Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4004 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 10:40

Гектарына 24 центнер «ақ алтын» жиналды

Республикамызда мақта өндіруден жалғыз облыс есептелетін Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары биыл дақылдың бұл түрінен мол өнім алуда. Бұл туралы «Abai.kz» порталы ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Биыл Оңтүстік өңірде 109,6 мың гектар жерге мақта шиті егіліп, әр гектарынан орта есеппен 24 центнерден өнім жиналуда. Мақта жинау орындарына қазірге дейін 262,5 мың тонна «ақ алтын» жиналып, межені 94,7 пайызға бағындырды.

Айта кетейік, машақаты көп мақта саласында шаруаларды жыл сайын терілген өнімді өткізу бағасының төмендігі қинайтын. Биыл мақта бағасы біршама көтерілді. Мәселен, өткен жылы шаруалар мақталарын алғашқы кезде 107 теңгеден өткізген болса, биыл 160-165 теңгеден саудалады. Қазіргі кезде мақта сапасының аздап төмендеуіне байланысты 130-145 теңгеден қабылдануда.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бізге берген мәліметіне қарғанда, қазіргі таңда әр ауданның климаттық жағдайына байланысты  2-ші, 3-ші терім науқаны жүруде. Мақта жинау жұмыстарын қараша айының бірінші онкүндігінде аяқтау жоспарлануда. Облыс бойынша мақта жинау жұмыстарының 65 пайызы комбаинмен атқарылады. Ол үшін облыс бойынша 512 комбайн тынбай жұмыс істеуде.

Abai.kz 

0 пікір