шығар... Кедейлік пен байлық арбасқан қоғамда жегідей жеген жем­қорлық, парақорлық, надандық, ұрлық-қарлық тәрізді теріс қылықтардың орын тебуі жоғала қоймас. Қоғамда осы күндері бұлардың көрініс беруі - жаһан­дану үдерісі мен нарықтық экономиканың өріс алуында жатса керек. Сол себепті қоғам өмірінде затшылдық, дүниеқоңыз­дық, нәпсіқұмарлық пиғыл үстем түсіп тұр. «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» дегендей, батыстың мерез­дері, яғни таным мен мінез-құлықтағы теріс қылықтар дендеп барады. Батыстың осы жұқсыздығын ерте сезінген Мағжан ақын ХІХ ғ. 20 жылдарында:

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Қараңғыда бір адам жоқ лақпаған.

Қарын деген сөзді ғана жаттаған,  - деп, ой қорытқан еді. Енді біздің қоғам капиталистік жолға түскен соң, қазақтың ақыл-ойын қарын қамы билеуі себепті, пайда (бизнес) деген сөзді ғана жаттап жүрміз. Ол заманда Абай: «Пайда ойлама, ар ойла»! - десе, бүгінгі заман ағысы бізді «Ар ойлама, пайда ойла» деген теріс жол­ға сүйреп барады. Бұл жол қоғам өмірінде жемқорлық, парақорлық, дүние­қоңыз­дық, нәпсіқұмарлық, арсыздық, ұрлық-қар­лық сияқты мерездерді туындатып жатыр. Бұл құбылыстар рухани құнды­лықтарды, өнер, ғылым адамдарын аяқасты етуде. Абайды зарлатқан заман­дағыдан бұл дәуірдің жат қылықтары, сырты ұқсас болғанымен, астарлы негізі өзгешелеу.

Мұндай алапес құбылыстан құтылу­дың жолы бар ма? Біздер үшін бар, бірақ еуропалықтар үшін жоқ! Ол жол - кісілік жолы немесе түрік елінде Түркістан жерін­де пайда болған Абайдағы толық адам ілімі. Бұл ілімнің тамыры Әл-Фарабидің парасатты адам, Жүсіп Баласағұнидің жа­уан­мәрттілік (зомарт-жомарт) ілімі, Ясса­уидің хал ілімінде жатыр. Бұл ілімді Абайдан кейін дәстүр ретінде дамытып, жалғастырушы бірегей ойшыл, философ ақын Шәкәрімнің ар ғылымы жайлы ой-толғаныстарында жатыр. Осы ілім мен ғылым ғана Абай өсиет еткен «Пайда ой­ла­ма, ар ойла» жолына немесе ата-баба­­ла­рымыздың ұстанған ұлы үрдісі «малым - жанымның садағасы, жаным - арым­ның садағасы» деген рухани байлық жолына түсіреді.

 

Үкімет қарсыласқандарды ұнатпайды

- Өнер мен әдебиеттегі кенделіктің түп-тамырын қазып жіберсек, қоғамдағы саяси жағдайдың тұйығына тірелетін сияқтымыз. Қоғамда еркіндік болмаған соң, шығармашылық шарықтап кете алушы ма еді, Мекемтас аға?

- Өнер мен әдебиетті кеңестік дәуірде Компартия өз идеясын жырлатып, ха­лықтың санасына сіңіртуге мейлінше пайдаланды. Ол үшін қаламақыны аяусыз берді. Бірақ шығармашылықты, ерікті қыспақта тұсап ұстады. Ол заманның ауқаттылары мен байлары да ақын-жазушы, өнер адамдары болды. Енді заман өзгерді, уақыт талабы басқаша жолға түсті. Еуропа, Америкадағы сияқты өнер иесі мен ақын-жазушылар нарықтық экономиканың ырқында кетті. Яғни бизнес шешуші орынға шықты да, рухани құндылықтар аяқ астында қалды.

Біз тәуелсіздік алып, дербес мемлеке­тіміз болғанымен, оны қалыптастыру оңай­лыққа түспеді. Өнер мен ақын-жазушы шығармашылық еркіне өзі ие, қай тақырыпты жазам десе де, өз еркі өзінде. Бірақ қаламақының деңгейі мүлде құлды­рап, күн көру жағы ақын Сара апамыздың:

Пұлындай берекесіз арбашының,

Берген соң тері-терсек ит те алады, - дегеніндей болып тұрған жағдай орнықты. Қаламақысының ахуалы осылай болған соң, шығармашылық өзінен-өзі шарықтап кете алмасы белгілі ғой. Бұны саясаттың жағдайы жасап отырған жоқ, оның негізі қоғамдық құрылыстың алмасып, өзіміз өмір бойы даттап, жамандап, сынап келген капиталистік қоғамның заңдылығы солай.

- Сіздің бұл пікіріңіз: «Саясаттың араласпайтын жері жоқ», - деген өз сөзіңізге қайшы келетін сияқ­ты... Әдетте, жазушы деген қауымның қызметі тек жазу ғана емес, елдің сөзін сөйлеп, халық­тың айтарын қолдау емес пе еді. Алайда қазір қаламгер қауым халық пен билік арасындағы мәселеден бастарын ала қашатын болды. Халықтың сөзін сөйлеген ақын-жазушы билікке жау атанып жүргені қалай?

- Қарап отырсақ, бүгінде үкіметтің күші - заңында, буржуазияның күші - ақша­сында, зиялылардың күші - өнері мен ойы арқылы бұқараға әсер ете алуында жатыр. Өнерпаз бен ақын-жазушы, ғалым да өз ой-пікірін қалың бұқара ха­лыққа жеткізе алса, әсер етіп, соңынан ерте алатын болса, зиялылармен үкімет санаспай тұра алмайды.

Мысалы, «қазақ­стандық ұлт» доктринасына зиялылар қар­сы болып, өре түрегеліп еді, үкіметтің санаспай тұра алмайтынына көзіміз жетті. Бірақ үкімет өре түрегеліп қарсылас­қандарды, әрине, бауырына тарта қой­майды, өйткені ұнатпайды. Бірақ, сен айтқандай, «халық жауы» деп отырғыза алмайды. Өйткені заңды жолмен әрекет етсең, үкімет онымен санасады.

- Осы күні баспасөз бетінде ақын-жазушылар арасында бет жыртысатын жағдай көп орын алып жүр. Мұны зиялы қауымның ұсақталғандығы деп білеміз бе?

- Әдебиеттегі бір ерекшелік - әр заманда пікірталас, дау-дамайдың өріс алып жатуы - заңдылық десек болады. Кеше ғана екі Мұхтардың арасында болған Шыңғыс хан туралы қарама-қарсы пікір таласы - ақын мен жазушының еуроцентристік ой-танымынан туындаған құбылыс. Олардың ойы зиялы қауымға пайдасы бар пікір болды. Өйткені осы қызылшеке таластан соң, Шыңғыс хан туралы қаншама еңбектер жарияланып, ұлы қағанды танып, білуіміз тереңдеп, мәсе­леге жан-жақты еркін оймен қарай алатын деңгейге жеттік.

Немесе  Абай дүние­танымы туралы кришнаиттық таным мен Абай, Шәкәрім мұрасының сопылық поэзияға қатысы жөнінде болып өткен ғылыми-теологиялық тұрғыдағы талас-тартыста ой-таным бойкүйездігін бұзып, біраз нәрсеге көзімізді ашып тастамады ма? Осы себепті ақын-жазушы, ғалымдар арасындағы пікірталасын олардың ұсақ­тап кетуі деп қара­май, пендешілік жағын кешіре отырып, қоғамдық ойға, не ондағы бойкүйез­дікке қозғау салатын күш болар деп шамалаймын.

Бірақ айтыс-тартыста, пікірталаста мәдениеттіліктің, зиялылық үлгі-өнегенің жарасымдылық беріп тұрғаны керек-ақ. Жалпы, «зиялы» сөзіне мән бере қарау керек. Академик, профессор болса да, ол зиялы бола алмайды. Зиялы деп ісі мен мінезі жағынан айналасына нұр шашып, кісілік деңгейі биік жатқан адамшылық жолындағыларды ғана айтамыз.

Былай барсаң қытай бар...

-Қазақ тарих бойы көршілес елдерден көп қасірет шегіп келеді. Енді қазаққа көз тіккен орысқа қытай қосылды. Осыларды алдарқатамыз деп, елдің байлығын бөліп беріп жатқан бүгінгі биліктің саясатына қалай қарайсыз?

- Еуразия аумағында қазақтай үлкен ұлыстың жан-жақты қыспаққа түсіп, қасірет арқалаған халық жоқ шығар. Мұны данагөй ақын аталарымыздың:

Былай барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар.

Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкаң бар.

Былай барсаң қалмақ бар,

Күшіңді еппен алмақ бар.

Былай барсаң қытай бар,

Жапырағыңды бұтай бар, - деп айтқанында қасіретке толы тарихы-мыздың қысқа болса да нұсқа сөзбен терең баяндалуы жатыр. Қалмақ өз түбіне өзі жетті, Қоқан Ресейдің бодауында кетті. Ресей мен Қытай басқыншы империя қалпында қалды. Бірақ қазіргі Қытай тоңмойын Ресейден экономикалық қуаты, рухани тұтастығы жағынан басым түсіп барады. Міне, Қазақстан айдаһар тектес Қытай мен тоңмойын аю сияқты Ресейдің арасында айлалы, баянды саясат ұстамай тұра алмайды. Осымен қатар Қытай мен Ресей - екеуі де көпұлтты мемлекет. Олардың жер көлемін асырып тұрғандар - түрік халықтары мен моңғол тектес халық­тар. Осы себепті екі империя да қытайландыру, орыстандыру саясатын ашық ұстап, қызу әрекет үстінде келе жатыр. Бірақ бұрқ етіп атылатын вулкандай, екі империя ішінде еркіндікке ұмтылған, ұсақ ұлттар қауіп бұлтын қоюлатып отыр.

Ал Қазақстан ескі кеңестік дәуірден қалған стереотиптік ұғыммен көпұлтты мемлекет деп аталып келеді. Тарихи шын­­дыққа жүгінсек, ол  - диаспорасы көп мемлекет қана. Қазақстанда отырған 130-дай этностардың қазақ жерінде ешқандай да үлесі жоқ. Олардың шын   Отаны - автохтонды елді мекен Ресей мен Қытайдың бодандығында жатыр. Осы себепті Қазақстан, қаласаң да, қаламасаң да, көп диаспоралы мемлекет қалпында қала бермек, осылай аталуы тарихи шындыққа да сай келеді.

Ресей мен Қытайға қарағанда, ұлт   саясаты Қазақстанда мүлде басқа бағытта, әлем мақұлдаған ізгі ниетті халықтар достығы негізінде жүргізіліп келеді. Мысалы, Ресейде 1,5 миллион қазаққа ана тілінде бірде-бір мектеп болмаса, Қазақстандағы 4 миллиондай орыстың үлесіне республика бойынша таза орыс мектебі мен аралас мектептерді қоса есептегенде, орыс мектептерінің басым түсіп жатуы немесе 2% өзбектің 46 мек­тебінің болуы кімнің кім екендігін көрсетіп тұр емес пе? Ресей мен Қытай ескіден қалған ең азғын саясаттан заман өзгерсе де қол үзе алмай, орыстандыру, қытай­ландыру саясатын жыл өткен сайын өріс­тетіп, ұлт наразылығын тудырып, іш­тей қарсылықтан жол тауып, түзу жолға шыға алмай келеді.

Міне, осындай аса күрделі жағдайда тарих ұштастырған екі алып көршімен уа­қытқа, жағдайға, орынға қарай аса мә­міле­­герлік саясат ұстануға мәжбүрміз. Осы себепті біздің мемлекет жүргізіп отыр­ған әрқилы, сан салалы саясаттың түпкі сырын ұғынбай, оның арақатына­сындағы алуан түрлі есепке негізделген қарым-қатынасынан нақтылы, дәлелді ұғымымыз болмай, шаптыға берудің реті жоқ.

- Иә, мұндай жағдай жанға батады. Қазір шамасы келген қазақ үлкен қалаларды төңірек­тей көшуде. Ал қалтасы таяз адамдар ауылдың сіңірі шыққан кедейіне айналып отыр. Осы үрдіс жалғаса берер болса, оның ақырынан қауіптенбейсіз бе?

- Иә, жағдайы келген қазақ та, тақыр кедей, жұмыссыз қазақ та үлкен қала­ларға ағылып жатыр. Оны жоққа шығара ал­маймын. Мұның себебі урбанизация мен жұмыссыздықта жатыр. Урбаниза-ция - бүгінгі замандағы болмай қой­майтын объективті үдеріс. Қазақтың қалаға жинақ­талуы - орыстанған қаланы қаза­қыландырмай тұра алмайтын про­грес­сивті құбылыс. Мұны жатырқау­дың жөні жоқ. Жұмыссыздық - дағ­дарыс­тан арыла алмайтын капиталис­тік жолдың даму болмысынан туындайтын заңдылық. Мәселе ескі стереотиптегі қазақ ұғымы­ның заман ағысына бейім­делуінде жатыр. Ал ауыл қазағы - қазақ болмы­сының ұйытқысы. Апайтөс ұлы даланың жерүсті байлығын меңгеруге жетілген таза қазақ­тардың ес жиып, етек-жеңін жинау­дың заманы алдағы болашақ­тың енші­сінде. Оған уақыт керек. Түбінде ауыл қазағының мерейі өсетініне, тамаша заман келетініне сенім мол. Мемлекет қол­дан келген көме­гін жыл өткен сайын жетіл­діруде. Ауыл баяу болса да, көтеріліп келеді. Ауыл жетіл­мейінше, мемлекеттің демогра­фиялық саясатының жүзеге асуы екіта­лай. Тарихта мың өліп, мың тірілген қазақ­тың кемелді болашағына бек сенуге болады. Оған қай жағынан алып қара­саң да, саяси-экономикалық негізде­рдің болуы мені осындай сенімді ойға бөлеп отыр.

 

Жолбике діндер жол кесті

-Иә, Мекемтас аға, қазақ өз отанында өзге ұлттардан бай болмаса да, кем өмір сүрмейтін сол заманды бәрі армандайды. «Қазақ!» - деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тәуелсіз ойы, пікірі бар, бірақ үкіметке «қы­зылкөз» атанып жүрген азаматтардың көбі сол арман үшін арпалысып жүрген жоқ па. Енді әңгімеміздің қорытынды бө­лімін өзіңіздің «Дат, тақсыр!» - дейтін сөзіңізбен түйсек...

- «Дат, тақсыр» дейтін түйінді сөзім - халқымыздың рухани тұтастығына сырттан келген қаптаған жолбике діндердің бірлігімізді ыдыратуға арналған залалды әрекеттерінде жатыр. Бір кездегі қазақ санасындағы рухани тұтастық бүгінде қазақтың қырық құрақ көрпешесіне ұқсап барады. Рухани тұтастықтың жауы осында жатыр. Өйткені діни таным жағынан бөлінген халықтың еш уақытта басы бірік­пейтініне тарих - куә. Мақсат-сана­мыз­дағы қырық құрақ түстің дініміз бен ата салтымыздың үстем түсуі арқылы біркелкі бірегей түске ауысуында жатыр. Мұның жауы қазақ жерінде бүгінгі таңдағы діни ахуалдың орын алуында, яғни бұзы­луына себепкер болып отырған діни-саяси экстремизмнің белгі бере бастауында жатыр (Ақтаудағы, Шешенстандағы т.б.).

Жолбикелердің жолын кесудің айласы - дәстүрлі дінді ұлықтап, ата жолынан ұлттық салт-санасынан адастырмау. Осы себепті мәселенің түйіні рухани тұтастықты сақтауға тіреліп тұрғаны - айдай ақиқат!

- Әңгімеңізге рақмет!


Жұқамыр ШӨКЕ,

«Общественная позиция» газеті (проект «DAT»30 (67) 01 қыркүйек 2010 ж.

 

0 пікір