Бейсенбі, 22 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 109907. Жазылғандар — 105385. Қайтыс болғандар — 1796
46 - сөз 3416 0 пікір 8 Тамыз, 2016 сағат 11:56

"ОРАЛХАН ДӘУІТ ҚАЙТЫС БОЛЫПТЫ"

«Оралхан Дәуіт қайтыс болыпты» деген қаралы хабарды біраз ел естіген сияқты. Әйтеуір жаназаға жиналған адам көп. «Қайсысы келді, қайсысы келмеді, әкімдердің төбесі көрінер ме екен?» деп жан-жағыма қарап қоямын. Күн қақ төбеден шақырайып, жер дүниені жандырып барады. «Қап-әй, а, бұдан гөрі жаңбыр жауып тұрғанда болар ма еді?» деген ой келді... «Пәленшенің жаназасында адам түгілі аспанның өзі егіліп тұрды» деп ел айта жүретін... 

Айтпақшы мен қалай қайтыс болдым өзі?.. Еміс-еміс есімде бар. Періште ме, әлде басқа бір жаратылыс па, әйтеуір, бір елес ұшып келді де «Сіздің бұл өмірдегі уақытыңыз бітті. Енді менімен бірге жүріңіз» деді. Мына сөзді естігенде үстімнен үлкен жүк түскендей, бірден жеңілдеп сала бердім. Тіптен денем рақаттанып, көңілім жадырап қоя берді. «Ойпырмай, шынымен-ақ мына дүниенің барлық қиындығынан, проблемасынан, у-шуынан, жабылған жаладан, адамдардың арсыз өсегінен, қаралаған сөздерінен бір сәтте құтылғаным ба? Енді ештеңені уайымдамайтын болдым-ау» деген ой алға жетелей түсті. Сөйтіп әлгі елеспен ілесіп, соның қатарында кетіп бара жатқам...

Неге екенін қайдам, артыма бір бұрылып қарағым келді... Қарадым... Сөйтіп ем жүрегім сазы-ы-ы-п жүре берді. Білмеймін, жүрегімде бір сағыныш сазы пайда болды. Қай-қайдағыны еске түсіріп, жүйе-жүйеңді босататын өте нәзік әуен... Ойпырмай, мына жарық дүниені қимайтын сияқтымын. Жүрегім жылап жатқандай...

«Сен де осындай ма едің?» деп, әлгі елес жаныма келді. «Жо-жоқ, мен ондай емеспін... Алланың берген осы жасына да ризамын... Жүріңіз, кеттік» деп, әлгі елестің қолынан ұстап кері бұрыла бердім... 
Күн ыстық. Үстіме қабат-қабат мата, кілем жауып тастаған ба? Әйтеуір, үстім өте ауыр, жаншып барады. Тынысым тарыла бастады. 

Міне, ел мені көтеріп ауылдың сыртындағы қырға қарай жүре бастады. «Мен әлі тірімін ғой, мені неғып көмбекші? Сірә, көмейін деп жатқан кезде тірі екенімді білетін шығар, сөйтіп мына құндақтан шығарып алар» деп ойлап қоям. Адамдар абыр-сабыр. «Көрге кім түседі? Ішкі үйін кім реттейді?» деп, бір-бірімен айқайласып сөйлесіп жатыр. 

Міне, ішкі үйіме де кірдім. Осы кезде жүрегім атқақтай жөнелді. «Ойпырмай, мыналар менің әлі тірі екенімді білмей ме? Шынымен-ақ көмейін деп жатыр ма?» 

Адамның басы ғана сиятындай тесікке кірпіштер қаланып, ішкі үй күңгірттене бастады. «Әй, мен тірімін ғой... Жындысыңдар ма, бұларың не?» деп, айқайлап жатырмын. Елең еткен ешқайсысы жоқ. Міне, жарты кірпіштің орнындай ғана саңылау ғана қалды. Сол алақандай тесіктен ар жақтағы адамның қимыл-қозғалысын, ары-бері жүргенін, күңгір-күңгір сөйлескенін бәрін-бәрін естіп-біліп тұрмын... Ар жақтағы адам соңғы кірпішпен тесікті бітей бергенде жан даусым шықты...

- Арыстан, бұл мен ғой... Оралхан... Мен тірімін ғой... 

Арыстан ағам бір сәт кідіріп қалғандай болды. Бүкіл денем терге малшынған. Жылап жатырмын ба, әлде, терлеп жатырмын ба, айыру қиын...

- Арыстан, мен тірімін...

Арыстан ағам алақандай тесікке жақындап кеп, сығалап қарады. Жүзінде қорқыныш әрі таңдану белгісі бар. 

- Арыстан, ашшы тезірек... Өліп барамын...

Ағам қаланған кірпіштерді қайтадан ала бастаған сияқты. Ішке әлсіз салқын леп кірді. Жүрегім қайтадан соға бастады...

Осы кезде оянып кеттім. Келіншегім «Ой, маладес, жақсы терлепсің... Асықпа, қазір үстіңді сүртіп алайын» деп, көрпемді ақырын ашып жатыр. Енді есіме түсті... Қайта-қайта тұмаурата бергеннен кейін келіншегім «Жақсылап терлесең, жазылып кетесің» деп, сол күні қалың көрпеге орап тастаған болатын. Үстіме екі-үш көрпе жауып, басымды қалың сүлгімен орап, тек сығалап қарайтындай ғана тесік қалдырған екен. 

Көрпемді теуіп-теуіп орнымнан атып тұрдым. «Ойбай, тоқтай тұр, үсті-басыңды жақсылап сүртпесе, қайтадан суықтап қаласың» деп, келіншегім бәйек боп жатыр. 

- Сенің бүйткен емің құрысын... - деп, боқтай жөнелдім. -Ендігәрі бүйтіп жасаушы болма...
Келіншегімнің көзі бақырайып түкке түсінбей отырып қалды.

Оралхан Дәуіт

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір