Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4064 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 10:48

Егінімен ерекшеленетін Қазығұртта жылыжай да қанат жайып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысының аграрлы ауданы саналатын Қазығұртта жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл туралы "Abai.kz" порталы ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда көлемі 90 гектарға жеткен жылыжайдан Қазығұрт ауданы дихандары 20 мың тоннаға жуық көкөніс, 4,5 мың тоннадан астам бақша дақылдарын жинады. Жылыжайларда 200-дей азамат еңбек етіп келеді.

«Таулы аймақта жылыжай салуда тұрбаттықтар озып тұр. Солардың бірі «Рахмат ата» шаруа қожалығы. Ел алғысына бөленген ұжым 20 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік 1,6 гектар жерде «Атия» қызанағы мен «Туми» қиярын егіп, бүгінде екінші кезеңнің дақылдарын жинауда. Тұрбат ауылының халқы жылыжай шаруашылығын дамытуға бейімделген. Жиырма гектардан астам жердің әр гектарынан 100 тоннадан астам бау-бақша дақылдарын жинап алып отыр», - деп мәлімдейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазығұрттық дихандар өндірген өнімдерін облыс тұрғындарымен қатар алматылықтар мен астаналықтарды да қамтамасыз етуге қол жеткізген. Ал, жалпы алғанда Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжайлар көлемі мың гектардан асады. Бұл жалпы еліміздің  жылыжайлар секторының 87 пайызы деген сөз.  

Abai.kz

0 пікір