Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
46 - сөз 4704 0 пікір 20 Қазан, 2016 сағат 12:25

"ҮРЕЙ-АЛАҢ" АУРУЫ

Ырғалып үйден шықтым. Жұмысқа тезірік жету үшін көшеден такси ұстауға тура келді. Қолымды шошаң еткізуім мұң екен, сүтке тойған торпақтай томпиған «комбби-гольф» шиық етіп тоқтады. 
- Отырыңыз аға! Шопыр жігіт менің түріме үңіле қарап алды да:
- Аға, сізді телевизерден көргем, - деді.
- Қашан?
- Екі-үш ай бұрын.
- Не жайлы хабар еді?
- Дін жайлы...
Расында екі-үш ай бұрын дін-тәрбие тақырыбында түсірілім болып, соған қатысқан едім... Аздан соң шопыр жігіт үн қатты:
- Аға, осы ауырған адам бақсы-балгерге көрінген дұрыс па, әлде дәрігер жөн бе?
- Дәрігерге қаралған дұрыс, қазір медицина дамыған заман емес пе?
- Бақсы-балгер ше?
- Бақсы-балгерде аурудың қанын алып, себебін анықтайтын жеке лобаториясы бар ма екен?
- Жоқ шығар...
- Ендеше, соңғы технологиямен жабдықталған аппараттары бар емхана тұрған да, үшкіріп-түшкіріп, қамшысын шошаңдатып, ең болмаса қарапайым ине салудың не екенін білмейтін балгерге барып нең бар!
Шопыр жігіт үнсіз қалды. Десе де, ішінде бір күдік бар сияқты. Маған бір қарап алды да:
- Аға, осы әулие-әмбиелерден жәрдем тілеген қалай?-деп, солқ еткізіп сұрақ қойды. Мен оның сұрағына қарсы сұрақ қойдым:
- Сенің ойыңша Алла күшті ме, әулие күшті ме?. Ол еш ойланбастан:
- Алла күшті,-деді. Мен сұрағымды әріқарай жалғастырдым:
- Әулие тамақ іше ме?
- Ішеді.
- Ендеше оның қарны ашатын болды ғой... демек ол тамаққа мұхтаж. Ал, Алла тамаққа, ешқандай ішпек-жемекке мұхтаж емес. Шопыр үнсіз ойланып келеді. Тағы бір сұрақ қойдым:
- Әулиені ұстап алып, сабаса оған таяқ өте ме?
- Өтеді.
- Онда әулиеге адамдардың күші жетеді екен ғой... демек ол таяқ жейді, тіпті қатты ұрсаң өліп кетеді, солай ғой?
- Әрине, солай.
- Ал, Алланы сабай аласың ба?
- Қайдағы.
- Ей, бауырым, адамнан таяқ жемейтін, өлмейтін, аса күшті Алла тұрғанда өзің сияқты, екі аяқты адамнан қалай жәрдем сұрайсың! 
Әңгіме осы жерге жеткенде барар жеріме жетіп болдым. Ақысын беріп көліктен түстім. Содан отырып алып асықпай ойландым. Адам баласы қызық, ешқашан өзіне сенбейді, көлденең біреуден жәрдем сұрап, қолдау күтіп жүреді. Мынадай әрекет уақыт өте келе, адамды сенімділіктен, тәуекелшілдіктен айырады. Бұдан да жаманы ата-анасын үлгі тұтып өсіп келе жатқан бала-шаға да әке-шешесі сияқты бірдемеге сиынбаса, тағы бірдемеден жәрдем сұрамаса, көңілі көншімейтін рухани дертке ұшарайды.
Сөйтіп, қоғамдық орта да үрей-алаң пайда болады. Үрей-алаң жұқпалы дерт сияқты бірден-бірге жұғады. Ақырында, адамдар қайдағы бір надан сенімге жүгініп, үрей-алаңның жетегінен шыға алмайды. Бойын үрей-алаң жайлаған пенде уақыт өткен сайын қорқақ, сақ, өсекші, екіжүзді болып қалыптасады. Ал, бойында үрей-алаң жоқ адамның рухы биік болады. Өйткені, надан адамдар сияқты әр нәрседен медет-жәрдем тілеп, рухын аздырмайды.

Бекен Қайратұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір