Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 5232 0 пікір 2 Қазан, 2016 сағат 10:44

ЕЛБАСЫ КЕЛЕ ЖАТЫР...

"Елбасы келе жатыр" деген хабар жетсе болды, шенеуніктерден маза кетеді. Бұрын-соңды жөндеу көрмеген жолдар жөнделіп, ескі үйлердің сырты ақталып, көшелер тазаланып, бүкіл халық болып әбігерге түсіп-ақ жатқаны. Бұл - бұған дейін де талай айтылған, талай жазылған мәселе. Десек те, осы жолы қызылордалықтардың дайындығы талай қазақты таңдай қақтырып жатқан көрінеді. 

Кеше КТК арнасы Елбасын тағатсыздана күткен қызылордалық шенеуніктерді сын тезіне алды. Президенттің сапары қарсаңында жергілікті атқамінерлер шаһардың кемшіл тұстарын жасырып әлек болып жатыр екен. Тек жақсы қырынан көрінуді қалайтын олар құлағалы тұрған үйлердің сыртын, яғни көше жақ бетін жартылай бояп, жол бойындағы ескі ауылды мүлдем қоршап тастапты. Қазір көше жақ беті бүтінделгенмен, іші адам шошырлық үйлер құлағалы тұрған көрінеді.

Қызылорда сапары барысында президентті Титов қыстағы маңындағы әйнек зауытына апару жоспарланған екен. Енді жолай сұрқы қашқан сол ауылды мәртебелі мейманға көрсетпеу үшін әкім-қаралар қаңылтыр дуалмен қоршап тастаған.

Бір кездері осы Қызылорда облысы Президент келерде мұғалімдерге көшенің шөбін жұлғызып, елді дүрліктіп еді. 

Бұл жолғы көзбояушылық та біраз шындықтың бетін ашатын болды. 

Мұндай дайындық тек Қызылордада ғана жасалмайды. Президент баратын мекеннің бәрі Елбасы келерде шала-шарпы болсын жөндеуден өтіп, беті бері қарап қалатыны белгілі. Осындай жағдайларға қарап отырып, "Шіркін, Елбасы бүкіл Қазақстандағы ауыл-аудандардың бірін қалдырмай аралап шықса ғой. Талай жерге көрік кіріп, әдеміленіп қалар еді" деп ойлаймыз. 

Жалпы, кейде бізге шенеуніктер халық үшін емес, Елбасы үшін ғана жұмыс жасайтындай көрінеді.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір