Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 9340 0 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 12:17

ЖЕР ҚАБЫЛДАМАҒАН АДАМ

Осында бір бейбақтар «Құдай жоқ, быттыбай да сыттыбай, арабшыл, исламшыл, ақмақшыл» деп көсемсіп отыр екен, соларды оқып таң қалдым. Төрлерінен көрлері жақын азаматтар, жазып отырған сөздері ақымақ баланың былдырынан беттер.

Мен мұндай кісілерді бұрын да көрген едім. Самарқанға жақын аудандардың бірі Бұлынғыр ауданы. Сол ауданға қарасты Қарамойын деген жер бар еді. Ол жерде негізінен қыпшақтар мен қоңыраттар тұратын. Біздің анамыздың жалғыз сіңлісі сол жақтағы бір совхозда тұрды. Совхоздың аты қазір есімде жоқ. Халқы түгелімен өзбектеніп кеткен қоңыраттар еді.

Бала кезімде, жаз болса Самарқанға барып, сол ауылдағы бөлелеріміздікінде көп болатынмын. Сонда көресіні көбіне әпкемізге көршілес тұратын менімен аттас, тарихшы мұғалімнен көретінбіз. Бізді бар болғаны руымыз қожа болғаны үшін жек көріп, қараптан қарап дінімізге тиісетін, сөгетін. Ары беріден соң Құдайды боқтап, балағаттайтын.

Ол кісі сол ауылдағы ең белсенді атеист, коммунист, пропогандист белсенді еді. Жұрт біреудің жаназасын шығарып жатса жаназамен жағаласып, Құран оқып отырса өлең айтып, елді ығыр ететін. Біреу «а» десе, «б» деп, бүйректен сирақ шығарып жүретін. Біреу бірдеңе десе арыз жазып, әбден итін шығаратын. Жұрт қорыққандарынан көніп, оған ешкім «мұның не» деп сөйлемейтін.

Ол кісінің ұмытпасам 5-6 ұлы болды. Ұлдары әкелерінің ерсі әрекеттерінен ит болғандары, әбден ығырлары шыққандары сонша, ақыры ол кісіні тыңдамайтын. 

Мен 9-класты бітіріп, Самарқанға бардым. Бірақ ол кезде әпкемізге болмашыға өпкелеп, алаңсыз бармай кеткен едім. Балалық қой, сол жолы әпкеміз іздеп келіп, шақырып кеткен екен, мен тағы да бармай қалдым. «Ұят болады, ұят» деп даңғырлап жүріп, менің бәрібір бармасымды білген соң ағам кетті, менің орныма. Ол кісі туғаннан сол жақта тұрып, әбден өзбекіленіп алған, дәстүрге аса берік кісі. Әлі де сол.

Ағамыз әпкенің үйінен ол күні қайтпады. Ауыл мен ауданның арасы алыс та емес еді, бірақ қонаға келмеді. Ол жақтағы анамыз уайымдап, түннің бір уағына дейін күттік. Келмеді. Ертесіне түс ауа бірақ оралды. Түтігіп кеткен, түрі тіпті шаршаңқы. Оны көріп жеңгемізде шығарға жан қалмады, жүгіріп жүріп шай даярлап, ағамыз тахараттанып келгенше бәріміз дастархан басына жиналып, күтіп отырдық. Апамыз да келді. Сонда ағамыз кешіккен себебін айтып берді.

Әлігі тарихшы-атеист кісінің 10 қаралы қойы болатын. Ол кісі оны одан не көбейтпейтін, не кемітпейтін. Сол қойлары аға барардан бір күн бұрын жоқ болып кетеді. Балаларына «іздеңдер» десе тыңдамайды. Содан ол кісі ашуланып, бір бөтелкеге шалап жасап, құйып алып, «Дәшті» жаққа қойларын іздеп шығады. Ол жақтағы өзбектерде дала тұсты «дәшті» дейтін. Содан бұл кісі кеш орайлмайды, ертесіне күн сәріде бірақ келеді. Не түр, не рең жоқ. Шөлден тілі ісіп, аузына симай салақтап кеткен. Екі көзі қанталап, қып-қызыл болған. Сірәсі, адасып, жетек жетелеп кеткен болса керек. Келе салып шелектегі суға жармасады. Бір шелек суды сарқып ішеді де сылқ құлайды. Содан балалары көтеріп апарып төсекке жатқызады. Бірақ ол кісі еш тілге келе алмайды. Аласұрып, едірең қағып, ұмтылып, бірнәрсе айтпақ болады. Бірақ онысын ешкім түсінбепті. 

Араға аздаған сағат салып, сол едіреңдеген күйі жүріп кетеді.

Өзбектерде бір дәстүр бар. Адам өлсе сүйегі суымай тұрып жерлейді. Бұл кісіні де бесінді оқып, асырға дейін көмбек болады. Сөйтіп жаназасын шығарып, қабірстанға көтерісіп апарады. Қазаның үстінде барып қалған соң біздің аға да жаназаға қатысып, қабір басына барады. Ол жақтың жері жұмсақ, құмсауыт келеді. Сондықтан қабірді лақатсыз, жарма қылып қазады екен. Сол жарма қабірге әлігі кісіні қойса қойған сәтте қабірдің екі жағынан құм сусып, мәйітті жердің үстіне шығарып тастапты.

Адамдар екінші қабірді қазады. Онда да осы уақиға қайталанады. Жаназаға жиналған жамағат дүрлігіп кетеді. Молда оларды тыныштандырып, үшінші жерден қабір қаздырады. Бұл жолы да тап солай болады. Ағамыз айтады «жер ыңырсып кетті» деп. Онысының рас өтірігін кім білген, төртінші қабір де әлігі кісіні қабыл етпейді.

Болмаған соң мәйітті жерге жатқызып, үстіне топырақ үйеді. Балаларының бұған көнбеске шаралары да қалмайды. 

Сөйтіп ел тарап кетеді. Кешке қышлақ ішінде аяқ астынан жұрт азан-қазан болады. Ағалар да далаға жүгірісіп шықша әлігі кісінің сүйегін қорқау қасқыр, не шибөрі емес, ауылдың иттері «көпкар» қылып тартып жатыр екен. 

Жұрт иттерден мәйітті тартып алады. Арасында біздің аға да болады. Содан барша жұрт ақылдасып, бұдан да сор, бұдан да масқара болмас үшін крематориге салып, өртеп жіберу үшін түн жамылып, мәйітті Самарқанға аттандырады. 

Ағам содан шошынып, түтігіп келген екен. Апамыз оны дереу ұшықтап, атынан су ішкізіп, есін жинатып «пақыр сондай адам еді, жер екеш жер де қабылдамаған екен-ау» деді. Мен сонда апамыздан «жер қабылдамау деген не?» деп сұрадым. Апамыз «Бұл болып тұратын уақиға. Құдайдың қарғысы атқан адамды жер қабыл етпейді, шығарып тастайды» деген еді.

Уақыт өте мен әпкемізді іздеп, сәлем бермекке сол ауылға бардым. Жездеміз де, әпкеміз де біраз қарыған екен. Содан сол уақиғаны еске түсіріп, «балалары не болды» деп сұрадым. Балалары «елдің бетіне қарауға бетері шыдамай» толық көшіп кетіпті. Әлгі кісінің даңғарадай кең ауласы, үй-жайы түгел қаңырап бос қалыпты. Ырымшыл өзбектер бәлелі жердің затын алмақ түгілі топырағын да басудан қорқып, үй маңын қара сора мен қайдағы бір ну басып қалыпты. Бала кезді еске алмаққа барып көріп едім, адам тұрмаған соң үй де, қора қопсы да әбден азып-тозып, аңырайып тұрды. Біз алмасын үзіп алып, ұрлап қашатын кәрі алма әбден қартайып, сора-сорасы шығып әлі тұр екен. Жемісінде есеп жоқ. Бірақ оған адам тимек тұрмақ құс қонбайды екен. Болмаса бұл тұщы алма еді. Әлі піспей тұрып шырын болатын. Біз оны «қант алма» дейтін едік.
Бәрі де қараң қалыпты. Себебі бұл үйдің иесін «ЖЕР ҚАБЫЛДАМАҒАН». 

Мен жұртқа «діншіл, әсіре болыңдар» демеймін. Бірақ «Құдайдан қорқыңдар, Құдайдан қорықпағаннан қорқыңдар» деймін. Себебі Құдайсыз қурайдың басы да сынбайды. Қанша қашсақ та барар жеріміз Оның алды.

Әбдікерім Әбдімомынов

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір