Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 4875 0 пікір 5 Қазан, 2016 сағат 15:15

КӨМУЛІ ҚАЗЫНА - 1

«Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген нақыл негізінен дүниеге қатысты айтылады. Соған орай, алтын іздеп дала кезіп кеткендерді санап түгесе алмайсың. Ондайлар әлі күнге дейін толастар емес. Жалпы адам баласы іздер байлық, қазына – алтынға баланады. Ал жазатайым сол қазына үстіне түскендер болса, өзін өзі ұстай алмай, ақыл-есінен ажырап қалады. Сондықтан жасырылған ол қазына көп адамға нәсіп бола бермейді. 

Бір адам көрші елдегі бір үй ауласында көмілген қазынаны ылғи түсінде көреді екен. Қайта-қайта көре берген соң әлгі қазынаға қол жеткізбек болып жолға шығады. Түсінде көрген үйін жаңылмай тауып, діттеген жерін енді қаза бергенде үй иелері байқап қалып, қолға түседі. Не керек, ұры деп танылып, абақтыға қамалады. Оны тергеп, мән-жайға қаныққан абақты басшысы оған: «Сен де қайдағы бір түске сене береді екенсің. Мәселен мен де түс көремін. Түсімде сенің еліңдегі бір үйдің ауласында көмілген қазына бары маған да мәлім болады. Бірақ оны іздеп барған емеспін» деп, әлгі көмілген қазынаның қай жерде екендігін тәптіштеп айтып береді. Бұл оның әңгімесінен ол жердің өз үйінің ауласы екенін біледі. Абақтыдан босай салысымен үйіне жетіп, әлгі жерді қазса, шынында да көмілген қазынаға тап болады. 

Мұндай қазына іздеушілерге қатысты әңгімелер түйінін аталарымыз «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бір ақ қайырған. Себебі... Иә. Қазына – біздің өз ішімізде. Бар адам соны іздейді. Ол қазынаны әр адам әр қилы атап, соған қол жеткізуге бар өмірін сарп еткенімен, ол қазына бәрібір арман күйінде қала береді. Себебі, қазына іздеушілердің бәрі әлгі түс көргіш адам сияқты «көрші ел» ауласын шиырлаумен болады. 

Рас, іштегі қазынаға да қол жеткізгендер бар. Оларды біз «Әулие» деп атаймыз. Ол «қазынаға» қол жеткізгендер біз іздеп жүрген қазынаға көз қырын да салмайды. Себебі оларға нәсіп болған қазына... Еш адам оған бірден қол жеткізе алмайды. Оған көтерілер баспалдақтар бар. Әр баспалдақта әлгі «қазына» әсері сезіліп отырады. Алғашқы баспалдаққа аяқ басқан кезде-ақ өзін-өзі ұстай алмай талып түсетіндер де бар. Жоғарғы мақам (баспалдақ) ғұламасымен рухани әлемде түйісіп қалып, жоғарыдағы «қазынаның» сол мақамдағы әсеріне шыдас бермей, қайтыс болып кеткендер де бар. «Қазынаның» өзіне қол жеткіздім деп ойлаған Мансұр Халлаждың «Әннал Хақ» (Мен Алламын) деп айқайлап жібергенін де діндар қауым жақсы біледі. Алайда, Мансұр Халлаж басқан баспалдақ та соңғы шек емес. Жалпы рухани қазынаны іздеушілер жайын осы өмірдегі қазына іздеушілермен салыстыра бағамдауға болады. Мән берсек, әуелі қазына іздеушілер легі көп болады да, олар жолшыбай кездескен қиындықтарға қарай біртіндеп азая түседі. Кейбіреулер тиын-тебенге, тағы бірі бір түйір алтынға ризалық танытып жатады. Ал қазынаға жақын қалғанда адамдар көңіл ауаны бұзыла бастайды. Бұл – екі қазынаны іздеушілерге де тән мінез.

Иә, бәріміз жолдамыз. «Қазына» – әудем жерде тұр. Білген жөн. Ол – біздікі емес. Егесі бар. Біз Қазынаны, Аманатты, Өзімізді сол Егесіне тапсырамыз. Иә, қазына – ол бізбіз. Хадисте «Өзіңді танысаң – Алланы танисың» делінетіндігі сондықтан. Біз соны іздеуге, соны табуға міндеттелгенбіз. «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан» дегенде біз сол «қазынаны» қаперге аламыз. 

Ал біз өзімізді тани алдық па? Тану үшін... Иә. Әлгі «көмулі қазыналар» туралы хиссаларға мән беру керек. Ол көмулі қазына барлық уақытта болған. Әлі де бар. Тек ізде.

Құдияр Біләл

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір