Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3208 0 пікір 3 Қыркүйек, 2010 сағат 06:09

Мұстафа ШОҚАЙҰЛЫ: ҰЛТШЫЛДЫҚ ИДЕЯСЫ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ЖАНЫ МЕН ЖҮРЕГI

Ғұмырының жартысына жуығын жат жұртта өткiзген Мұстафа Шоқайұлының ұлтқа еткен еңбегi ұшан-теңiз. Өкiнiшке қарай, оны танып-бiлуде бiздер шабандық танытып отырмыз. Өзiнiң саналы ғұмырын бүкiл түркiлердiң бiрлiгiне арнаған Мұстафаның ұлтшылдығына қайран қаласың. Бiрде Германияда бiлiм алып жүрген Айтжан Досанов деген студент Мұстафаны iздеп барады. Мәрия апамыз қарапайым студент жiгiтке ет асып, құрметтеп күтедi. Айтжан аға кетерiнде Мұстафа оған Германиядағы оқушыларға бiраз уақытқа жетер деп бiр сөмке ақша бередi. Алаш арысының осы бiр әрекетiнен бүгiнгi Қазақ зиялылары үлгi алса жөн болар едi-ау. Сондайда Мұстафа Шоқайдың аруағымен мұңдасып, жүрегiңе еңбектерiнен дауа тапқың келетiнi бар...

Ғұмырының жартысына жуығын жат жұртта өткiзген Мұстафа Шоқайұлының ұлтқа еткен еңбегi ұшан-теңiз. Өкiнiшке қарай, оны танып-бiлуде бiздер шабандық танытып отырмыз. Өзiнiң саналы ғұмырын бүкiл түркiлердiң бiрлiгiне арнаған Мұстафаның ұлтшылдығына қайран қаласың. Бiрде Германияда бiлiм алып жүрген Айтжан Досанов деген студент Мұстафаны iздеп барады. Мәрия апамыз қарапайым студент жiгiтке ет асып, құрметтеп күтедi. Айтжан аға кетерiнде Мұстафа оған Германиядағы оқушыларға бiраз уақытқа жетер деп бiр сөмке ақша бередi. Алаш арысының осы бiр әрекетiнен бүгiнгi Қазақ зиялылары үлгi алса жөн болар едi-ау. Сондайда Мұстафа Шоқайдың аруағымен мұңдасып, жүрегiңе еңбектерiнен дауа тапқың келетiнi бар...

- Мұстафа Шоқайұлы, Сiздiң орыс отаршылдарына қарсы күрескен батыл әрекеттерiңiздi бiздер мақтанышпен еске аламыз. Өкiнiшке қарай, қазiргi кезде көптеген зиялылар Сiз сияқты күрескерлiк танытпай отыр. Сiздiң ойыңызша "Зиялы" деп кiмдердi айтуға болады?
- Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiңде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн зиялы деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың "ұлттық зиялысы" қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады.
Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бiр болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi.
- Өз сөзiңiзде "халықты ұлт деңгейiне көтеру" деп қалдыңыз. Базбiреулер ұлттан халықтың деңгейi жоғары деп ойлайды...
- Атақты алман философтары Кант пен Фихтелер: халық бiрiн-бiрi және өзiн-өзi басқара алмайтын, басқалардың басқаруында ғана болатын тобырлар. Ұлт - басқаларға тәуелдi болмаған, өзiнiң мекемелерiне ие және өзiнiң бiрыңғай мүддесi бар халықтар жиынтығы деген. Философияның тұжырымдауынша, халық - объект, ұлт - субъект.
Дүниежүзiнде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтiк халық бұқарасы бiрлiгi ешқашан болған емес. Сондай-ақ, халық бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе iстей алмайды. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни оны жат үстемдiктiң тепкiсiнен құтқарып, өз мекемелерiне ие, тәуелсiз бiр жеке тұлғаға айналдыру сынды негiзгi мақсатқа жету үшiн, ұлттық зиялы қауым мен ол өзi тән болып отырған халық бұқарасы арасында бiр ортақ сана болуы тиiс. Мiне, осы сананы айқындау, яғни халық тiлегiн дұрыс және анық бiр формаға келтiру, аталған мақсатқа жету үшiн iс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың мiндетi.
Зиялылар қауымы өздерiнiң тарихи мiндетiнiң мүддесiнен шығуы үшiн не iстеулерi керек? Әлбетте, тек жүктелген мiндеттердi атқарумен ғана шұғылдану жеткiлiксiз. Зиялылар өз халқына қызмет етудiң, халықпен ортақ тiл табыса бiлудiң неғұрлым тиiмдi жолдарын таба бiлулерi тиiс.
- Шығыс һәм батыс тәлiм-тәрбиесiн алған зиялыларда қандай айырмашылық бар?
- Батыс тәрбиесiн алған зиялыларымыздың аянышты жерi - рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы едi. Батыс тәрбиесi көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дүниесiне сiңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан "шығыс зердесiнен" айырды. Олар, яғни Батыс тәрбиесiн алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған бiлiмдерiн өз халқының өмiрiмен (Шығыс зердесiмен) бiрлестiре алмады.
Бiз, әрине, бұл арада "Шығыс рухы" дегеннiң ғылыми, философиялық мағынасына тоқталып жатпаймыз. Бiздiң күресiмiз үшiн осы "шығыс рухы" "ұлттық рухымыз" болуын және бiз қызметiн атқарып, тiлеуiн тiлеп - халқымыздың тұла бойын осы шығыс рухы кернеп тұрғанын бiлуiмiз жеткiлiктi.
Осы орайда өз тарихымыздың орыс тепкiсiнде өткен ерекше мынадай бiр мысал есiме түсiп отыр.
Шоқан Уалиханның трагедиясын еске алып өткiм келедi. Шоқан өткен ғасырдың орталарында, Түркiстан орыстар тарапынан жаулап алынғанда өмiр сүрген. Аса дарынды, мол бiлiмдi көсем боларлық деңгейге көтерiлген қыр баласы, орыс (Батыс) ықпалында өстi. Ол өз дәуiрiндегi орыстың атақтыларымен, мәселен, Достоевскиймен жақын қатынаста болды.
Шоқан орыс өкiметiнiң құпия агентi ретiнде Шығыс Түркiстанға сапар шектi. Түркiстан Сiбiрiне жорық жасап жатқан қанiшер орыс генералы Черняевтiң қол астында бiраз уақыт қызмет атқарды. Мұнысы ұзаққа бармады. "Батысшылдығы" оны өте пұшайман жағдайға душар еттi. Черняевпен қоштасты. Петербургқа барудан бас тартып, қырға ауылға кеттi.
Бiздiң ғасырымыз Шоқан дәуiрiне қарағанда мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз едi. Және оның алдында халқын ұлт деңгейiне көтеру мiндетi де тұрған жоқ болатын. Бұл мәселенi ойдан шығарып алған жоқпыз. Тарих пен өмiр қажетi, оянған халықтың мағыналы түйсiнулерi осы бiр маңызды мiндеттi бiздiң алдымыздан шығарып отыр.
- Бүгiнде көптеген азаматтар, тiптi зиялы қауым өкiлдерiнiң өзi ұлтшыл болудан өлердей қорқады. Сiз ұлтшылдықты қалай түсiнесiз?
- Ұлтшылдық идеясы - халқымыздың жаны мен жүрегi. Ұлтымыз өмiр сүрсе, ол да өмiр сүредi. Бұл күнде бiздiң бiр ғана жолымыз бар. Ол - ұлтты құтқару жолы. Бiздiң мұратымыз - ұлттық тәуелсiз Түркiстан. Ұлтшылдық бiздiң, соның iшiнде менiң де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, бiздiң барлық iс-қимылымыз өз билiгiмiздiң өз қолымызға өтуiн қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек.
- Сiз айтып отырған ұлтшылдықты кейбiреулер шовинизммен шатастыруда...
- Большевиктердiң атамекенiмiздегi ұлттық қозғалысқа қарсы қолданып отырған ең залалды құралдарының бiрi - бiздi "ұлттық шовинизммен" айыптауы болып табылады.
Өзiнiң ұлттық құқығын аз да болса қорғағысы келетiн кез келген түркiстандықты большевик узурпаторлары "шовинист", "төңкерiс пен пролетариаттың сатқыны" қатарына жатқыза салады. Осындай түркiстандықтар партия мүшесi болса, партиядан аласталысымен үкiм шығарылады да, керi төңкерiсшiлдерге қарсы большевиктiк тәсiлмен оқ атуға жаны құмар әуесқойлардың нысанасына айналады.
- Жалпы шовинизм дегеннiң не нәрсе екенiн оқырмандарымызға түсiнiктi тiлмен айтып берiңiзшi...
- "Шовинизм" деп басқа ұлттардың мүдделерi есебiнен ұлтшылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмiрлiк мүдделерiн тек өз ұлтының мүддесi үшiн құрбан етудi айтады. Шовинизмнiң бой көрсетуi үшiн шовинизммен айыпталып отырған ұлт өзi өмiр сүрген елде үстем орынды иемденуi, мемлекеттiк билiктi қолында ұстауы шарт.
Олай болса түркiстандықтарды шовинизммен айыптау үшiн, ең алдымен, оларда осы айтылғандай алғышарттардың бар-жоғына назар аударған жөн болар едi. Түркiстандықтарды шовинизм дертiне шалдықтыратын алғышарттар мүлде жоқ екенiн бiрден кесiп айтуға тура келедi.
Түркiстанда билеушi ұлт - орыстар. Сондықтан әкiмшiлiк те солардың қолында. Бұрындары бұл әкiмдер жәй ғана орыс, ұлы орыс деп аталатын едi. Қазiр олар орыс пролетариаты, орыс төңкерiсшiл жұмысшы-шаруалары деп аталады.
Бұрын Түркiстан және Түркiстан түрiктерiнiң ұлттық мүддесi Ресей мен орыс халқына тәуелдi едi. Ендi бүгiн атамекенiмiздiң мүддесi кеңестiк Ресейдiң төңкерiстiк орталығына тәуелдi.
- Орыс шовинизмi бiздерге қаншалықты қауiптi?
- Бұрын орыс шовинизмi жыртқыш сипаттағы ұлтшылдық болатын. Қазiр ол "төңкерiсшiл шовинизм" түрiнде көрiнуде.
Орыстардың үстемдiгiне қарсы күресiп, өз халқын, атамекенiн орыстармен бiрдей деңгейге көтеру үшiн ұмтылып отырған түркiстандықтарды шовинизммен айыптаудың қисыны бола қояр ма екен? Әрине, болмайды.
Атамекенiмiздiң ұлттық құқығы жолында жүргiзiп жатқан күресiмiз тiптi, кейде "демократияның шекарасын" аттап кеткен күннiң өзiнде ешкiм бiздi шовинизммен айыптауға қақысы жоқ.
Бiз ұзақ жылдар бойы зынданда отыруға үкiм етiлген күнәсiз адам сияқтымыз. Мұндай халге душар болған тұтқын қайткен күнде де зынданнан құтылудың амалын қарастырады. Терезедегi темiр торды кесiп тастауға, зындан күзетшiсiн ұрып-жығуға дайындалады. Осындай батыл қимылдарына бола ондай адамды "там тесер ұры" немесе "баскесер қарақшы" деп таңбалау дұрыс болмас едi.
Энгельс кезiнде Ресейдi "халықтар түрмесi" деп атаған едi. Ресей қазiр де халықтар түрмесi күйiнде қалып отыр.
- Билiктi қолына ұстап отырған ұлт қана шовинизмдi жүргiзе алады дейсiз ғой...
- Мiне, сол үшiн де бiз орыс билiгiнiң барлық түрiне кектене қараймыз. Оның тiзгiнiн қолдарына ұстап отырғандарға қарсы күресiп жатырмыз және бұдан соң да күресе беретiн боламыз. Мұнда тұрған қандай шовинизм болуы мүмкiн? Егер бiз өзiмiздiң ұлттық үкiметiмiздi орнатып бекемдеген шағымызда орыстарды және басқа шағын ұлттарды Мәскеудiң қазiр бiздi "пролетариат диктатурасы" деген желеумен езiп отырғаны тәрiздi езетiн болсақ, мiне сол уақытта ғана бiздi шовинизммен айыптау шындыққа сәйкес келер едi.
Мемлекеттiк билiктi қолында ұстап отырған ұлт қана шовинизмдi жүргiзе алады. Өкiнiшке орай, бiз зынданға тасталған кiнәсiз адамның халiндемiз. Бiз зындан қожайындарына шабуыл жасауымыз, жолымызды тазартуымыз лазым. Бұл - шовинизм емес. Бұл - халқымыздың, ұлттық мұраттары жолындағы күрестiң табиғи бiр көрiнiсi ғана.
- Бiлiктi саясаткер ретiнде айтыңызшы, бiздiң өзге отар елдерден нендей айырмашылығымыз бар?
- Дүниежүзiнде Түркiстаннан басқа да көптеген отар елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбiр шегiп жатқандар аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлi көрген жоқ. Басқаларын айтпай-ақ, тек большевиктердiң ең көп дәрiптеген ұлттық ағарту және әйелдер азаттығы деген мәселелер төңiрегiнде олардың атамекенiмiзде соңғы жылдарда iстеген сорақылықтарының жүзден бiрiн ғана көрсетiп өтейiк. Большевиктердi мұндай сорақылықтарға апарған фактiлер бар. Мәселеге барудан бұрын сол факторларға тоқталып етуге тура келедi.
Халқымыз бен атамекенiмiздiң өркениетiнде көрнектi рөл атқарған Түркiстанның алға басар жәдитшiлерi өз ретiнде әйелдер мәселесiн де ұмыт қалдырмаған едi. Олар өз басылымы - Түркiстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында әйелдер мәселесiнен туындайтын мiндеттерiн де көре бiлдi. Жәдитшiлер заманға бағып, дiни және рухани негiздерге сүйенiп жазған мақала, өлеңдерiнде халық ағарту мен әйелдер теңдiгi мәселелерiн ылғи да көтерiп отырды. Үлгiлi қыздар мектебiн ашу, өз iшiмiзден мұғалiмдердi және басқа да қызметшiлердi дайындау туралы салиқалы пiкiр айтты.
- Мұстафа Шоқайұлы, сұхбатымыздың соңында жас түркiстандықтарға айтар аманатыңыз бар ма?
- Әртарапта бытырап жүрген жас түркiстандықтарды Түркiстанның тәуелсiздiк мұраттары жолындағы қасиеттi күрес майданына топтастыру - Түркiстан ұлттық ұйымының ең маңызды және маңдайалды мiндетi.
Бiз мынаны ұққанымыз жөн. Жас ұрпақ шұғыл түрде ұйымдасып, iстi өз қолдарына алмайынша, Түркiстанның ұлттық мәселесi өз шешiмiн таппайды.
Көтерiлiс - езiлген халықтың езушiлерге қарсы өшпендiлiк сезiмiнiң бiр бұлқынысы, ұлттық және тәуелсiз Түркiстанның рухы мен факторы - жас түркiстандықтар.
Ей, жас түркiстандық! Сен өзiңе жүктелген қасиеттi мiндеттiң ауырлығын және жауапкершiлiктiң үлкен екенiн ешқашан есiңнен шығарма!

(Материалдар: «Мұстафа Шоқай», I-томынан алынды).

Серiк ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, журналист

«Түркістан» газеті

 

0 пікір