Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 4067 0 пікір 3 Қазан, 2016 сағат 18:35

«М.БОҚАЕВ ПЕН Т.АЯННЫҢ ІСІ». СОТ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ҚАРАУДЫ БАСТАЙДЫ

Мінеки, 5-6 айдан кейін біз биылғы «көктемгі қаһармандар» туралы әңгімеге қайтып оралып отырмыз. Иә, олар туралы көп жазылды, қазақстандықтардың мұндайға бей-жай қарай алмайтын бөлігі сол «қаһармандардың» әрекетін белсенді талқылағаны белгілі. Әлбетте, біздің әңгімеміз жұрт алдындағы  ұран сөздері мен үндеулері әлеуметтік желілерде халықтың қызбалығы мен өсек-аяңын туғызған Макс Боқаев пен Талғат Аян туралы болмақ.

 М. Боқаев пен Т. Аян не үшін қамалды?

Естеріңізде болса, Макс Боқаев пен Талғат Аян заңсыз ереуіл жасап, алаңға құзырлы органдардың рұқсатынсыз шыққандары үшін қамауға алынды. Ал оларға тергеу органдары қандай айыптар тақты? Осының анық-қанығына көз жеткізуге тырысып көрейік. Атап айтарлығы, әу бастан-ақ, яғни, 24-інші сәуір күні шеру ұйымдастырған сәттен бастап күні бүгінге дейін кімнің айтқан сөзі шындық, кімнің кінәсіз екенін, сондай-ақ Макс Боқаев пен Талғат Аянды не үшін қамауға алғанын және оларға қандай айыптар тағылғанын түсіну қиын болды. Алайда арада біршама уақыт өткенде істің ақ-қарасы айқындалды. Қоғамның назарына іліккен қылмыстық істің «қара дақтары» жойылды. Себебі тергеу органдары көптомдық қылмыстық істі жинап, тиянақты тергеу амалдарын жүргізді. Соның нәтижесінде біз көбінесе өз еліне деген адал ниет, патриотизм мен сүйспеншіліктің арғы жағында теріс пиғыл мен жеке бастың пайдакүнемдік мүддесін көздеушіліктің жатқанына көз жеткіздік. Және мұндай мүдденің жұрт алдындағы ұрансөздермен ешқандай байланысы жоқтығын білдік.

«Атың шықпаса жер өрте...»

 Енді оқырмандарға түсінікті болуы үшін, барлық оқиғаларды рет-ретімен баяндайық. Биылғы көктемде жер реформасы бойынша заңнамаға енгізілетін өзгерістер біздің қоғамда қызу талқыланды. Жеке басының қоғамдағы танымалдығын арттыруды ойлаған Макс пен пайдакүнемдік пиғылды көздеген Талғат «темірді қызған кезде соғып», осы «сәтті» оңтайлы пайдаланды. Олар жалған ақпарат тарату арқылы өздерінің жарияланымдарында жер заңнамасына енгізілетін өзгерістерді өтірік түсіндірді. «Атың шықпаса жер өрте» демей ме, соның нәтижесінде «аттарын шығарды». Қазіргі кезде олардың есімдерін бүкіл ел біледі. Бірақ әр нәрсені дұрыс ойлайтын адамға мұндай «танымалдылықтың» қажеті не? Айтарлығы, бұрын есімдерін ешкім білмеген екі адамның моральдық, материалдық қолдаусыз Атырау облысы халқының көп бөлігінің басын қатыруға амал жасады дегенге күмәніміз көп.

Заңды бұзған «белсенділер» диалогқа көнбеді

Жоғарыдағыға қосатынымыз, тергеу материалдарынан белгілі болғандай, М. Боқаев пен Т. Аян жеке басының мүддесін көздеп, халыққа «Қазақстан Үкіметі Қытайға 1 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлерін жалға береді» деген жалған ақпарат таратқан. Әлбетте, мұндай мәлімдемелер жұрттың толқуы мен наразылығын туғызғаны бәрімізге белгілі. Атыраулық «белсенділерге» керегі де осы еді. Себебі олар тергеу барысында анықталғандай, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды шиеленістіруге бағытталған жаппай наразылық акцияларын жоспарлаған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтен алған қомақты қаражатты іске жаратты. Атап айтқанда, олар Атырау қаласындағы Махамбет пен Исатай атындағы алаңда (бұл жерде бұқаралық іс-шаралар өткізу қарастырылмаған) шеру өткізуге әкімдіктің рұқсат бермегеніне қарамастан, заңсыз шеру өткізуге үндеді. Мұндай шерулерді республиканың барлық аумағында өткізбекші болды. Сайып келгенде, М. Боқаев пен Т. Аян өздерінің іс-қимылы арқылы халықтың билік органдарына деген жағымсыз көзқарасын, қытай ұлтының өкілдеріне деген жаулықты қалыптастыруға ұмтылды.

Іс насырға шаба бастаған кезде мемлекеттік органдар «қоғам белсенділерімен» диалог орнатуға тырысты. Бейбіт шеруді рұқсат берілген жерде ұйымдастыруға және Жер комиссиясының жұмысына қатысуға ұсыныс жасады. Алайда «белсенділер» бұған құлақ аспады. Олар керісінше, патриотизм сезімін жеке басының мүддесіне пайдаланып, халықты 21-інші мамыр күні шеруге шығуға үндеді. Осылайша, олар қоғамдық тәртіпті бұзуға шынайы қауіп төндіріп, азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірді.

Істің соңы...

Бұл істің соңы немен тынғаны мәлім. Әсіре белсенділер қамауға алынды. Қылмыстық істің барлық фигуранттары анықталды. Ал Макс Боқаев пен Талғат Аянға Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде қарастырылған бірқатар қылмыстары бойынша айыптар тағылуда. Атап айтқанда, «әлеуметтік, ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, ұлттық ар-намыс пен абыройға тіл тигізу», «қоғамдық тәртіпті бұзуға және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне немесе заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қауіп төндіретін белгілі жалған ақпаратты тарату», «азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне немесе заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекеттің мүддесіне айтарлықтай зиян келтірген заңсыз шерулерді ұймдастыру, өткізу және оған қатысу» деген баптар бойынша айыптар тағылды.

Еліміздің кез келген азаматы заңды бұзса, сол заңның алдында барлық шығатын нәтижелеріне сәйкес жауап беруге міндетті. Макс Боқаев пен Талғат Аян 24-інші сәуірде заңды бұзып, қамауға алынды. Олардың жазықты екені дәлелденуі үшін, тергеу амалдары жан-жақты әрі дұрыс жүргізілді. Мінеки, енді тергеу аяқталып, сот қылмыстық істі қарауды бастайды. Соның нәтижесінде сот өзінің үкімін шығарады.

Кемел Тортаев

Abai.kz

 

 

 

0 пікір