Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 10133 0 пікір 29 Мамыр, 2016 сағат 12:09

ОПАСЫЗДА ОТАН ЖОҚ

Отанын сатқан адамның аянатын түгі де жоқ.

Онда енді сататын да ештеңе жоқ.

Қадыр Мырза Әлі

Қазақ жерінен ауыр үн шығады. Ол – ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан қасиетті топырақты қастерлейтін, Қазақстанды жалғыз ғана Отаным дейтін қандастарымыздың қайғы-мұңға толы азалы үні...

Кешегі кеңестік билік тізгінін ұстағандар Қазақстанды ұлттар достығының планетасына айналдырдық деп мақтанушы еді. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің бірінші басшысы болудан бір танбай келе жатқан көшбасшы көсеміміз қазақ жерін 140-қа жуық ұлт мекендеп, тату-тәтті тірлік кешіп жатқанын айтумен әлек. Алайда қазақ жері қазақтардың ғана киелі ордасы, Отаны, мекені екенін Нұрсұлтан Назарбаев санын аспандататын ұлт өкілдерінің бәрі де өте жақсы біледі. Білгендіктен де, соңғы айлардың әлетінде жер үшін дүрлігіп, биліктің үрей-құтын қашырып, рахат тыныштығын бұзған біздің қазақтар сияқты мінез көрсете алмайды. Ол бұрын да солай болған, болашақта да дәл осылай – күдік-күмәнсіз жалғаса береді.

Қазақ жерінде исі қазақтың бөлінбеген еншісі бар. Ол бөлінбейді, ешқашан да, қандай бір билік тұсында да бөлшектеуге келмейді! Қанын да, жанын да аямаған мың-мыңдаған батыр бабаларымыз бен аталарымыз, әжелеріміз бен апаларымыз осыны ұран еткен, баласының баласына ғана емес, жетпіс жеті ұрпағына, Алла жалғастыратын одан кейінгі тұқым-тұқиянының бәрі-бәріне ұлағаттап кеткен. Қасиеті қашқан, қаны бұзылған, пиғыл-пайымы арлы қазаққа, намысты қазаққа қабысып, жанаспайтын әлдекімдер болмаса, үзілмей келе жатқан бұл өрелі өсиетті ұмытуға тиіс емес!

«Алаш» деген сөздің алғаш мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген болады, – деп жазыпты Алаш үкіметі үшін өмірін арнап, құрбан болған Міржақып Дулатұлы. – Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз: «Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын, ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын», – дейді. Сол өлеңде «Алаш» – Отан кісісі мағынасында. Және қазақта «Алаң келе ме, Алаш келе ме» деген мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шетелдің кісісі, ал Алаш – Отан кісісі мағынасында болады».

Демек, біз, қазақтар – Отан кісісіміз. Ал тағдыр желі айдап келіп, қоныстанған ұлт өкілдерінің қай-қайсысы да өзге елдің, басқа мемлекеттің кісілері. Біреулері өз еріктерімен, енді біреулері күштеп көшіру саясатының теперіш, тепкінін көріп келген. Бұны түсінбейтін қазақ жоқ! Қазақтың Құдай бере салған пейілі қасиетті де қастерлі жеріндей кең, сондықтан да тұра берсін, ұрпақтарын өсіріп, өрбітіп көбейсін, көктесін. Бірақ байлығына меймілдеп, құдайын ұмытқан Артуш Карапетян сияқты қазақ жерінен ұйғырларға автономия берілсін деп, аузы қисайып, біздің есебіміздің есебінен «жомарттық» жасамасын!..

