Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3905 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 10:41

Әлем тоқымашылары Шымкентте

Шымкент қаласында «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар – MACHTEX-2016» II қазақстандық халықаралық көрмесі мен форумы өтуде. Халықаралық деңгейдегі көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та келді. Ол кісі көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, «Machtex 2016» көрмесі тоқыма өнеркәсібіне арналған Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған іс-шара болып табылатынын тілге тиек етті. Нағыз шеберлердің басын қосқан форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан бөлек, кілемдерімен кіл мықтылар атанған Италия, Қытай, Польша, Ресей, Түркия және Жапония елдерінен 50-ден астам компания қатысуда. Тоғысқан тоқыма  мамандары форумда өздерін кілем патшалығына келгендей сезінуде.

Сонымен бірге, көрме қатысушылары тоқыма өнеркәсібіне арналған жабдық, мата мен ұсақ-түйек заттар, өнеркәсіп компанияларына арналған арнайы киім, сервистік қызмет көрсетуге арналған бірыңғай формалар мен мектеп формасын, ұлттық киім, балалар мен үйге арналған тоқыма және кілем өнімдерін, ерлер мен әйелдерге арналған киім-кешектер ұсынуда.

Бұл форум аясында елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың болашағы мен дамуы жайы және тоқыма өнеркәсібінің инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған тәжірибелік жұмыстар өткізіледі. Форум жұмысына осы саланың 2 мыңнан астам мамандары қатысуда. Соның барлығына да отандық кәсіпкерлермен үнемі байланыста болу, алдағы уақытта тәжірибе алмасу, желілік қарым-қатынаста жұмыс істеу ұсынылып отыр.

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда 2 ірі кілем фабрикасы мен шикі мақта өсіруден мата өндіруге дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Бұлар осы салада өз орындарын тапқан кәсіпорындар. Десек те, әлемдік деңгейге көтеріле қоймағаны шындық. Ал алдағы уақытта осындай халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысу, тәжірибе алмасулардан соң жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерімен шетелдің  іргелі компанияларымен ашық бәсекелесе алатын дәрежеге жетеді деп үміттенеміз. 

Abai.kz

0 пікір