Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 9182 0 пікір 1 Маусым, 2016 сағат 13:55

ҚАСИЕТТІ ҚАРА ЖЕР МЕН ҚАСІРЕТТІ «ҚАРА ПИМА»

Құқықтық мемлекет құрып жатырмыз деп ойлаушы едім. Көңілім көкте екен. Жаңаөзеннен кейінгі жылдары жербауырлап қалды. Қанатынан қайырылып...

Кейінгі күндері көшедегі жүргіншіден сақшылар саны көбейді. Анағұрлым. Қарағұрым. Бұлар бізді қорғап жүр ме? Кімнен? Әлде басқаларды бізден қорғап жүр ме? Олары кім? Бізден не қауіп?..

Біраз күн бұрын біраз жұртты қамап тастады. Ішінде кәрі де, жас та бар. Кеше де біраз жұртты ұстап әкетіп, біраз әурелеп барып босатып жатты. Ішінде кәрі де, жас та бар. Не болса да - жақсылық нышаны емес.

Шынында да, құқықтық ел болу - арманға, ал арман - сағымға айналғаны ма? Билік өз халқынан өлердей қорқатын болғаны ғой? Неге қорқады? Соншалық қорқатындай нендей кінәсі, қандай қылмысы бар еді? Өз құлқынын көбірек ойлап, көбірек қылғытып қойды ма? Содан ұйқылары бұзылған шығар? Тышқаншылап тыққанынан емес, қазба қазынаны түгімен-бүгімен жұтып, миллион-миллиардтап асағанынан айрылып қалудан қорқатын шығар. Әлі бойына сіңіріп болған жоқ қой... «Ит те сүйекті артына қарап жұтады» деуші еді. Соны ескермеген-ау...

Сөйтіп, өздері тойса да көздері тоймай, арандары ашылып, елін ашықтырып алды ма? «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деген мәтелді де білетін болғаны ғой?..

Сәбидей халық емшек сұрап, бұлқынып, жылай бастаса қайтпек керек? Емшектің біреуін өздері еміп отыр, ал... «екіншісін сүтімен қоса сыртқа енді сатайық деп отырғанда... Жұрттың бұлары несі? Сатпаса болмайды ғой? Өздерінің қамы үшін емес пе?.. Неге түсінбейді? О заманда бұ заман, «алаңға шығамыны» қалай? Халық бүйтіп жүйкеге тигенін қойсын. Тайраңдамасын. Алаң ол – әулекінің әкесінің үйі емес. Әйтпесе... Жаңаөзенді ұмытайын деген екен бұлар...» -дейтін сыңайлы...

Менің «Қара пима» деген поэмамда маскүнем әке үйіндегі бар мүлкін араққа сатып, ақырында баласының ҚАРА ПИМАСЫНА көзі түсетін еді ғой. Біздің билік те қазынаның бәрін шетелге сатып болған болар, ендігі қалған қасиетті ҚАРА ЖЕРГЕ көздері түсті. Поэмадағы маскүнем әке баласын екі аяқсыз мүгедек етуші еді, мына қайырымсыз бетсіздер (кешіріңіздер, аузыма «бассыздар» деген сөз түсіп еді, әрең іркіп қалдым) өз халқын мүгедек құлға айналдырайын деді ме? «Әке, маған ендігі жерде пимаңның керегі жоқ» дейтін еді ғой мүгедек ұл. Құлға жердің керегі не деп жүрмесін. Құдай бетін әрі қылсын!

Сонау бір жылы дәм тартып, Ресейдің Ульяновск қаласында болдым. Кәдімгі Симбирск, пролетариат көсемі туған жерде бір түнеп шыққан қонақүйдің іші-сыртынан біздің қошқармүйіз ою-өрнектерді көріп таң-тамаша қалдым. Сұрастырып білсем, башқұрт халқының өрнектері екен. Сөйтсем, бұл - Ресейге өтіп кеткен башқұрт жері болып шықты. Бұрын Башқұртстан жері Қазақстанмен шектесіп жатқан іргелі ел еді. Бұл күнде Ресейдің ішіндегі алақандай аралға айналды. Себеп? Оның себебін білу үшін Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек» дейтін әңгімесін оқысаңыз көп нәрсеге көзіңіз ашылады. Онда Пахом дейтін орыс мұжығы кеңқолтық аңқау башқұрттарды шай-қант, жылтырақ шапан, тарту-таралғымен мәз қылып, алдап-сулап, кең байтақ жайылымдық жерлерін қалай су-тегінге сатып алғанын жазған. Сөйтіп, атамекен жерін сатқан башқұрттың бүгінгі хәлін кісі қызығарлық деп айта аламыз ба? Бұл – бізге сабақ боларлық тарихи қателік.

Әлем тарихында мұндай мысалдар жетерлік. Араб жерін бөлшектеп сатып алып, өз мемлекетін құрған Израильдің жергілікті палестиналықтарды атамекенінен ығыстырағанымен қоймай, тізе батырып отырғанының өзі неге тұрады?

Ал, Қытайдың жымысқы саясаты мен жымсыма басқыншылығын кім білмейді? Соны көре-біле тұра қақпамыз бен құшағымызды айқара ашып, бар мұнайымызды солардың құзырына тапсырып, қайта-қайта миллиардтап несие алып, қарызға белшеден батуымыз – бодандыққа апаратын тіке жолға түсуіміз емес пе? Оған қоса Қытаймен бірлескен еркін экономикалық аймақ ашу да ойымызда бар. Өз жерімізде. Қаупімізді бірден айтайық, бұл - оңған жоба емес. Ол аймаққа бүгін қанша жер бөлсек, ертең сонша жерден айырылатынымызды ойға түйе беріңіз!

Кезінде шекаралық аудандарды тарату - біздің мемлекетіміздің үлкен қателігі болды. Инфраструктураларынан айрылған Тарбағатай (Ақжар), Марқакөл, Катонқарағай, Нарынқол, Мақаншы, Қапал, Үйгентас т.б. шекаралық аудандардың қызметсіз, жұмыссыз қалған ел-жұрты жақын қалаларға қопарыла көшіп, елді мекендер жетімсіреп, қоңылтақсып қалды. Мысал ретінде, қазақтың Швейцариясы атанған шығыстағы ғажайып табиғаты бар Катонқарағай ауданының халқының бұл күнде 50 пайызға азайғанын айтсам да болар еді деп ойлаймын. Геосаяси және ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан алғанда кешірілмес бұл кемшілікті тезірек түзету қажет!

Өйткені, біздің шекаралық аудандар осылай қаңырап, босап жатқанда -шекараның арғы бетіндегі қазақтар тұратын елді мекендерді ішкі Қытайдан әкелінген ханзу ұлтымен жылдан-жылға нығап, толтырып жатыр! Көшіп келіп орнығып жатқандар негізінен әскери құрылысшылар. Ол жерлерде қазақ мектептері жабылуда. Ертіс пен Іленің суын бұрып әкетіп жатқаны бөлек әңгіме! Осының бәрін көріп-біліп отырып, шімірікпей миллиардтап қарыз алып, мізбақпай жер беруге ұмтылу үшін асқан «патриот» болудың қажеті бар ма?!

Ал сол Қытай жақында Тәжікстанға неге әскери доқ көрсетті? Сол Тәжікстанның орнында ертең біз болмауымызға кім кепіл? Өзбекстанға өтіп кеткен Мырзашөл мен Бостандық, Шарбақ, т.б. аудандардың тағдырын ұмытуға бола ма?

Ал Созақ ауданының аумағында Ресейдің құзырына берілген уран өндірістерінің экологиялық ахуалы туралы дабыл қағарлық оқиғалар орын алуда. Әлеуметтік желіде жарияланған: «Мал іздеп түзге шыққан ауыл тұрғынының жолдағы шұқанаққа сұғып алған аяғы кислотаға күйіп, мүгедек болып қалды. Ол - уранды көметін қышқыл екен» деген әңгіме тегін айтылмаған. Өйткені, бұл – шетелдіктерге жалға берілген өз жерімізде болған оқиға.

Сол Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданының қыруар жері араб шейхтеріне көп жылға жалға берілгені де қаншама жыл бойы айтылып, жазылып келе жатыр. Арнайы барған журналистердің өзі темір тордан ары жолай алмай қойды.

Жазушы Дулат Исабеков ағамыз жақында БАҚ-тарда жарияланған сұхбатында: министр «...Ерболат Досаевтың “1 млн. 700 мың гектар жер сатылады, одан 2 млрд. ақша түседi, сонымен бюджеттiң жыртығын жамаймыз” деген сөзiнен кейiн жұрт дүр сiлкiндi. Оны өзiмiз де көзiмiзбен көрiп, құлағымызбен естiдiк»,- дейді. Құдай-ау, сонда ықылым замандардан бері қаншама ғасырлар бойы осы ұлан-байтақ жерді қорғап өткен күллі ата-бабаларымыздың дария боп төгілген қасиетті қаны мен өсиетті өмірлерінің тарихи өтеуін теңгемен есептегені ме? Бұл қаржыны да жеп алғаннан соң несін сатар екен?

Дулат аға өз сұхбатында жұртты алаңға итермелейтін басты себептерді тайға таңба басқандай етіп, анық айтып берді. Мұның ішінде жеріміздің мұнай-газ, уран, мыс, т.б. қазба байлықтарының игілігін ат төбеліндей алпауыттар (ішінде шетелдіктер аз емес) ғана көріп, қара халыққа түк тамбауы, еліміздің Кедендік одақтың кепілдігінде қалып, Ресейге бағытталған батыстық шектеулер мен санкциялардан біздің қарадай зиян шегуіміз, теңгенің құлдырауы, бағаның өсуі, айлықтың, өтемақылар мен зейнетақының мардымсыздығы, жұмыссыздық, білім саласындағы жойдасыз эксперимент-реформалар, т.б. өршіген әлеуметтік мәселелер аз емес. Жеріміз - бай, еліміз – кедей. Неге? Қазақ үшін бұл - ғасыр сұрағына айналды. Осының бәрі жылдан-жылға қордаланып келіп, ел-жұрттың жүйкесіне тиюде. Жер мәселесі тезірек шешілмесе - халық пен биліктің арасы ушыға береді. Жерді сатуды да, шетелдіктерге жалға беруді де көп созбалақтамай тоқтату керек. Мораторий – елге түпкілікті шешім емес, уақытша алдарқату сияқты сезіліп отыр. Бұл – айдан анық көріне бастады. Ал мұндай шиеленіс соңы қазіргі жүйенің халықаралық беделіне өшпес нұқсан келтіретіні бесенеден белгілі.

Біздің қоғамның басты дерттерінің ішінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын дилбертизм мен непотизмді айтпай кетуге болмайды.

Кезінде «Абай.кз» порталына берген, сонда аз күн тұрып, өшіріліп кеткен сұхбатыма сілтеме жасайын:

«Кімнен таяқ жегендей біздің қазақ баласы, алдырып жүрген дұшпанға өз-өзінің аласы» деген бұрынғыдан қалған аталы сөзде ащы шындық жатыр! Алауыздық пен ала-құлалық, тілдік және діндік қайшылықтардың бәрі де жүйесіздіктен, біліксіздіктен, білімсіздік пен дүмшеліктен шығып отыр. Сондықтан қоғамның, әсіресе жас буынның сауаттылық деңгейін қазіргіден анағұрлым арттыру керек деп ойлаймын. Ал оны арттыратын оқулықтар сауатсыз қолдан шықса не айтар едің?

Бізде кейде байланысшы инженер мәдениет саласын басқара кетеді, есепші денсаулық саласын шырқ үйірмек болады, цирктен шыққан адам сыртқы саясаттың тізгінін ұстап отырып, ішкі саясатқа араласа береді, бұлардың бәрін гинеколог-генерал басқармақ болады. Бәрі де түрлі ғылымдардың докторлық дәрежелерін қаттап қалтаға басып алған.

Сондықтан да, құм басқан араб шөлінен әкеле жатқан кемелеріміз жағалауымызға жете алмай суға батып кетеді, көрші елден сатып алған пойыздарымыз рельске сай келмей, вагондары улы болып шығып, темір-терсекке лақтырылады, дәрігерлеріміз шиеттей балаларды шырылдатып, өз қолдарымен СПИД егіп береді, шетелден қыруар қаржыға әкелген алпауыт сиырларымыз... пышаққа да ілікпей өртеледі... Шексіз шығын... ысырапшылдық... оған қылымыз қисая ма, бай елміз, бәрі де орнына келеді... ұмытылады... деп жүріп, «калошқа» қалай отырғанымызды білмей қалдық. Сол «калоштан» «Шетелдерден қарыз алып құтылу» деген сиқырлы жоба уақытша құтқарып тұрғандай.

Бай елміз, мұнайымыз, газымыз, уранымыз, алтын-күміс, мысымыз,темір-көміріміз көп деп көпіреміз, солардың қызығын көріп жатқан қазақ жоқ. Тым болмаса тізгінін ұстап отырған бір қандасың бар ма?» деген едім.

Қазақстан бүкіл дүние жүзінде алтыннан 8-орын, мұнайдан 7-орын, көмір мен фосфордан 6-орын,темір мен кобальттан 5-орын, мыстан 3-орын, уран мен күмістен, марганецтен 2-орын, цинк, қорғасын мен хром, баридтен 1-орын алады деп мақтанамыз. Осындай байлығымыз бола тұрып, бүкіл еліміз болып 155 млрд. доллар қарызға батқанымызды келешек ұрпаққа қалай түсіндіреміз?

Кешіріңіздер, бұл маған классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» шығармасындағы өлмес кейіпкері Судыр Ахметтің бір бөренеден алдымен келі-келсап шаппақ болып, оны шығара алмағаннан соң, астау шабуға ауысып, оны да оқсата алмай, аяғында қисық қасық жонып шығарғанындай «шеберлік» болып көрінеді. Бөренеден қасыққа дейінгі есіл еңбекті ескерер кім бар?

Дилбертизмге тағы бір соғайық:

«Қызметтің жалына жармасқандардың бәрі шетінен өзін бесаспап санайды, «қолымнан келмейді-ау, мамандығым сәйкеспейді-ау» деген бір шіркін болсашы! Қайда отырғызсаң - сонда қыбырлап, жыбырлап жұмыс істей береді. Суырып ап суға сал, жұлып алып жерге ек, ойға отырғыз, қырға шығар: оған құм ба, тас па, тұз ба, сор ма, қара топырақ па - бәрібір, өне береді, өсе береді. Тек, оңған жеміс бермейді. Түбін қырқып тастасаң - бас жағынан да тамырлана беретін арамшөптен айнымайды. Жүйесіздік пен біліксіздік деп отырғаным осы. Мұны қазіргі саяси тілде «дилбертизм» дейді. Карикатурист Скотт Адамстың комикстеріндегі Дилберт дейтін өзін бесаспап санайтын пысық, әпенді кеңсе кейіпкеріне қатысты шыққан термин. Кеңсе тілінде тіпті «дилберттену» деген етістік пайда болыпты. Бізде осы дилбертизм індеті жұқпаған сала жоқ. Мұндай тағайындаулар - тек біздің мемлекетте ғана іске асуы мүмкін кереғарлықтар. Кезінде «Біз - дилберттер еліміз» деген сөзді айтқан мен емес, кәдімгі экс-банкир Марченко. Бірақ, Гришаның дилберттер деп отырғаны таңертең - қаржы, түсте - астық, кешке - балет туралы жазатын, бірақ соның үшеуінің де мәніне түсініп, бойлай бермейтін әмбебап шалағай журналистер туралы болатын. Ал мен бар болғаны ол қозғаған тақырыпты ары қарай дамыта қарастырып отырмын.

Тұтқалы, құзырлы орындарда көрінбейтін кранмен әлдеқайдан көтеріліп келіп, кез-келген босаған орынтаққа қонжия қалатын қолдыаяқты ер-азаматтар көбейіп келеді. Олардың қолынан келмейтіні жоқ-мыс: от та жағып, егін де салып, мал да бағып, кілем де қағып, үй де салып, кен де қазып, министрлік, облысты да басқарып, тіпті қажет болып қалса бала да тауып жіберетін түрлері бар.

Ең бастысы, көп тіл біледі, тек қазақ тілінен басқасын.

Ең бастысы, атқармайтын жұмысы жоқ, тек ұлт шаруасынан басқасын. Қазақстанда жиырма бес жылда қалыптасқан кадр саясаты осындай.

Осыларды көріп отырып, «қазақ көшін кім тоқтатты?» деп аңыраямыз.

Осыларды көріп отырып, «дініміздің діңгегі неге солқылдады?» деп таңырқаймыз.

Бізде әкімдер мен министрлерді тасқаяқтай қағыстырып-ауыстырып жатады, бірінің бастаған ісін екіншісі жалғау деген жоқ, жаңа тағайындалған басшы бұрынғы басшының қолға алған ісін жалғастырып, аяқтап шықты дегенді естігенің бар ма? Керісінше, жаңа басшы өзін сұмдық реформатор ретінде көрсету үшін, бұрынғы әріптесінің бітіріп үлгірмеген жұмысын аяқтамай-ақ, көме салып, келе-сала өзінің жаңа жобасына кіріседі. Бұл да биліктегі жүйесіздіктің айғағы, сабақтастықтың жетіспейтіндігінің көрінісі.

Ал, сабақтастық – кез-келген билік сабақ аларлық мектеп.

Тендер деген мыңғырған мал бар. Оның жылма-жылғы қорытындысы қазанның құлағындағы шенеуніктердің ұпайы түгелденгенше шығарылмайды. Оған дейін жарты жыл бойы сірескен қаржы сеңі жүргенше ешкім тырп етіп жұмыс бастай алмайды. Өлдім-талдым дегенде, өлімсіреп мизам келгенде мердігердің қолына қазаншының ындынынан артылып қалған сарқыттай сауапты бүйрек-сирақтар тие бастайды. Қолға тимей, қоржынға түспей жатып жырымдалған сол қаржыға қалған жарты жылда өл-тіріл, жыртыл, қайтсең де бір жылдың жұмысын тындыруың керек. Бұдан кейін САПА дегенің сандырақ, көз алдаған сағым болып шықпағанда қайтеді? Соңыра, жарты жылда жанталасып тұрғызып, кілтін сырнайлатып-кернейлетіп, Көшбасшының Өзіне абыроймен тапсыртқан салтанатты сарайдай тұрғын үйің жыл өтпей жатып, бір-ақ сәтте жалп етіп құлап қалса несіне таң қаласың? Қирандының астында қалмағаныңа шүкір айтып, аман шыққаныңды тойла!..

Қазіргідей келеңсіз тендер жүйесінен бұдан басқадай нәтиже күту - асылық.

Астанаға барсаң, зәулім үйлер мен түзу көшелермен жүріп, «Хабарды» қарасаң - мерейің өседі, ал дүниенің бет-пердесін сыпырып қайта бір қарасаң - жаның қиналады. Сарыарқаның төріндегі самұрықтай қалада тұрып тынысың тарылады... Отанымыздың жүрегі - өз халқы үшін Отанның тас жүрегі болмаса екен дейсің!

Астана ғана емес, бүкіл Қазақстанға қарайық. Даласы - кең, қаласы - тар қазақтар. Қаладағы - үйсіздер, даладағы - күйсіздер. Ауызсусыз ауылдар, жолсыз шақырымдар, бір заманда ұшақтар ұшып-қонып жүретін, бұл күнде адыра қалған шалғай мекендер. Шекара бойлай қаңырап қалған қоныстар. «Ертістің арнасы түсіп кетті» десең, - «өтірік айтпашы, топан су қаптап жатқан жоқ па!?» деп сенбейді. «Тотықұс қанатына қарап түрленеді, аяғына қарап қорланады» – деген қанатты сөз тұп-тура бізге қаратып айтылған ба дейсің! Дилберттер басқарған елдің шын болмысын көретін көз керек.

Ал біз капиталистік қоғамды таңдаған екенбіз, онда таптық қарым-қатынас қайшылығына да дайын болуымыз қажет. Әлеуметтік теңсіздікке ашынып алаңға шыққанның, немесе қарны ашып ақша сұрағанның бәрін қақпайлап апарып қамап, немесе аузын оқпен жаппақ болу – ессіздік, үлкен қылмыс екенін, демократия ұстанымдарына қайшы әрекет, адам құқығын бұзу болып табылатынын ескерер адам бар шығар?..

Табиғи байлық тең бөлінбей - теңдік болмайды. Теңдік болмаған жерде ішкі тұрақтылыққа кепілдік қайдан болсын... Байлық пен билік қашан да ауыз жаласады, ал аузы аппақ болған қара халық қайтпек? Бір тілді болмай -бірлік жоқ. Осыны ескеретін кез өтіп барады. Ертең көп ұзамай соның зардабын тартамыз ба деп қауіптенемін»...