Ең өкініштісі және ең осал, түсініксіз тұсымыз – біздің шексіз кешірімшілдігіміз, ойсыз ұмытшақтығымыз. Соның салдарынан опық жеумен келеміз; ұлтымызға бүйрегі бұрмайтын, әйткенмен қасиетті қазағымыздың несібесі есебінен шалқып-тасып, шіреніп басып жүретін және жай жүрмей намысымызға тиетін іс-әрекеті, қылмыстарымен көзге түсетін әлгі қасиетсіз карапетяндарға бабаларымыздың ожар да өжет, өктем мінезін көрсете алмай-ақ жүрміз; төрімізде тайраңдатып қойдық. Сол Карапетянды Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі дейтін 1 мамыр күні Республика алаңында, елбасымызды алқалаған мәртебелі топтың ортасынан көзім шалды. Әлбетте, осыдан кейін Міржақып атамыздың ескерту сөзін еріксіз еске алуға мәжбүрмін. «Мен не болсам, болайын садақа, сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба!» – дейді.

Осы жанашыр ойдың айтылғанына жүз жылға таяды. Алайда алдану мен арбалудан көз аша алмай келеміз. Соны ойлағанда, өздері өлгенімен, сөздері өлмейтін, сүйікті жұртына мәңгілік қамқор, қызметші ғана емес, құрбаны да бола білген Ахаңдар мен Жақаңдар не деген құдірет иесі еді, өнеге еді, өріс еді дейді екенсің...

Міне, биыл 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісімізге және Алаш қозғалысы мен қазақ халқының болашағы үшін құрылған үкіметіне тура бір ғасырдың жүзі болады. Нағыз ұлт көсеміне айналып, асқан білімдарлығы, сұңғыла саясаткерлігі, қайраткерлігімен алашшыл арыстарымыздың кемеңгер тұлғасына айналған Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толады. Өзін қазақпын дейтін әрбіріміз үшін айтулы осы даталарға Алаш арыстарының идея, ұстанымдарымен танысып, сусындай алмағанымен, қазақшыл мінез, ұлтшыл ойларымен Кеңестер Одағын дүр сілкіндіріп, әлемдегі социалистік жүйенің іргесін шайқап, күйреуіне жол ашқан Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы да дәлме-дәл тоқайласып тұр.

Жеріміз – бар байлығымыздың мызғымас тұғыры. Асты да, үсті де тұнып тұр. Солай болғандықтан, қай заманнан да айналамыздағы өктем көршілеріміздің көзқұрты болды. Айбарлы хандарымыз бен ақылды билеріміз бастаған батыр бабаларымыз әрбір сүйем бөлігі үшін қырқысты. Енді патшалы Ресей отарлағанға дейінгі көшіп-қонып жайлаған қазақ жерлерін көз алдыңызға келтіріңізші: ұлан-ғайыр аймақ, таңқаларлық территория-ау, ә?! Содан «орыс жеріне» айналған өңірлерді ой тезіне салыңызшы, бәрінің арғы жағынан қазақтың ғажайып исі аңқып тұрған жоқ па? Астрахан (Қажы-тархан), Нижний Новгород (Царицин – Сарысу), Саратов (Сарытау), Омск (Омбы), Челябинск (Селебе), Тюмень (Төмен) облыстары, Алтай өлкесі, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытай мен Ресей арасында жасалған келісім-шартқа байланысты шығыстағы көршіміз – Аждаһа еліне кесіліп берілген Іле, Тарбағатай, Алтай жерлері... Жеріміздің дені Ресейдің еншісінде. Сол алғандары аздай, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақ Автономиялық Республикасының әуелгі астанасы болған Орынбор қаласы мен осы аттас облысты қосып алғаннан кейін де қорқаулығы басылмай, тіпті аярлана, ашқарақтана түсті. Қазақтың көзін құртып, тұтастай орыстандырудың неше қилы қитұрқы, арамдықпен астарланған сұрқия саясатын тежеусіз жүргізіп бақты. Қазақ жерін шарлаған азалы аштық, тіліміз бен дінімізге қарсы қаскөйлікпен жасалған шабуылдар... Ұлы Отан соғысының аласапыраны... Одан кейінгі хрущевтік биліктің «Тың және тыңайған жерлерді игеру» мақсатымен жүзеге асырған топалаңы... Қазақстанды өлкелерге бөлшектеу саясатының арғы жағында тікелей Мәскеуге ғана бағынатын тың өлкелері – солтүстік облыстарымызды түбегейлі Ресейге қосып алуға деген арам пиғылы бұғынып жатты. Сөйтіп қана шектелсе мейлі-ау, іргеміздегі өзбек ағайындарымызды да қарық қылып, оңтүстіктегі бірнеше аудандарымызды еншілеп берді. Өзекеңдер нағыз «өз ағамыз» екен, кейін берілген аудандардың санын түгендеп, ең құйқалы, сұлулығы көз жауын алатын жерлерімізді басыбайлы иеленіп кетті...

Осы жерде тілге тиек ете кеткен жөн, Алаштың арыстары жаңадан құрылып жатқан Қазақ автономиясының әр сүйем жері үшін Сталинмен ұстасып, Ленинді дегеніне иліктірді. Сөйтіп, біраз аймақтарымыздан айырылғандарына қатты күйзеліп, күйінгенімен, аумағы бүгінгі ауқымынан әлдеқайда үлкен территорияның шекара сызықтарын белгілетіп алғандарына шүкіршілік етті. Егер Ә.Бөкейханов бастаған сол асыл ағаларымыз дәл осылай жанкештілік жасамағанда, онда бүгінгі Қазақ елінің картасы қалай болар еді?.. Одан соң, иә-иә, көрінде тыныш жата алмайтын Никита Хрущевтің тың өлкесі атанған өңірлерді РСФСР-дің құрамына қосу жөніндегі өзімбілемдік ойына заматында тойтарыс жасап, қызметтің құлы болмай, адал да айбарлы ұлы бола білген Жұмабек Ташеновтің, сол секілді Сарыарқаның есебінен жер бөліп беріп, Неміс автономиясын құрғысы келген брежневтік биліктің шешіміне ширығып шығып, бір кісідей қарсы тұрған қазақ жастарының қайсарлық әрекеті болмағанда, бүгінгі жеріміз қалай болар еді?.. Осы ойымызды ұйғыр автономиясына қатыстырып кіріктіре кетсек те, реті. Ақиқатына илігіңізші, қастерлі жеріміздің тағдырын бұтарлап, балталайтын әлгіңдей шешімдерге «дұрыс екен, жөн бопты» деп жол берсек, мәңгілік байлығын мұралап қалдырған ата-бабаларымыз бен бүгінгі балаларымыз, болашақ ұрпақтарымыз разы боп алғыс айтар ма еді? Жоқ, ақтала, арыла алмайтын нала мен қарғыстың қалың қатпарының астында көміліп қалар едік!..

Күні кеше осындай қиғаштықтардың бәрін Кремль төрінде алып империяның тізгінін уысында ұстағандардан көрдік. Андропов пен Черненко да жерімізге көз алартып, бірдеңені қоқсытып кетер ме еді, аяқ астынан келген ажал оған жеткізбеді. Ай маңдайында алақандай қалы бар М.С.Горбачев құтырынып келді. Алдындағы көсемдермен салыстырғанда жап-жас және кеуделі екен. Қазақ жеріне қатысты жоспарын 1985 жылғы сәуір пленумынан соң-ақ күн тәртібіне шығарды. Мұнай мен газы меймілдеп тұрған батыс аймақтағы жерлерімізді Ресейге қосамын деді. Онда да осы ойын республиканың бірінші басшысы Д.А.Қонаевтың қолымен жасатуды ниет қылды. Бұны сол уақыттың ахуалын, жай-жапсарын көзбен көрген аға ұрпақ өкілдері өте жақсы білгенімен, бүгінгі ұл-қыздарымыз одан бейхабар. Сол себепті танымал тұлға, ұлтжанды азамат, қоғам қайраткері, саясаткер Жасарал Қуанышәлінің жазбасына жүгінгенім жөн шығар.

