Жұма, 19 Сәуір 2024
Елім-ай 2754 0 пікір 2 Қазан, 2016 сағат 00:00

БАЙҚОҢЫРДЫҢ БЕРЕКЕСІ АРТА БЕРМЕК

Қазақстандық балалар күні кешеге дейін мектепте «Президентіміз – Путин» деп сабақ өтетін. Тәуелсіздік алдық, азаттыққа қол жеткіздік деп бөркімізді аспанға атып жүргенімізді қайтейік, егер өзіңнен туған ұлың өзге елдің басшысын президентім деп танып, әнұранынын айтып, туына тәу етіп жатса. Бұлай болуының себебі неде? Байқоңырдағы барлық мектеп қазақстандық стандартқа сәйкес оқытпайтын. Ресейдің негізінде білім беретін. Мектептері де, оқулықтары да Қазақстанның иелігінде емес-тін. Содан келіп жер кіндігі саналатын жұлдызды қалашықтағы балалар «Президентіміз – Путин» демегенде қайтсін?!, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі.

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр уақыт толғанға дейін осылай болып келді. Сең екі жыл бұрын ғана қозғалды. Содан Қазақстан мен Ресей арасында Үкіметаралық комиссия құрылып, Байқоңырдың мәселесі қайта қарала бастады. Қос елдің Үкімет мүшелері бірнеше отырыс өткізіп, қаладағы проблемаларды бірлесе шешудің жолдарын қарастырды. Соның нәтижесінде Байқоңыр қаласында 6 мектеп пен бір балабақша қазақстандық стандартта білім беруге көшті. Соңғы Мәскеуде өткен мәжілісте біраз мәселе шешімін тапты. Ресей тарапынан Үкімет төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин және Қазақстан жағынан сол кездегі Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық жасады. Мәжілісте «Байқоңыр» кешенінің қызметіне және біріккен жобаларды жүзеге асырудың көкейтесті мәселелері, сондай-ақ кешенді бірлесіп пайдалану жөніндегі «Жол картасының» орындалу барысы, Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай ауылдық округтерінің инфрақұрылымын дамыту, кешеннің нысандары мен мүліктерін сақтау мәселелері қаралды.

Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес Бай­қоңыр қаласында 2007 жылы Қазақстанның есебінен 80 орындық перзентхана, ауысымына 100 адам қабылдайтын әйелдерге кеңес беру үйінің құрылысы басталған еді. Құрылыс 2010 жылдың соңында аяқталды. Бірақ Ресей тарапы әртүрлі себептермен ғимаратты өз теңгеріміне алуды осы уақытқа дейін шегеріп келеді. Ал 2015 жылдың тамызында Ресей үкіметі ресми түрде оны өз теңгеріміне алудан бас тартты. Мұндай жағдайда Қазақстан тарапы осы нысан негізінде қазақстандық азаматтарға қызмет көрсететін медициналық мекеме ашуға дайын екендігін білдірген еді. Осы мәжілісте бұл мәселе түпкілікті шешімін тапты. Облыс әкімдігінің бастамасы бойынша үкіметаралық комиссияның мәжілісі шеңберінде Байқоңыр қаласында қазақстандық медициналық ұйым ашу жөнінде шешім қабылданды.

Аталған емхана тамыз айынан бастап өз жұмысына кірісті. Орталық ғимаратының құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Солтүстік аудандарда тұратын 240 мың халық енді дертіне шипа іздеп облыс орталығына сабылмайтын болды. Барлық медициналық көмек Байқоңыр қаласында жасала береді.

Мәскеудегі мәжілісте «Байқоңыр» кешеніндегі 14 нысанды Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру мәселелері қаралды. Олар шағын және орта бизнестің дамуына және Байқоңыр қаласы тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қызмет етеді. Айналасы аз ғана уақыт­тың ішінде алты мектеп пен бір балабақша Қазақстан тарапына өтіп, бірнеше ауданға қатар қызмет көрсететін медициналық орталық ашылып, ондаған нысан біздің иелігімізге берілді. Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі. Ал осыны елдің берекесі демей көріңіз?

Ержан БАЙТІЛЕС

Abai.kz

0 пікір