ВИКИПЕДИЯ энциклопедиясы мен FORBES.KZ порталының мәліметтері бойынша, біздің Қазақстанымыз Полицейлік мемлекеттер қатарында әлемде 6-орында тұр екен. Масаттанатын көрсеткіш емес. Мұнайлы елдің мүсәпір міскіні едік, айналып келіп, полицейлік елдің пұшайман пақыры болып шықтық па? «Сонда «Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды!» деп кеуде қағып жүргеніміз не? Ертең оны тойлаймыз деп көшеге шығып, қапыда ұсталып кетіп жүрмейміз бе?» деген ой кимелейді.

Құқықтық мемлекет құрып жатырмыз деп ойлаушы едім. Көңілім көкте екен. Кейінгі жылдары жербауырлап қалды. Қанатынан қайырылып...

Жаңаөзенде өз халқына оқ атқандар жазасыз кетті. Бұл мысал биліктің өз қолын өзі кесе алмайтынын көрсетті. Есесіне халықпен арасы ашыла түсті. Ел содан бері билікке сенімсіздікпен қарай бастады.

Полициямен елді басып ұстап тұрамын деу – үлкен білместік. Бұл – билік тарапының өз халқымен өркениетті диалогқа өресі жетпейтіндігінің айқын айғағы ғана. Тығырықтан шығар жол емес. Бұрынғы отаршыл жүйеде каторга, халықтар түрмесі, КарЛАГ болған Қазақстанды енді тәуелсіздік жылдарында басқаша ойлайтын еркін сана иелерін қамайтын абақты-мемлекетке айналдыруға болмайды. Сөз бостандығының жолы жылдан-жылға жіңішкеріп барады.

Бейбіт шеруге шыққан немерелерін қарақтап барған кейуаналарды тұтқындап, жазуға барған журналистерге дейін жаппай ұстап, қамау – шектен шыққандық... Мұндайды біз әбден артта қалған Африка елдерінде ғана болатын жағдай деп білуші едік. Енді өз басымызға келгеніне әлі сенгім келмейді.

Демократияға барар жол міндетті түрде абақты арқылы өтеді деп жүрген біреу бар ма?

Жұртым дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимейтін қайраткерлер бізде жоқ емес. Басшылықта жүрген азаматтардың ішінен Бердібек Сапарбаевты, Иманғали Тасмағамбетовті, Амандық Баталовты бөле-жара айтуға әбден болады. Бұлар басқарған сала да аз уақыттың ішінде былық-шылықтан арылып шыға келеді. Ал басқа салалар туралы ауыз толтырып айтар сөз таба алмай қаларымыз рас. Күнгейінен көлеңкесі басым бола береді. Әсіресе, елді қорғауға тиісті сақшыларымыз «шаш ал десе бас алудан» тайынбайтын сияқты. Бұл - олардың ұлттық саналарының, білімдері мен мәдениеттерінің төмендігін көрсетеді.

Жоғарыдағы айтылған қордаланған мәселелердің өз ретімен оңтайлы шешілмеуінің өзі бүгінгі Мәсімов Үкіметінің дәрменсіздігінің айғағы.

«Сұлтан саудамен айналысса - сауда да, ел де бұзылады» дегенді айтқан мен емес, әл-Хамдин деген орта ғасыр ойшылы. Осы сөзді мемлекеттік қызметкерлердің қабылдап жататын антының мәтініне енгізу керек деп есептеймін. Бүгінгілері түзелмесе, кейінгілер қаперіне алар.

Жер дауы – қашаннан қазақ халқының айрықша назарындағы өзекті мәселе. Сондықтан да халық толқуына ұшқары баға беруге болмайды. Бірақ Жер комиссиясының алғашқы отырыстарының биліктің сценариімен жүргізілуі – осы бір күпті мәселенің оңды шешілуіне әлден-ақ күдік туғызды. Комиссия құрамына, депутат Нұртай Сабильянов айтқандай, латифундистердің көбірек кіріп кеткені байқалды. Саны басым олардың жерді сату мен жалға беру бағытын жабыла жан сала өжектей қолдауы комиссияға деген сенімді бәсеңдетіп, соңында үмітімізді су сепкендей баса ма деген дүдамал қауіп бой көтерді.

Меніңше, арғы-бергі Парламенттер құрамындағы лоббистер мен латифундистердің әрекеті - біздің қазақ елінің тағы бір соры. Өйткені, халыққа жақпайтын Заңдар тек солардың күш салуымен қабылдануда десек қателеспейміз. Ал Елбасының өзі жақында «Халыққа жақпайтын Заңдар бізге де керек емес» деген жоқ па?!

Қазақстанның қыруар жері экс-премьер Терещенко мен әкім Кулагин, мәскеулік экс-мэр Лужковтың экс- әйелі Батуринаның құзырында екені ашық айтылып жатыр. Терещенконың осыдан 5 жыл бұрын Израильдіктерге қазақ жерін саудалағаны БАҚ жүзінде әшкере болды. Тіпті Оңтүстік Қазақстанның қыруар жерін еврейлерге көп жылға жалға беріп үлгеріпті. Ал шетелдік Лужков қазақ жеріне қалайша ие болып алған? Осы мәселелер жұртқа қараңғы. Жер мәселесі халық пайдасына шешілмей - жұрт толқуы басылмайтыны ендігі жерде соқырға таяқ ұстатқандай анық. Басқа мәселелер сияқты бұған да «жабулы қазан» деп қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі» дегенді атам қазақ тегін айтпаған.

Жақында оқырмандармен кездесу кезінде жоғарыда айтылған непотизм, жершілдік туралы әңгіме қозғалып қалды. Маған «Жершілдіктен қалай құтыламыз?» деген сұрақ қойылды. Жерге қатысты мәселе қызу талқыланып жатқан күндер еді. Мен: «Біздің жоғарғы жақтағылар:  «Жершілдіктен құтылудың ең оңай жолы - жерді сату» деп ұйғарған болуы керек, «жерді сатамыз» деп қоймай жатыр ғой. Сонда жершілдік те өз-өзінен құриды деп ойлайтын болар?.. Жер болмаса жершілдік қайдан болсын!?» деп жауап бердім. Ел ду күлді. Өзім де күлдім. Әрине, бұл Абай айтқан ызалы күлкі еді.

Жер жат жерліктерге сатылмауы да, жалға берілмеуі де керек. Бұл – халық талабы. Көз жұмып қарауға, күлбілтелеуге, бұлталақтатуға, созбақтауға, алдап-сулауға келмейтін талап.

Елбасының Жер мәселесіне мораторий жариялағанын халық ақжолтай хабар деп қабылдады.

Сол бұқара халық қазіргі жұмыс үстіндегі Жер комиссиясына әлі де үкілі үміттерін артып, малына - жайылым, егістігіне - жер алқабы тие ме деп, елеңдесіп отырған жайы бар.

Елбасы тарапынан үш тілділіктің тоқтатыларынан да Ел үмітті.

Сол Ел өз Елбасының енді Жер мәселесін де өзіндік жігерімен, жанашыр жауапкершілігімен, ерекше пәрменімен оңды шешкенін қалап, әрі күтіп отыр.

Біраз жыл бұрын «Тарихта біз ұялатын ештеңе жоқ!»деген сөзді айтқан Президентіміз бұдан кейін де ұялатын ештеңе болмауын қадағалайтын шығар деп сенемін. Өйткені, біздің бүгініміз тарих үшін ертең-ақ кешегі күнге айналады. Ал бүгінгі тәуелсіз замандағы жаңа ұрпақ тарихты бұрмалауды, немесе қайта жазуды көтере алмайды және оған жібермейді де.

«Аяғы лас адам есіктен төрге дейін былғайды,

Ниеті лас адам бесіктен көрге дейін былғайды» деген аталы сөз бар. Осыдан сақтанайық. Кезінде:

Өмiр,

саған

келдiм — кеттiм,

сонда ненi тындырдым? —

зерiн терiп зеңгiр көктiң,

ботананы тұндырдым.

Өмiр,

саған

бардым — қайттым,

таңғы шықты мекендеп,

құдайыма қайғыңды айттым,

құлақ түрер ме екен деп.

Шыққыр көздi

аштым — жұмдым,

шолдым биiк, төмендi,

тiлiн жұтқан тас тұнжырмын,

сөйлетпеңдер менi ендi! - деп едім, амалсыз сөйлеуге мәжбүр болдым...

22 мамыр 2016 жыл

(Толық нұсқасы)

Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi
Abai.kz

0 пікір