Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4649 0 пікір 3 Тамыз, 2016 сағат 16:35

ОҚО-да «Ақ орамал» акциясы бастау алды

Елбасының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Ақ орамал» республикалық акциясы Оңтүстікте бастау алды. Бұл туралы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақ елінің тарихында философиялық мағынасы терең «Ақ oрамал» акциясының негізіне дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты алынған. Яғни, әйел-ананың басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастауы олардың жанжалды тоқтатуына себеп болған.

«Ақ орамал» акциясын өткізу арқылы қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.

Осы мақсатта акцияның ұйымдастырушылары Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесіп облыстық №1 перинаталдық орталығында болып, дүниеге нәресте әкелген жас аналарға ақ орамал жауып, сый-сияпат жасады. Дүние есігін жаңа ашқан сәбилер елдің елеулі азаматы болсын деп ақ батасын берді.

«Аналар шаңырақ шуағы» тақырыбында өткен игі шара Неке сарайында жалғасын тапты. Балқия Көмекбаева бастаған ардақты аналар Бәйдібек ауданынан келген Еламан Тұрарбек пен Гүлнаурыз Сейтбектің неке қию салтанатты рәсіміне қатысып, қалыңдыққа ақ орамал тарту етті. Жастарға орамалдың қасиеті жайлы айтып, инабатты келін, ақ жаулықты ана болуға тілектестігін білдірді. Өз кезегінде Гүлнаурыз қазақтың салтына сай орамалды басынан тастамайтын үлгілі келін болуға уәде берді.

Осындай іс-шараларды өңіріміздің барлық аудан, қалаларында өткізу қолға алынатындығы туралы «Қоғамдық келісім» КММ-де өткен аналар кеңесінің кезектен тыс отырысында айтылып, жергілікті жерлердегі аналар кеңестерінің төрайымдарына тапсырма берілді.

Бейбітшілік пен татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Ақ орамал» акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасып, соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын және бейбітшіліктің нышаны ретінде ақ орамалдар қойылып, жалпыреспубликалық ақ орамал таққан аналардың шеруі ұйымдастырылады.

Abai.kz 

 

0 пікір