Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 5752 0 пікір 1 Қазан, 2016 сағат 19:13

АЛЕКСЕЙІМНЕН АЙНАЛДЫМ!

«Мен де көптеген қазақстандық балалар сияқты Сізді әкем ретінде санаймын. Әр баланың арманы болады. Ал, менің арманым бүгін орындалды. Мен Сізбен кездесуді армандаған едім. Белгілі қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО-да «Балқадиша» әнін орындаған. Мен теледидардан осы әнді Сіздің шырқағаныңызды көрдім. Енді мен бұл әнді Сізге орындағым келеді. Сондай-ақ, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінде ән салсам деймін», - деген Качир балалар үйінің түлегі, музыкалық мектептің тәрбиеленушісі Алексей Лодочниковты  Нұрсұлтан Назарбаев «Сен менің серіктестеріме қарағанда қазақ тілінде жақсы сөйлейсің», - деп ел тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай Астанада өтетін концертке шақырды. 

Алексей бауырыма риза болдым! Елбасы өте дұрыс істеді, концертке келсін, саханаға шығып ән де шырқасын!

Енді осы жерден келіп, ТІЛ деген мәселе туралы тіліміз тағы қыши бастайды.

Мен кесіп айтар едім, Қазақстанда тілдің мәселесі жоқ! Ол Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабымен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп баяғыда шешіліп қойған!

Ал, ТІЛДІҢ шырқын бұзып жүрген кімдер?!

Өзі айтыпты ғой Алексейге, Елбасының «серіктері»!

Кезінде Мәскеуден оқыған, қазір биліктің ұшар басына таяу жүрген бір топ бар. Жастары елуден енді-енді аса бастаған қулар. Бар пәлені бүлдіріп отырған солар! Өмірі Ақорда мен Үкімет үйінен аттап баспаған. Сыртқа шықса да, облыс орталығынан қайтады бұлар. Сана-сезімдері, көзқарастары өспеген, тәуелсіздіктің сонау алғашқы бесінші жылында қалып қойған. Қазақтың қайда барғанын, қай биікке көтерілгенінен хабары жоқ! Есіл-дерті – Ресей! Орыс! Орыс қайда?! Орыстың уысынан қазақ шығып кеткелі қаша-а-а-а-ан!?

Шынын айтсақ, бүгін Қазақстандағы қазақ тілінің ғана емес, қазақтың бүкіл мәселесі өз шешімін тапқан. Айталық, сан жағынан еліміздегі қазақ ұлтының салыстырмасы 70 пайыздан баяғыда асып кетті. Бүкіл шегара әлемдік талапқа сай бекітілген. Жаңа астана салынған. Нарықтық экономикаға төселдік. Біріккен Ұлттар ұйымына, Халқаралық Сауда ұйымына мүшеміз. Қысқасы, ХХІ ғасырдағы бір мемлекетке қажеттінің бәрі бар, біздің елде. Оны жасаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев! Ұлттың Ұлы Атасы! 25 жылда жасап үлгірді.

20 пайызға жетер-жетпес орыс қалыпты. Кеткісі келгендері, өздерінің тарихи отандарына әлде де кете береді. Онда тұрған дәнеңе жоқ, жолдары болсын! Ал, қалғандары бүкіл тағдырын Қазақстанға сеніп тапсырған орыстар. Тәуелсіздіктен кейін туғандары қазақ топырағына кіндігі байланған үшінші, не төртінші ұрпақ. Олардың менталитеті қазақы. Қазақ тіліне деген құштарлығы тіптен күшті. Жекелеп сөйлессең, үштен екісі қазақша біледі. Алексей секілділері тіпті көп. Бірақ, солардың қазақ тіліне деген ынтасын басып, діңкесін құртып тұрған манағы Нұрекеңнің «реформашыл» серіктері! Орысыңды қаққысы келмейтін отандастарымыздың алдына әкеп орыс тілін тартады да тұрады, тартады да тұрады!

Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам оқушы қабылдады. Соның 89 пайызы қазақ сыныбын талдапты.

Қысқасы, есі болса, Нұрекеңнің «реформашыл» серіктері осыдан-ақ қазақтың қайда кеткенін сезуі керек қой! Бірақ, бұл – олардың соңғы тұяқ серпуі, тал қармауы екенін біз біліп, күліп отырамыз.

Сол үшін Қазақ тілінің болашағынан алаңдауды қою керек! Осыны елге ұқтырған Алексейімнен айналдым!

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616