Сенбі, 20 Сәуір 2024
Міне, көрдің бе? 5238 0 пікір 26 Шілде, 2016 сағат 12:04

ПРЕМЬЕРГЕ ҚОШЕМЕТ ЖЕТПЕЙ ЖҮР МЕ?

Дүниежүзінің көптеген саясаткерлерінің арасында әлеуметтік желілерде парақша ашып, онда белсенді жұмыс жүргізу сәнге әм әдетке айналып кеткені жасырын емес. Бұлардың қатарында біздің премьер де бар.  «Инстаграмм» парақшасында жұмыс жүргізудің хас шебері – ҚР Үкімет басшысы Кәрім Қажымқанұлы.

Жұрт күнде көре бермейтін (халық арасына жиі шыға бермейтін), көрмек түгілі маңайына жолай алмайтын премьер-министрдің не істеп, не тындырып жүргенін де дәл осы әлеужелідегі парақшасынан біліп жүреміз.

Жақында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Астанадан Бурабайға қарай велосипедке отырып жолға шығыпты. Үкімет басшысының велосипед тізгіндеген фотосы, оның «Инстаграмдағы» парақшасында жарияланды. Суреттің астына: «Велосеруен» деп жазылған екен.

Қазақстанның премьері осыған дейін де өз «премьерасын» беріп үлгерген-тін. Алматы жұрты атыстн ес жия алмай жатқан кезде желіде Кәрім Мәсімовтің студенттік жылдарындағы видеосы да жарияланған еді. Бұны да сәйкестік болар деп қойдық.

Ал осыдан сәл ертеректе, Астанада өткен дуатлон жарысына қатысып, аяғына екі түрлі шұлық киіп келген «премьер» тағы да желі жұлдызына айналғаны ел есінен ұмытыла қойған жоқ.

Жоғарыда әлеужелілерде белсенді жұмыс жүргізу әлемдік саясаткерлер арасында кеңінен танымалдылыққа айналды дедік. Мысалы, Германия канцлері Ангела Меркел, АҚШ Президенті Барак Обама, Түркия Президенті Режеп Ердоған, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медьведев т.б. басшылар әлеуметтік желінің ең тұрақты қолданушылары. Бұлардың сапында ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те бар. Ал Мемлекет басшысының ресми парақшасы «AkordaPress»-те қазіргі таңда 10 мыңнан астам жазылушы бар екен.

Бұл бір жағынан пиар болса, екінші жағынан әлеуметтік мәселелерді шешудің интерактивтік жолы болып табылады. Сондықтан да Алматы қаласының жас әкімі Бауыржан Байбек мырза әлеуметтік желіде әкімшіліктің ресми парақшасын ашып, онда қаладағы түйткілді мәселелерді шешу үшін тікелей байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде Алматы қаласындағы әлеуметтік проблемалардың 87 пайызы шешімін тапқан.

Ал екінші жағынан әлеуметтік желілерді сурет жариялау құралы ретінде ғана пайдалану адамды психикалық дертке шалдықтырады. Мысалы АҚШ-тың Adobo Chronicles психиатриялық ассоциациясы селфиге, суретке түсуге әуестікті ресми түрде адам психикасының ауытқушылығы деп жариялады. Ассоциация басылымында жарияланған мақалада жаңа дерттің атауы «selfies» деп көрсетілген. «selfies – обессивтік-компульсивтік бұзылу (латынша obsessio – қоршау, меңдету, obsessio – құлай берілу, барын салу, compello – мәжбүрлеймін, compulsio – ықтиярсыз көндіру), яғни үнемі өзін суретке түсіріп, оны әлеуметтік желілерге салып отыру, сөйтіп өзіне жетіспеген құрмет-қошеметтің орын толтыру» деп түсіндірді басылым. 

Үлкен креслода отырған шенеуніктердің әр нәрсеге тәуілділіктері болатыны белгілі. Бірі ақшаға, бірі атаққа т.с.с. Ал біздің премьер әлеуметтік желіге матап тастаған қандай күш? Бәлкім, Мәсімов мырзаға қошемет жетпей жүрген шығар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір