Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 4010 0 пікір 23 Тамыз, 2016 сағат 11:19

РИО-2016: ЕСТЕ ҚАЛҒАН 10 ОҚИҒА

Биылғы олимпиада көптеген оқыс әрі күтпеген оқиғаларға толы болды. Біз ішіндегі ел елең еткендерін таңдап алып, назарларыңызға ұсынамыз.

Рио олимпиадасында ауыр атлеттерден асқан биші болмады. Олай дейтін себебіміз, жеңісті де, жеңілісті де тойлаудың түрлі тәсілі барын сол спортшылардың арқасында білдік. Біздің Нижат Рахимов - 77 келіде олимпиада чемпионы атанған жігіт. Бапкері Алексей Нимен бірге қуанған сәті бәрінің есінде қалған болуы керек. 

Бидің түбін түсірген келесі атлет - Кирибати мемлекетінің Дэвид Катоатоу атты спортшысы. 105 келіде жаттығуын орындап болған соң, оның жасаған қимылы біраз адамның езуіне күлкі үйіргені рас. 

Қуанышты тойлау тәсілдерін әрі жалғасақ. Біз көрмеген эмоция қалмаған болар?! Қуанышты да, көз жасын да, ашынуды да, бапкерінің жауырынын жерге тигізген сәтке де куә болдық. Жапон балуаны Рисако Каваи 63 келіде олимпиада чемпионы атанған сәтте "өнерін" ортаға салғаны бар. Жүрекке жылы тиген сәт - қытай жүзгішінің сүйгеніне сөз салған сәті. Цинь Кэй - олимпиаданың қола жүлдегері. Ал сүйген қызы Хэ Цзы - күміс жүлдегер. Жеңіс тұғырына шыққан Хэге ғашығы үйлену туралы сөз салады. Қыз, әрине, бір ауыздан келісім берді. 

Заң рұқсат етіп тұрса, жеңіске жетудің мың әдісі бар. Мұны Багам аралдарының спортшысы Шона Миллер дәлелдеді. 400 метрге жүгіруден финалда ол алты дүркін олимпиада чемпионын "шаң қаптырып" кетті. Жеңіске жетуге бір қадам қалғанда финиш сызығына секіріп, иығы алдыға шыққандықтан чемпион атанады. Себебі ол ережеге қайшы емес қылық. 

Майкл Фелпс таң қалдырудан жалықпайды. Ол осымен 23-рет олимпиада чемпионы атанды. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш ешкімде болмаған. 24-алтынды алу жолында сингапурлық Джозеф Скулинг кедергі болды. Бірақ елді елең еткізгені бұл емес. Осыдан 13 жыл бұрынғы Фелпспен түскен суреті ғаламторды жайлады. Өзінің кумирін басып озып, Джозеф еліне алғашқы алтынды еншіледі. 

Спортқа деген шексіз махаббаты көрерменді тебірентпей қоймаған бір атлет бар. Рекорд орнатпаса да, чемпион болмаса да - елдің ыстық ықыласына бөленді. Француз Йоанн Дин 50 шақырымды спорттық жүріспен жүріп өтуден сайысқа түсті. Ішек ауруы бола тұра, мақсатынан таймады. Тіпті 30 шақырымдай алдына жан салмаған. Кейін әлсіз тұсы сыр беріп, мәреге сегізінші болып келеді. 

Әділетсіз төрешілерге тап болғандар да көптің есінде ұзақ сақталатын болады. Левит-Тищенко кездесуінде бұл төрешілердің жұмысына барша көрермен наразылық танытты. Осы жекпе-жектен кейін Никитин-Конлан арасындағы жұдырықтасуда да жұмыстарын дұрыс орындамағаны үшін бастары дауға қалған.  

Даулы оқиғаларсыз да олимпиаданың "сәні" кірмес еді. Олимпиаданың қола жүлдесін алған 69 келідегі ауыр атлет Иззат Артықов жарыстан шеттетілді. Қырғыз спортшысынан допинг табылып, жүлдесін қайтаруға тура келді. Қанының құрамында тыйым салынған "стрихнин" бар екендігі анықталды. Нәтижесінде қырғыз елі еш медальсыз қалды. 

Олимпиада тарихында алғаш рет олимпиада комитетінің мүшесі түрмеге қамалды. Патрик Хикиге жемқорлыққа қатысты айып тағылды. Ол олимпиада билеттерін өз баласының фирмасына берген. Ал фирма болса, оны өте қымбатқа сатқан. 71 жасар Хики оқиға орнынан қашуға амал жасағанымен, 17 тамыз күні қонақ үйіндегі бөлмесінде ұсталады. Бүгінде ол ең қауіпті қылмыскерлер жататын Бразилияның Бангу түрмесінде. 

Дереккөзі: aikyn.kz

Фото: Eurosport.ru, Zimbio.com, AFP

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522