Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 5461 0 пікір 3 Маусым, 2016 сағат 14:47

СЕРГЕЙ КУЛАГИН: ЖЕР - МЕНІҢ БИЗНЕСІМ

Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы көшпелі отырысы Ақмола облысының орталығы Көкшетауда өтіп жатыр.

Отырыс барысында сөз алған аймақ азаматтары жердің шетелдік азаматтарға жалға берілуіне, сатылуына қарсы екендерін айтты. Керісінше, жерді ел азаматтарына беріп, Үкімет субсидия, қаржыландыру мәселесін дұрыс жолға қойса, жерді өз азаматтарымыз да игереді деді.

Сөз кезегі жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелеріне беріліп, Жанұзақ Әкім Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге әлеуметтік желілерде сөз болған қытай инвесторларымен жерді жалға беру жөніндегі мәселенің анық-қанығын айтсаңыз деді. Сергей Кулагин болса, өз туралы әлеуметтік желіде неше түрлі сөз айтылып жататын, ал қытай инвесторлары кездесуде жер туралы мүлдем әңгіме болмағанын, инвесторлармен арада Көкшетау қаласы жылу жүйесіне инвестиция салу жөнінде әңгіме болғанын айта келіп, «Кулагин қытай инвесторларына жер беруге келісім жасады» деген хабарлар кезекті өтірік деді.

Одан кейін сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым да Кулагинге оның иелігінде мыңдаған гектар жер бар екені, ірі жер иеленуші екені туралы қоғамды жиі айтылып жүрген әңгімеге осы сәтті пайдаланып, өзі жауап беруін сұрады.

Сергей Кулагин, Ақмола облысының әкімі:

- Иә, бұл туралы білемін. Иелігімдегі жердің бәрі игеріліп, Қазақстан экономикасына жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметте болмаған кездерімде бизнеске кеттім. Жермен айналыстым. Жер - менің бизнесім болды. Кейін министр болуға шақырған кезде бизнесті, иелігімдегі жерлерді өз жақындарымның атына беруге, солардың айналысуына рұқсат сұрадым. Отбасым және туыстарымның пайдаланып отырған ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі 80 мың гектар.

Айдос Сарым бұдан бөлек Қазақстан азаматтарына 10 соттық тегін жер беріледі деген қауесетпен Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің алдына жиналып жатқан азаматтармен қала әкімшілігі, қоғамдық кеңес мүшелері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтып, комиссия төрағасына осы он соттық жер мәселесіне қатысты Үкіметтік деңгейде нақты механизмдері, жолдары бекітілмейінше, бұл мәселені уақытша тоқтата тұруға пәрмен беруді ойластыруды айтты. Өйткені, он соттық жер алу мәселесін біреулер әдейі қоздырып отыру мүмкін әрі бұл конфилкт ошағы болып кету қаупі бар екенін ескертті. Сондай-ақ, саясаттанушы комиссия құрамына байланысты да өз пікірін білдірді.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Комиссия құрамынан шығып кеткен азаматтар бар. Солармен қайта сөйлессек, болмаса жаңағы азамат айтқандай, комиссияға оралмандардан да азаматтарды тарту жағын қарастыруымыз керек. Және жер мәселесіндегі ашықтыққа байланысты жердің және оның нақты статусы, жағдайы туралы карта жасап, кадастрлық нөмірлерімен кімнің иелігінде қанша жер бар екенін түгел көрсетіп, тізім жасау жұмыстарын іске асыруды тағы да айтқым келеді.

Мұхтар Тайжан, экономист:

- Митингіге шыққан азаматтарды қуадалауды тоқтатуды тағы да сұраймын. Және ол азаматтар жөнінде негізсіз пікір айтпасаңыздар. Себебі, олар жау емес, біздің елдің азаматтары, патриоттары. Кезінде митингіге шығуға рұқсат сұрап, өтініш жазған адамның бірі менмін. Міне, көріп отырсыздар, комиссия құрылып, бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Азаматтарды қудалағанша, осындай диалогтар арқылы мәселелерді шешелік.

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір