Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 5734 0 пікір 6 Маусым, 2016 сағат 02:00

АҚТӨБЕ. НЕ БОЛДЫ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Оқиға орнына кездейсоқ тап болып, оққа ұша жаздаған адам айтады: «Өтіп бара жатсам, патруль машинасының артқы есігі ашық, полицей формасындағы екі адам қансырап жатыр. Тоқтап түсе бергенім сол еді, атыс басталып кетті. Машинаның ішіне кіріп тығылып жаттым. Шамамен жарты сағат өткенде жолаушы есігінен шыға салып қаштым. Сол кезде көшеде бір әйел жатқанын көрдім, 2-3 жерінен оқ тиген, өліп қалған сияқты көрінді. Машинамды оқиға орнынан түнгі сағат он жарымдарда барып алдым. Бамперіне және алдыңғы нөмеріне оқ тиіпті».

Ішкі істер министрлігіне келіп түскен және әлеуметтік желідегі видеоматериалдарға қарағанда 5 маусым күні Ақтөбедегі оқиғалар былай болған.

Сағат 15.45 шамасында бір топ адам Ә. Молдағұлова көшесі 12 үй, 106 пәтерде орналасқан «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Дүкеннің күзетшісі мен сатушысын өлтіріп, 11 сайлы, 15 тегіс ұңғылы – барлығы 26 аңшы мылтығын алып кеткен. Сол маңдағы бір үйдің ішінен түсірілген видеода шамамен 20-дай жас адам бар, оның 12-сі аңшы мылтығына ұқсас қару ұстаған. Қылмыскерлер осы жерде оқиға орнына келген үш полиция қызметкерін жаралаған.

15.55. Арада он минуттай уақыт өткенде содырлар, шамамен 10-15 адам, Есет батыр 39-да орналасқан Ұлттық ұланның №6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. (Есет батыр көшесі Молдағұлова даңғылымен «Паллада» дүкенінің қасынан қиылысады. Ал әскери бөлім осы жерден солтүстікке қарай он кварталдай жерде). Терроршылар МАН автобусымен әскери бөлімшенің қақпасын бұзып кірген. Автобус осы жерде тұрып қалған да шабуылшылар түсіп қару-жарақ қоймаларына жүгірген. Кезекші майор Тастанбеков дабыл көтеріп, қару-жарақ қоймаларын жауып үлгерген. Қару ала алмаған шабуылшылар бөлімнің автопаркіне қарай беттеп, осы жерде алдыларынан шыққан майор Майлыбаевты өлтіреді және тағы бір сарбазды жарақаттайды. Одан кейін болған атыста сержант Қалиев өлген. Әрі қарай шабуылшылар әскери бөлімнің шығыс жағындағы Тургенев көшесіне шығып кетеді. Осы жерден олар 16-маршрутты автобусты тоқтатып жолаушыларын түсіреді және әскери бөлімнен 15 шақырымдай жердегі Махамбет ауылына қарай бет бұрады. Автобустың ішіндегі бірнеше адамды кепілге алды деген деректер бар, бірақ ІІМ мұны растаған жоқ.

16.05-те қылмыскерлер Жанқожа батыр 24-те орналасқан «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған. Дүкенге келіп тұрған бір адамды өлтіріп, тағы біреуін жаралаған. Осы жерде полиция наряды мен содырлар арасында атыс болып, үш қылмыскер өлтірілген. Әскери бөлім алғаш шабуыл жасалды делінген «Паллада» дүкенінің солтүстігінде болса, «Пантера» оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 10-15 квартал жерде. Соған қарағанда «Паллада» дүкенінен шыққан соң содырлар екіге бөлінген сияқты.

Тенгриньюс алғаш «Ақтөбеде үш жерде: 5-микроаудан, Филармония және «Паллада» дүкені маңында атыс болып жатыр» деген хабар таратқан болатын. Мұнда филармония деп Ұлттық гвардия әскери бөліміне жасалған шабуылды айтып отыр, өйткені ол екеуі бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Ал «Паллада» дүкені 5-микроауданда, соған қарағанда бір мезгілде үш емес, екі жерде атыс болған.

Ресми мәлімет бойынша, содырлардың қолынан 6 азамат өлген. Олар: 3 әскери, "Паллада" дүкенінің сатушысы мен күзетшісі, «Пантера» дүкеніне келіп тұрған бір азамат. Қылмыскерлерден 4 адам өлді: біреуі әскери бөлімдегі атыс кезінде, үшеуін «Пантера» дүкенінің жанында полиция өлтірді.

«Паллада» дүкеніне барлығы 27 адам шабуыл жасаған. «Рател» сайты өліп жатқан екі содырдың ірі пландағы суретін жариялады. Суреттегілердің бірі 35-40 жас шамасындағы селдір сақалды адам.

Оқиғаның өрбуіне қарағанда, қылмыскерлер алдымен қару-жарақ дүкенін басып алып, сосын аңшы мылтықтарының көмегімен әскери бөлімге шабуыл жасауды, сөйтіп ондағы соғыс қаруларын иемденуді жоспарлаған. Ал "Пантера" дүкеніне негізінен патрон алу үшін шабуыл жасаған болуы мүмкін. 

Бұдан басқа Есет батыр мен Молдағұлованың қиылысындағы бір пәтерді полицияның тексергені әлде тінтігені туралы ақпарат бар. Және автобуспен Махамбет ауылына қарай кетті деген қылмыскерлер қазір қайда, полиция олардан айырылып қалды ма, әлде солардың соңында ма - бұл жағы да белгісіз.

Ержан Әбдіраман

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір