Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 3791 0 пікір 15 Қыркүйек, 2016 сағат 14:21

КҮН ЖАУҺАРЛЫ КІТАПТАР

(ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА)

эссе

Күн байыды. Елең-алаң, алагеуім мезгілде атқан таң нұры, көк жүзіне шаншыла көтеріліп келе жатып, тас төбеден құлады. 

Түс ауып, бесінге таяды. Жоғарыдан төгіліп, төменді аялаған, өлкелерді, асуларды, белдерді жылы шуағына бөлеген айрықша қуат сарқылып бара жатып қырқаларға ілінді, қарт адамдай құба жондарға, қара жолдарға еңкейді. 

Кешқұрым шұғыла ұзарып, жүріп өткен жолында толған, салтанаты асып, сәулеті жайнаған алтын табақ біртіндеп ақырын құлақтанды, қызыл күрең түске бөленді, оттың табы, ыстықтың лебі азайды – ғаламзатқа жарық құйып тұрған, жайлап өсіп келе жатқан ғарыштың алып нүктесі қызуынан айырылды. Төңірек қарайып, түнек көз байлады. Ақшам жамырады, соңсоң, апақ-сапақ шақта, тосын суық хабар жетті. 

Қызыл іңірде, ел аман, жұрт тынышта, заңғар биіктің көктегі шапағынан көз жасындай тамған, Мұхаммед, салла(А)ллаху аләйһи уә сәлләм, Пайғамбар куә, Тәңір шапағаты, Жасаған Ие шарапаты, қала берді, шашқан жарлық махаббатынан жаралған арайлы күн, асыл перзент жалған дүниеден өтті, қырқа асып, түн қойнауына сіңді.

Уа, қыпшақ, Фариза дүние салды!
Махамбеттің қос жүзді болат семсеріндей – жалғандықты қақ турап қақырата шапқан Фариза ақын, Оңғарсынова ханшайым патшалықтың інжу-маржан байлығына көз салмай, алтын-күміс қазынасына назар аудармай, дүние-мүлкіне құштар болмай, ықыласы аумай, тәкаппар қалпы баянсыз, тұрлаусыз фәнимен қош айтысып кете барды.

Дәшті-Қыпшақ даласы! Алапат Жарылыстың аяулы перзенті, зор қайратты Күн сөнгенде, зеңгір көк аспан әлемін жарқыраған жасық жұлдыздар билейді. 
Әдетте, таң атқанда, Құсжолында үркердей топтана шашылған, жүздеген шоқ жұлдыздар, өрістен қайтқан енелеріне ұмтылған, жас төлдердей жамырап ағып түсер еді. 

Ей, Алаш жұрты! 

Пенде, Иса, аләйһис сәләм, пайғамбар тәрізді, – фәни ғұмыр қызығының құрбаны, бірақ, лұғат құрастырып, рисале жазған, жаратылысты танып, жұмбағын шешкен хакім қалайша бақидың, көпғасырлық тарихтың, шексіз заманалардың шаң-тозаңы астында ізім-қайым жоғалады, зады, ештеңе жойылмайды, жоқтан бар жасалмайды, құдіреті күшті Құдай ғана алып қуатқа ие, асқан қайрат, асыл қасиет қожайыны, алайда, Алла(һ)тың құлай сүйген құлы болады, ол – Әсмәнің сіңлісі, Омар Һайамның қарындасы, адамзаттың аруы. 

Қара танып, сауат ашқан, кітап оқып, хақиқатқа талпынған ол, тегінде, хатқа тұлпардай жүйрік еді, шындыққа жақ, жалған сөзге қас еді... 

Бабаларының жауһар көзі еді ол! Сұлулықты көрген, даналыққа асық, таңғажайып дүниені таң қалып жырлаған ару ақын бола-тұғын зериза, лал, ақық Фариза! 

Негізі – шұғыла, тегі – топырақ, тіршілігінде от боп ойнап фәни кешкен, өрттей лаулап өмір сүрген Фариза шайыр бауыры суық піл сауырлы қара жерге аттанар кезде, тар өткелдің табалдырығында тұрғанда, жалын атып маздап жанған жұлдыздардың алапатындай құшағы ыстық маздақ ғұмырға өлердей жабысып, айырылмай есінен танып, қимай талықсып жығылмады.
Иә, Фариза ақын дерт меңдеп, сырқат жеңгенде, тамылжыған өмірге жармасып, өлермендік танытқан жоқ. 
Ажалдан қаймықпады, тағдырынан тосылмады, бұрнағыдай алға жүрді, қарсы алдында оны, Кенесарыны тосқандай, тек өлім ғана күтіп тұрды. 

Күн сөнді, от өшті, Фаризаға бір уыс топырақ бұйырды.

Бірақ, қасиетті кітаптар, бабалардың өсиеті айт-қандай, таң, асылы, қайтадан атады, күн қайыра шығады, задында, батты деген, уа, он оқ бұдын, алты алаш, елең-алаң алдындағы Тәңірдің бір көз жұмып алған тынысы, қалт еткен бір тыныштығы екен. 

Фариза Оңғарсынованың сөздері маржандай тізіліп, алтындай жарқыраған – күн жауһарлы кітаптары – алапат жарылыстай мәңгілік.

20–25.10.2014

Дидар Амантай

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3498