Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 4782 0 пікір 4 Маусым, 2016 сағат 16:36

«АСТАНА-АРҚАУ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚЫЗЫЛ АЛМА» СЫЙЛЫҒЫН АЛДЫ

 Стамбул қаласында түркітілді әлемді дамытуға қосқан зор үлесі үшін берілетін «Қызыл алма» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

Бұл сыйлықты 2013 жылы жыл сайын түркі тілдес халықтар тұратын барлық елдер мен аймақтардың саясаткерлері мен қоғам қайраткерлерінің басын қосатын Түркі әлемі форумы тағайындаған. Сыйлық қоғамдық іске, ғылым, спорт, мәдениетке қосқан үлесі үшін деген номинациялармен тапсырылады.

Мәселен, осы жылғы «Қызыл алма» сыйлығына Қырғызстан Президенті Алмасбек Атамбаев пен Нобель сыйлығының иегері Әзиз Санжар ие болды.

Сонымен қатар, бұл марапатқа биыл түркі халықтарының дәстүрлі мәдениетін дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін, жыл сайын Астанада өткізілетін «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасының фестивалін ұйымдастырушы «EL production company» лайық деп танылды. Сыйлық аталмыш компанияның бас директоры Айгүл Бейсенбаеваға тапсырылды. "EL production company"-ден басқа, бұл сыйлықпен түркі спортын дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін, дәстүрлі қазақша күрестен xалықаралық "Еуразия Барысы" турнирін ұйымдастырушы,  белгілі журналист және продюсер Арман Шураев та марапатталды.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қазірге дейін 9 мәрте өткізіліп, осы уақыт ішінде бүкіл түркі музыкасы өкілдерінің басын қосып үлгерген «Астана-Арқау» - бүгінде  түркі әлемінің дәстүрлі музыкасына арналған ең ірі фестивальге айналды. Соңғы оншақты жыл көлемінде фестивалге барша түркі халықтарының музыкалық дәстүрін насихаттаушы 700-ге тарта музыкаттар мен ғалымдар қатысты.

«Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі қазіргі кезде түркі халықтарының мәдени интеграциясы үрдісінде өткізіліп елеулі орын алған беделді музыкалық шараға айналды.

Фестивалдің 10 жылдығына орай, 2017 жылы Түркі әлемі музыкасының антологиясы шығарылмақшы.

Abai.kz

0 пікір