Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 5237 0 пікір 28 Шілде, 2016 сағат 15:28

ШАРДАРАЛЫҚ ШАРУАЛАР ГЕКТАРЫНА 85 ТОННА ЖУА ӨНІМІН АЛУДА

Шардаралық шаруалар гектарына 85 тонна жуа өнімін алуда. Бұл туралы «Abai.kz» порталы «ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне» сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылы соңғы бірнеше жылдың көлемінде бітік өскен жуасымен жұртқа танылып келеді. Голландиялық тәсілмен егетін пияз алқабындағы басты ерекшелік ондағы қол күшінің барлығы техника түрімен алмастырылған. Осылайша шаруалар арам шөпті отау, пиязды қолмен жегене жасау сияқты машақаттардан біржола құтылған.

Сейдулла Доматовтың иелігіндегі «Тұрар» шаруа қожалығы биылғы жылы 30 гектар жерге пияз тұқымын сеуіп, қазіргі таңда өнімді жинаумен айналысып жатыр. Диқандардың көңілдері көтеріңкі, себебі гектар түсімі 850 центнерден айналып отыр. Яғни, әр гектардан 85 тоннадан пияз өнімін алу деген өте жоғарғы көрсеткіш. Жаушықұмның жуасы қазіргі таңда Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларына  тасымалданып, саудаға шығарылып жатыр.

Ал, аудан басшыларының ұйымдастыруымен ауылдан арнайы бекет ашылып, жергілікті тұрғындарға әр келісі 50 теңгеден жаңа пияз өнімдері таратылуда. Базарда пияздың бағасы 80 теңгеден екенін ескерсек, арнайы бекеттегі арзан баға халықтың қалтасына жеңіл тиіп жатқаны сөзсіз.

Сондай-ақ, науқан кезеңінде Созақ ауданында үшжақты келісімде көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары толықтай орындалған. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әубәкір Сахиұлы жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында хабарлады.

Мәселен, 2016 жылдың соңына дейін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1500 бас мүйізді ірі қара малын асылдандыру көзделсе, жыл басынан бері жеті айда асылдандырылған ірі қара басы 1538-ге жетіп, меже 102 пайызға орындалып отыр. Сол сияқты, «Алтын асық» бағдарламасының тапсырмасы бойынша 2000 басқа жеткізу жоспары, 230 басқа артық шығып, 111% орындалды.  Ал, мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы 300 бас болып бекітілсе, қазіргі таңда пайыздық меже 101% құрап отыр.

Бір жылға межеленген жоспарды жеті айда орындап үлгерген Теріскейдің ауыл шаруашылығы мамандары жұмыстар мұнымен тоқтамайды дейді. Мал басын асылдандырамен деп ниет еткен шаруалармен жұмыстар одан әрі жүргізіле бермек.

Абай ақпарат

0 пікір