Жұма, 19 Сәуір 2024
Қарбалас 4976 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 22:36

Ойсылқара туралы ой сораптасақ...

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Биыл шiлде айында республика бойынша алғаш рет Талдықорғанда «Қой палатасы», ал, Ақтөбеде «Жылқы тұқымдары» палатасы құрылған болатын. 26 тамызда «Түйе тұқымдарының» республикалық палатасы Оңтүстiк Қазақстан облысының әдiлет департаментiнде заңды тұлға ретiнде тiркеуден өттi.

Таяуда Шымкент қаласындағы Оңтүстiк-Батыс мал және өсiмдiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары бас қосты. Түйе өсiрушiлерге арналған жиынға ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Көпмағамбет Елемесов қатысты.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2016 жылдың басындағы санақ бойынша қазiр елiмiзде 170 500 түйе бар. Оның 10 376-сы (6 пайыз) асыл тұқымды. Бұл көрсеткiш елiмiз бойынша мүйiздi iрi қарада – 17 пайыз, қойда – 13,8 пайыз, жылқыда 7 пайыз екенiн ескерсек, түйе өсiрумен айналысатын шаруашылықтардың алдында мал тұқымын асылдандыру үшiн үлкен мiндеттер тұрғанын аңғаруға болады.

Асыл тұқымды малды баққаны, селекциялық жұмыстар жүргiзiп, талапқа сай өнiм өндiргендерi үшiн тауар өндiрушiлерге жыл сайын мемлекет тарапынан жәрдемақылар (субсидиялар) төленiп келедi. Бұл субсидиялардың шаруашылықтарға қосымша көмек болып жатқаны рас. Дегенмен, түйе тұқымдарының басқа малдарға қарағанда физиологиялық және анатомиялық ерекшелiктерiнiң бар екенiн ескерсек, елiмiздегi түйе өсiрумен айналысатын шаруашылықтардың алдында шешiмiн таппай келе жатқан мәселелер жетерлiк екенi даусыз.

– 2015 жылдың 27 қарашасында ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген болатын. Соған орай бұл күндерi республикамыздың iрi аймақтарында төрт түлiк мал тұқымдарының арнайы палаталары құрылуда. Соның бiрi «Түйе тұқымдарының» палатасы. Бүгiнгi жиынның мақсаты – түйе өсiрушiлерге бұл палатаның атқаратын жұмыстарын таныстыру, мемлекет тарапынан оларға қандай қолдау болатынын жеткiзу, – дедi журналистерге берген сұхбатында К.Елемесұлы.

Палата асыл тұқымды малдың есебiн жүргiзедi, түйе шаруашылығымен айналысатын субъектiлердiң мүдделерiн қорғайды. Тiркеуден өткен мал басының селекциялық және асылдандыру жұмыстарын үйлестiрiп отырады. Палата мүшелерi өсiрген түйе тұқымы малдарының iшкi және сыртқы нарықтағы саудасының дамуына жағдай жасайды, аукциондар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткiзудi ұйымдастыруға қатысады. Түйенiң асыл тұқымына статус, яғни асыл тұқымдылық куәлiгiн беру, сондай-ақ, шаруашылықтарда қажеттi инфрақұрылымды әзiрлеуге жәрдемдесу қызметтерiн де қоса атқарады.

Қазiргi таңда түйе шаруашылығы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан және Жамбыл облыстарында жақсы дамыған. Қыста суыққа, жазда ыстыққа төзiмдi, алпыс күн аштыққа, қырық күн шөлге шыдайтын түйе түлiгi негiзiнен басқа мал түрлерiмен салыстырғанда тиiмдi сала болып табылады. Түйенiң жүнi мен терiсi – киiм, сүтi – сусын, етi – ас.

Жиында бас қосқандар палатаның мақсаттары мен мiндеттерiн, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарын қызу талқыға салды.

Abai.kz

0 пікір