Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 11603 0 пікір 4 Маусым, 2016 сағат 10:41

Ләйлә Сұлтанқызының бірінші кітабы шықты. Кітап "Менің екінші кітабым" деп аталады

Танымал тележурналсит,  продюсер Ләйла Сұлтанқызының алғашқы кітабы шықты. Бұл Ләйләнің бірінші кітабы болғанымен, кітап "Менің екінші кітабым" деп аталыпты.

Бұл кітапта өмір сабақтары, автордың беймәлім болып келген құпиялары, түрлі ой түйіні, әйелдерге арналған кеңестер мен маңызды мәселелердің шешімдері қамтылған.  Әйелдің отбасындағы, қоғамдағы орны мен әрекетіне, мінез-құлқына қатысты талдаулар бар. Әрбір қалыптасып келе жатқан қыз бала да, бір әулеттің түтінін түзу ұшырып отырған отанасы да бұл кітаптан өз керегін таба алады делінген  бүгін сағат 12:00-де Астана қаласындағы "Хан Шатыр" ОСО-ның 1-қабатында өтетін кітаптың тұсаукесеріне шақырған ақпаратта.

Кітап ауызекі сөйлеу стилінде жазылған. Мұның басты ерекшелігі де сол. Ешқандай боямасыз, түзеусіз, күзеусіз-ақ тізбектелген ойлар қаз-қалпында жеткізілген. Мысалдар, оқиғалар да дәл сондай. Сондықтан кітапты оқу оқырманға қызықты ғана емес, жеңіл болары да сөзсіз.

Осы кітаптың жарыққа шығуына себеп болған – қазақ әйелдерінің авторға  ең жиі қоятын сұрақтары мен көмек сұрап жазатын мәселелері. Бір сөзбен айтқанда, халықтың сұранысы. Автордың басты мақсаты – өз білгенімен бөлісіп, әрбір әйелге демеу көрсету және оларды жігерлендіру. Бір қарағанда, қарапайым күнделік болып көрінуі мүмкін. Бірақ оқып болғаннан кейін кейбір көзқарасыңыз өзгеріп, өз психологияңызды зерттеп, өз-өзіңізді жақын тани бастауыңыз ғажап емес.

Ләйлә Сұлтанқызы: «Бұл кітап менің әдебиет әлеміне алғаш қадам басуым. Оқырмандарым мен қолдаушыларым табылады деген сенімдемін, себебі елімізде қыз-келіншектерге арналған қазақ тіліндегі кітаптар өте аз. Ал қазақ әйелдеріне арнап қазақ тілінде жазылған кітаптар жоқтың қасы. Бұл кітап қазақ әйелдеріне арналып, бірталай өзекті тақырыптарды қозғайды: әйелдерге арналған сан-түрлі кеңестер, артық салмақ тастау, дұрыс тамақтану, өмір қиыншылықтарын жеңе білу және басқа да пайдалы ақпараттарды қамтиды. Ең бастысы, кітаптағы ақпараттың барлығы өзімнің басымнан өткен қиыншылықтар мен сынақтарды қалай жеңгенім туралы және өмірлік тәжірибемнің негізінде жазылған».

Абай-ақпарат

0 пікір