Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 5034 0 пікір 31 Мамыр, 2016 сағат 09:48

ҚҰБЫЖЫҚ КӨРІП ӨСКЕН ҰРПАҚ ҚҰБЫЖЫҚҚА АЙНАЛМАЙ МА?

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақтың жарқын көрінісі. Ал бүгінгі ұрпақ нені көреді? Қандай батырымен мақтанады? Кімге еліктейді, кімге қызығады? Осы сұрақтарға жауап іздесек, жауаптың жетегінде желініп кететін сияқтымыз. Көк жәшіктің көбіне бармай-ақ, азынан алдаусырап көрейік.

«Балапан» телеарнасы кішкентай балапандармен бірге барынша қазақтың тілін сақтауға, тәрбиені беріп баптауға атсалысып жатыр. Дегенмен бұл күнде көпшіліктің сұранысына басты рөлді құбыжықтар сомдайтын шетелдік мультфильмдер ие болып отыр. Әрбір отбасыдағы екінші бала «Nickelodeon», «Cartoon Network» арнасын көреді десек, шатаспайтын шығармыз. Ал бұл арналар қандай мультфильм көрсетіп, қандай үлгі бермек? Көк жәшіктен көзін алмай, арнаны ауыстыруға қолы бармай көретін бүлдіршіндердің «Волшебные родители» мультсериалы ата-атанының әрекетін мазаққа айналдырып, мұғалімді құрметтемек түгілі артына шанышқы тығып, балық ілгендей қармақққа «қарық» қылып, ұстазды іліп қояды. Тақтаға қосу амалын жазып тұрып, әлгі мұғалімсымақ құбыжыққа айналып кетеді. Қолындағы борын аузына толтырып, темекі тарту үлгісін таныстырып өтеді.  «Турбопес» мультфильмін көріп, жаға ұстайсыз. Қоғамдағы жағымсыз қылықтардың көрінісін, орындалу тактикасын, қайтарымды нәтижесімен қосып, дайындап береді. Бұл мультфильмде арнайы құрылғы орнатылып, әлемдегі тышқандардың барлығын жиып, ұрлық-қарлық пен сұмдық жасауға үйрету көрсетіледі. Онсыз да ұрлыққа ұрынып бара жатқан қоғамға бұл бір таптырмас әдіс болатыны анық. Бұл көріністер сананы сандырақтармен улап жатқан тәсілдердің тек шеті ғана. Төріне жету үшін, төзіміміз таусылар. Сонда да сорақыларын санап өтейік.

Өмірге келіп, талпынып,  оны тану қандай қиын болса, ал өле салу –  бүгінде оп-оңай. Ата-анаңа ашулансаң, ілмекке ілініп, өле саласың. Сүйгеніңмен ажырасып кетсең, қолыңды кесіп, көре саласың. Тесттен өтпей қалсаң, дәрі ішіп, мүгедектікке төзе саласың. Сол сияқты «Обычный шоу» мултьфильмінде өлтіру деген нәрсе әп-сәтте орын алады. Адамды көлікпенен қағып кету, бір адамды өлтіріп, оны шелекке салып кету сынды іс-әрекеттер көптеп кездеседі. Санаға сыйымсыз әрекеттерді санамалап көрсетіп, өлгендердің мүрдесін оңай жоғалтуға да жол ашып қойған. Не басы жоқ, не аяғы жоқ атыс-шабыстың куәгері болып, қуғын-сүргіннің ортасында масаттана күлген құбыжықтарға тәнті боласыз.

Мінекей, осындай адам төзгісіз дүниелерді бесіктен белі шықпаған балғындарымыз көріп отыр, санасына ит тірлікті түйіп отыр. Бұдан ұрпақ кім болады?  

Мөлдір Мырзатай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3622