«Саяси Бюро Димаш Ахметұлының алдына Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) мен Гурьев (Атырау) облыстарын Орынбор облысымен біріктіріп, Орынбор қаласынан басқарылатын «ортақ экономикалық аймақ» құру мәселесін тікесінен қойды. Сылтау – «соншама байлықты игеру жалғыз қазақтың қолынан келмейді, бұған Одақ болып кірісу қажет», – деп жазыпты Жәкең.

Алайда Димекең жарықтық Мәскеудің өзіне жүктеген бұл «тарихи миссиясын» ақтамады. Керісінше, Горбачев бастаған жаңа отаршылардың (неоколонизаторы) небір қысымына қасқая қарсы тұрып, илікпей қойды. «Қазақ – қиын халық, ол мұны түсінбейді. Қазақ үшін жер дауы – ең ауыр дау!» – деп, отырып алды.

Саяси Бюродағы «қол бұраулар» да, империяның сол кездегі «жылауық премьері» Рыжковтың жетекшілігімен Алматыға, Орал облысына неше мәрте келіп, осы мәселе бойынша қаншама «кеңестер» өткізген «жоғары мәртебелі» делегациялар да «қыңыр шалды» көндіре алмады. Бұған әбден көзі жеткен Горбачевтің енді Қонаевты орнынан алудан басқа амалы қалмады. Жылдан астам уақытқа созылған бұл айқастың ақыры солай болды да. 1986 жылы желтоқсан айының басында Қазақстан басшысының «арызы қанағаттандырылып», ол қызметтен кетіп тынды да, орнына «генерал-губернатор» Геннадий Колбин тағайындалды.

Ал енді алаңға шыққан қазақ жастарына, жалпы желтоқсандықтарға келсек... Әлбетте, олар мұны өз бетімен, стихиялы түрде жасаған жоқ. Бұл – ұйымдастырылған шара (бұған байланысты мәселе – бөлек әңгіме тақырыбы) және олардың, әрине, Қонаевтың орнынан кетіп, Колбиннің тағайындалуына алып келген түпкі себептерден де, оқиғаны кімдер ұйымдастырғаны, олардың нағыз мақсаттары қандай болғаны жөнінен де (бұл да келешектің әңгімесі) еш хабары болған жоқ.

Желтоқсандықтардың бар білгені олардың қолдарына ұстаған ұрандары мен сөйлеген сөздері шеңберінен аспады.

Солай бола тұра, желтоқсанның осы бір ызғарлы күндері Алаш азаматтарының қаны бекер төгілген жоқ, олардың көрген қорлығы, қуғын-сүргін, қайғы-қасіреті де өтеусіз кеткен жоқ! (Әрине, моральдық-рухтық тұрғыдан). Олардың өздері мұны білмесе де, бүкіл әлемге жария болып дүниені дүр сілкіндірген сол отаншылдық бас көтеру арқылы олар өз ұлтының алдындағы қасиетті азаматтық парызын орындап, қазақ жеріне төнген аса қатерлі қауіптің бетін қайтарды! Қазақстаннан мұндай сілкіністі күтпеген Кремль аталмыш жоспарынан уақытша болса да бас тартуға мәжбүр болды». («Алматы, 1986, Желтоқсан» айғақ-кітабы. ІІ том, 388–389-беттер).

86-ның ызғарлы күндерінде шовинизм ауруы мазасын қашырып, ызбарланған горбачевшіл билікке қарсы осындай қанқұйлы оқиға өткен. Жер үшін, қазақ елі үшін, ол елді қазаққа бүйрегі бұратын, халқымыздың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, ұлттық ерекшелігін білетін кісі басқаруы үшін оқуын да, жұмысын да, үйдегі жас сәбилерін де қалдырып, көшеге ұрандатып шыққан қыз-жігіттеріміз: «Менің елім, менің елім... Туған жерім менің – Қазақстаным!» – деп ән салды; «Қайда жүрсең атамекен, Көкейіңде жатады екен. Күннің көзі қимай оны, Ұясына батады екен» деп, ат шаптырым алаңның ана шетінен де, мына шетінен де ойларын ортақ үнге ұластырып, Алматы аспанын дірілдетіп тұрды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының зарлы әні «Елімайды» айтып, көз жастарын төккен елде есеп болды ма?.. Сөйткен Желтоқсан жастарын итке талатып, сойылмен дүрелеп, солдат етіктерімен тепкілеткеніміз аздай, түрме торына тоғыттық. Билік ел мен жер, ұлттық мүддемізді биікке көтерген қыз-жігіттерді осылай аяусыз жазалады...

Ал ширек ғасырдай билікте отырған кезінде қазағының санының еселеп өсуіне, қаласы мен даласының гүлденіп, көркеюіне аянып қалмаған, қасиетті қазақ жерінің тұтастығын бір сәт те көкейінен кетірмеген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қандай күй кешті?

Халықта кінә жоқ. Ол кісі қызметте отырған кезінде де, зейнеткерлікке шыққан соң да, Қазақстанның қай қиырына бармасын, зор құрмет-сыйға ие болды. Ел құшақ жая қарсы алды. Бірінші болып жүргенінде мінген машинасының алдында «МАИ»-дің бір машинасы, соңында екінші машинасы ғана жүрді. Әр бұрыш, әр көшеде қаздай тізілген қызыл жағалылар мүлде көрінбейтін. Қару ұстаған бірде-бір күзетті көзіміз шалмайтын. Қай шаңыраққа да емін-еркін енеді, берген дәмінен тартынбайды. Кетіп бара жатқан жолында қой қайырған шопанды көрсе, көлігін тоқтатып, сыртқа шығып сәлем береді, жай-күйін, бала-шағасын сұрайды. Димекең сөйтіп кең байтақ қазақ даласын шарлап жүріп, сол заманның сөзімен айтқанда, «Отан қоймасына» әрбір екі жыл сайын миллиард пұт астық тапсыртумен болды.

Димекеңнің кемеңгерлігін дүйім ел біледі. Кейін көз жұмғанда куә болдық, кеудесін қайғы-мұң кернеген қарақұрым халық, ұлты мен ұлысына қарамай, қоштасу орны – Абай атындағы Академиялық опера және балет театрына кіре алмай, даналық дидарын ақырғы рет көре алмай қамықты. Өзі тәрбиелеп жеткізген биліктегі мырза одан сөйтіп «өш» алды. Өзі қарасын да көрсетпеді... Есесіне қайғырған халық Опера театрынан мәңгілік мекені – Кеңсайдағы зиратына дейінгі жүріп өткен көшенің екі қапталын да гүлге орады. Димекең атамыз өстіп елді қалай басқарудың, таза болып өтудің, халыққа қайтіп қалтқысыз қызмет жасап, құрметті болып, қара жердің қойнына енудің эталоны болып жадымызда қалды.

«Мен де адаммын. Қателікке ұрынбадым деп айта алмаймын. Билікте ұзақ отыруға болмайды екен. Ондай адам өзіне сын көзбен қарау қасиетін әлсіретіп алатын көрінеді», – деп өкініш білдіріпті қызметтен кетіп, қатардағы көп зейнеткердің бірі болған кезінде. «...Лев Толстой: «Барлық уақытта сүттен ақ, судан таза болғысы келетін пенделер – ең қорқынышты адамдар. Олар өздерін күнәдан пәк қып көрсету үшін жазықсыз жандарды, әулие-әмбиені, тіпті Құдайдың өзін де жазғырудан тайынбайды», – деген екен. Шынтуайтуына келгенде, олар обал, сауап дегенді білмейді.

Солардың бірі Зақаш Камалиденов еді...

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы

(Жалғасы бар)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (338) от 26 мая 2016 г.


0 пікір