Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 6451 0 пікір 31 Мамыр, 2016 сағат 14:30

МҰХТАР ӘЛИЕВКЕ БЕРІЛГЕН БҰЙРЫҚ

Гүлсім Бейімбетқызының естелігі. Гүлсім Алматыда дәрігер болып қызмет істейді. Бір күні жұмысында бір келіспеушілік болып, қызметінен шығып қалыпты. Бірден Жаңаарқадағы әпкесі Рәзияға қоңырау шалады. Жылап жағдайын айтады.

Бір-екі күннен кейін Гүлсімнің үйіне Денсаулық сақтау министрінің хатшысы телефон соғады. Ол кезде министр Мұхтар Әлиев екен. «Сізді министр шақырып жатыр» дейді. Гүлсімнің есі шығады. Жұмыс орнында­ғы­лар министрлікке шағымданған деп ойлайды. Сөйтіп, министрге барса, хатшысы жылы қарсы алыпты. Ішінен «жаман емес сияқты» деп ойлайды. Министрге кірсе, ол да жылы қабақ танытады.

«Гүлсім Майлинасыз ғой?». «Иә». «Сіздің жұмысыңызда бір келіспеушілік болып, шығып қалған екенсіз. Ештеңе жоқ. Ондай-ондай болып тұрады. Жұмысыңыздан шыққан жоқсыз. Алаңсыз істей беріңіз. Ал Рәзия Бейімбетовна Майлина сізге кім болады?». «Әпкем». «Ал, кім боп жұмыс істейді?». «Вокзалда кассир» деп жауап беріпті.

Сөйтсе Рәзия өзінің мінезіне салып, «ҚазССР денсаулық сақтау министрі М. Әлиев жолдасқа. Осындай жерден жұмыстан шығып қалған Гүлсім Майлина жұмысқа қайта алынсын. Рәзия Бейімбетовна Майлина» деген мазмұнда қол қойып, хат жазып жібер­се керек. Ал министр өзіне бұйы­ра хат жазған адамды үлкен лауа­зымның иесі екен деп қалғаны анық.

П.С: Қуған-сүргінге ұшыраған әр қазақ тағдырының ар жағында жардың, ұл-қыздың ауыр өмір жолы бар. Алла жарылқасын оларды.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір