Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 9420 2 пікір 6 Маусым, 2016 сағат 08:27

ТІЛДІК САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ

Кез келген ұлттық мемлекет, ол бірұлтты (моноұлтты) немесе көптеген ұлт өкілдерінен тұратын мемлекет болсын, әйтеуір бір тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып, өзінің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүргізеді. Көбінесе ондай тілдің қызметін мемлекет құрушы жергілікті ұлттың тілі атқарады.

Ұлттық тіл мемлекеттік тіл қызметін атқара отырып, мемлекеттік маңызды іс-шаралардың ұлттық мүдде тұрғысынан жүргізілуін қамтамасыз етеді. Ұлттық мемлекет өзінің қоғамдық-әлеуметтік, яғни мемлекеттік сан салалы қызметі жан-жақты бола түсуі үшін мемлекеттік тілді өз қамқорлығына алып, дамып өркендеуіне барынша қолайлы жағдай жасап бағады. Сөйтіп, мемлекеттің тілдік саясаты ұлттық саясатпен етене астасып жатады. Сол себептен мемлекеттік тіл саясаты еш уақытта ұлт мәселесінен тысқары бола алмайды. Ұлттық мүдде ескерілмей, ұлттық мемлекеттің болуы да, дамуы да мүмкін емес.

Тілдік саясатын ұлттың ділі (менталитеті) мен мүддесіне (интересне) негіздеп жүргізетін елдер өзінің мемлекеттік тілі болып отырған ұлттық тілдің сан салалы қызметтік қолданысына кедергі келтіретін жағдайларға ешқашан жол бермейді. Егер мемлекеттік тілмен қосамжарласып екінші бір тіл сол елде саяси-қоғамдық қызмет атқарса, ондай мемлекеттегі қоғамның тұтастығы мен беріктігі осал деуге болады. Себебі екінші тілдің сондай дәрежеге ие болуынан елде қостілділік жағдай қалыптасып, мемлекеттік іс жүргізу әлсірейді. Бюрократизм басталып, қағазбастылық күшейеді.

Қолданыстағы екінші тіл бұрыннан қызмет етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары (СМИ) мен қазіргі заманғы ақпараттық-қатыстық технологияларды (ИКТ) пайдалану арқылы өзін қолдап-жебейтін басқа мемлекеттің (осы тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып отырған мемлекеттің) тілдік (ұлттық) саясатын жүзеге асырып, өз қызметінің маңызын арттыра түседі. Жергілікті ұлттық тілдің қолданылу аясын тарылтуға барлық мүмкіншілігін, барлық әлеуетін мейлінше жұмсайды. Бір есептен, бұны тілдер (ұлттар) арасындағы тіршілік үшін күрес десе де болады.

Қазіргі таңда еліміздегі ұлттық тіл мәселесі қазақтілді қоғамды алаң күйге түсіріп отыр. Сол себептен тәуелсіздік алған кезеңнің алғашқы жылынан бастап тіл мәселесі қоғамдық-әлеуметтік мәселе болумен қатар, ұлттық мүдделерімен астасып, өзін-өзі сақтап қалу әректінің (стратегиясының) маңызды мәселелерінің біріне айналып отыр.

Адамзат тарихына назар аударсақ, бір тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің зор қарқын алып, үстем тілге айналуына байланысты екінші бір тілдердің, олар жергілікті ұлт тілдері бола тұрса да, қолданыс аясы бірте-бірте тарылып, жойылып кеткенін немесе қолданушы-тұтынушылары жоқ «өлі тілдерге» айналғанын көруге болады. Ондай тілдер жүз-жүздеп саналады. Солардың жойылып өлі тілдерге айналуына, көп жағдайда, белгілі бір ұлттың өмір бақи тіршілік етіп келе жатқан атамекенінде құрылған мемлекеттің ұстанған тілдік (ұлттық) саясаты себеп болып жатады. Тілдің қолданыстан шығуымен бірге біртіндеп ұлт та құрыйды. Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы Һеш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» [1], – деп айтқанда осы мәселені ескерсе керек.

Кез келген тілдің «тірі организм» ретінде дамып жетілуі, өркендеп кемелденуі тұрмыс-тіршіліктің барша саласында кең қолданатын тұтынушыларының көп болуымен тығыз байланысты. Ал тіл тұтынушыларының аз-көп болуы, біріншіден, ұлттың саны мен сапасына, екіншіден, ұлт өмір сүріп отырған мемлекеттің тілдік саясатына байланысты. Оны Ресейдің ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өзге ұлттар тілдеріне қатысты жүргізіп келген саясатынан айқын көруге болады. 

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясы өз құрамындағы өзге ұлттарды орыстандыру саясатын күшейтті. Оқу-ағарту ісі православие дінін насихаттау жұмысымен астарласа жүргізілді. Бұл бағытта Н.И.Ильминский, А.Е.Алекторов, А.В.Васильев, В.Н.Катаринский тәрізді атақты орыс ағартушылары көзге түседі. Әсіресе Н.И.Ильминский белсенді әрекет етті [2]. Оны Н.Ильминскийдің мына сөзінен айқын аңғаруға болады: «Так и у нас в России единство алфавита, даже самое точное, не приведет к внутреннему единению инородцев с русскими, пока первые не объединятся с нами в вере православной. Я далее полагаю, что иноверные инородцы, имеющие свою религиозную письменность, как, например, татары-магометане, или ламайцы-буряты, не примут русского алфавита, ни целиком, ни с какими угодно приспособлениями и прибавками. Все наши инородцы, как и русский сельский народ, находятся в периоде религиозного миросозерцания и руководствуются религиозными мотивами» [2, 35].

Олардың миссионерлік белсенді әрекеті Ресей билігі тарапынан ескеріліп, «орыс графикасын өзгертпей алу керек пе әлде қазақтың өзіндік дыбыстарын бейнелейтін қосымша таңбалар қосу керек пе дегенге тірелеледі. Бұл арада орыс миссионер-ғалымдары арасында екі ұдай пікір болады. Бұл талас 1910 жылға дейін созылып, ақырында 1910 жылыдың июнінде бұл мәселеге арналып Петерборда әдейі кеңес шақырылады. Оған жергілікті жерден өкілдер қатысады. Кеңесте 1906 жылғы «Орыстан өзге халықтар жазуын орыс графикасына көшіру туралы» ереже талқыланып, оған көптеген өзгерістер енгізіледі. Кеңесте кирил әліпбиі тек ресми документтер мен оқулық кітаптарға ғана қолданылатын болсын деген шешім қабылданады. Алайда бұл шешімнің тәжірибеде іске асқан-аспағаны бізге мәлім емес» [3, 38].

«Орыс мектептерінде (бұл арада Омбы, Орынбор кадет корпустары мен орыс-қазақ мектептерін айтып отыр) тәрбиеленуші қазақ жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарайтын, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавиті қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қырғыз (қазақ) тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді» [2, 38], – деп те орыс миссионерлері орыс-қазақ мектептерінде оқып жатқан немес оны бітірген жергілікті ұлт өкілдерін өз мақсаттарына тартып, пайдаланып қалуды көздейді. Нәтижесінде жергілікті ұлт өкілдері арасынан Д.Банзаров, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин сияқты белгілі тұлғалар шығады. Орыс-тузем мектептері ашылады, оқулықтар жазылады, тіпті, кирилл әріптеріне негізделген ұлт әліпбилері түзіледі. Мысалы, Қ.Күдеринаның көрсетуінше, орыс графикасына негізделген алғашқы қазақ әліпбиін Н.И.Ильминский жасаған [3].

Н.И.Ильминский қазақ тілінің өзіне тән дыбыс таңбаларының үстіне ноқат қойып белгілейді. Және бір ерекшелігі орыс әліпбиіндегі е, в, и, ф, ц, х, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын қазақ әліпбиі құрамына енгізбейді [13]. Бірақ ол әліпбиді жергілікті халық қабылдамайды. Сондықтан әліпбиді түземдердің өздері арқылы енгізу саясаты көзделеді. Соның бір көрінісі – Ы.Алтынсариннің кирилл әріптеріне негізделген алғашқы қазақ әліпбиін құрып, сол бойынша оқулық жазып [4], алғашқы орыс-қазақ мектебін ашуы болды.

Қазақ жерінде саны үздіксіз арта бастаған шіркеу жанындағы орыс-қазақ сауат ашу мектептері де өздерінде оқитын қазақ жастарына діни білім бере отырып, орыстандыру саясатын белсендіру мақсатында православие дінін қабылдаған қазақтарды марапаттау мен материалдақ жәрдем жасау саясатын ресми түрде ашық жүргізген еді. Бұл кезеңдегі қазақтарды шоқындарып, орыстандару жөніндегі патша әкімшілігінің саясаты М.Мырзахметовтің «Қазақ қалай орыстандырылды» деген еңбегінде кең қамтылып, жан-жақты баяндалған [5]. Ресей империясының әліпби жөніндегі тілдік саясаты осылай жүргізілді.

Мұндай саясатқа қарсы ХХ ғасырдың басында И.Гаспринский бастаған Ресей мұсылмандарының «жәдит» (жаңа) ағымы пайда болды. Олар өздері қолданып келген араб әліпбиін реформалап, ұлттық тіл дыбыстарының таңбаларымен толықтырды. Оқытудың көне әдісін жаңа оқыту әдістерімен алмастырды. Бұл ағым қазақ арасында «төте оқу» атымен таралып, 1907-14 жылдары алғашқы қазақ әліпбилерінің 7-8 нұсқасы баспадан шықты [6]. Бұлардан тыс қолжазба әліппелер де болған екен. Мысалы, Көкбай молда жазған «Әліппенің» қолжазбасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана қорында сақтаулы тұр. Бірақ бәрінің ішіндегі ең жүйелі, емле ережесі дұрысы –  Ахмет Байтұрсынұлының нұсқасы болып танылды [7].

«Қазақ» газеті (1913-1918)  мен «Айқап» журналы (1911-1914) және т.б. сол уақыттағы қазақ басылымдары қазақ әліпбиін, емлесін бір қалыпқа келтіру үшін әліпби нұсқалары туралы мақалалар жариялап, ел ішінде кең пікірталас туғызды. Мәселеге А.Байтұрсынов белсене араласып, өз әліпбиі мен дыбыстық жүйесінің дұрыстығын көрсете білді. Әліпби 1912 жылдан бастап ел ішіне кең тарап, КСРО-да 20-жылдардың соңына дейін қолданыста болды. Оны ҚХР қазақтары қазір де пайдаланып отыр. Бұл әліпби оқу-ағарту саласындағы орыстандыру саясатына қарсы пайда болған құбылыстың жарқын көрінісі болып табылады.

Кеңестік жаңа өкімет алғашқы онжылдықта ұлттық тілдерді дамытуға біршама көңіл бөлді. Ұлттар халық комиссариаты (Наркомнац) жасақталып, оны И.В. Сталин басқарды. Бүкілресейлік орталық атқару комитеті (ВЦИК) мен Халық комиссариат кеңесінің (СНК) 1918 жылғы 15 ақпандағы №2 декретінде: «Соттың барлық жағдайында (инстанций) барлық жергілікті тіл қолданылады» [8] деген шешім қабылданды. Мәселеге қатысты И.В.Сталин: «Сот ісін жүргізуде де, мектепте де ешқандай міндетті мемлекеттік тіл болмайды. Әрбір облыс өз халқының құрамына сәйкес тілді немесе тілдерді таңдайды, осыған қарай барлық қоғамдық және саяси шешімдерде азшылықтың да, көпшіліктің де тең құқықтығы сақталады» [9,70],– деп, жергілікті ұлттық тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

1918 жылдың 31 қарашасында Ресей халық комиссариаты: «Аз ұлттардың мектебі туралы» қаулы шығарады. 1919 жылы РКП(б) VІІІ съезінде ұлттық тілде сабақ беретін бірыңғай еңбекшілер мектептерін құрудың қажеттілігі көрсетілді. Нәтижесінде 1921 жылы Түркістанда (Орталық Азияда) ұлттық тілдерде, соның ішінде қазақ тілінде білім беріле бастайды [10,31]. Осы жылдың наурызында Қазақ ОАК: «ҚОАК-нің барлық мүшелері қазақ тілін кешіктірмей үйренулері қажет екені» туралы шешім қабылданады [11,28].

1922 жылы құрылған Мәскеудегі Орталық шығыс баспасы Орталық Азия халықтарының тілінді ұлттық әліпбимен түрлі әдебиеттер шығарды. Ол маркстік-лениндік идеологияны әр халыққа өз ана тілінде игерту мақсатында саяси әдебиеттерді, орыс ақын-жазушыларының шығармаларын, әлемдік классикалық көркем әдебиеттерді ұлт тілдеріне аударды. Бұлардың бәрі КСРО халықтары мен әлемдік жұмысшы табының (пролетариаттың) көңілін аулау үшін жасаған өкіметтің алғашқы тілдік (ұлттық) саяси әрекеті еді.

1926 жылғы кеңестік алғашқы халық санағының мәліметі бойынша, кеңестік одақтас елдердегі орыс тілін білетін жергілікті ұлт өкілдері Қазақстанда 22,8%, ал Қырғызстанда 15,1%, Түркменстанда 12,5%, Өзбекстанда 10,6%, Тәжікстанда 3,7% болған екен [12,6]. Осы мәліметтен байқайтынымыз – Орталық Азия халықтарының ішінде қазақтарды орыстандыру саясаты зор қарқын ала бастаған. Бұған өз дәрежесінде еліміздегі ішкі себептер де өз әсерін тигізген болатын.

1920-жылдардың ортасы мен соңына қарай бұл саясат бағытын кілт өзгертіп, одақтас республикаларды латын әліпбиіне көшіру әрекетін бастайды. В.В.Базарованың көрсетуінше, бұл саясатты жүзеге асыруда Жаңа Әліпби Қоғамы мен КСРО Ғылым Академиясының беделі мен мемлекеттік аппараттың ерекше қолдауы зор қызмет атқарған [13,58]. Сонымен бірге бұл мәселеге И.В.Сталиннің тікелей араласуы жөнінде былай пайымдайды: «Обращает на себя внимание факт того, что И.В.Сталин не оставил крупных документов, которые бы касались его прямого участия в реформировании письменности. Однако, большой материал, который был более полно представлен в ходе дискуссии по вопросам языкознания в послевоенные годы, позволяет сделать вывод, что этими проблемами он занимался достаточно активно» [14,58].

Осы тілдік саясаттың астарындағы түркі халықтары жазуын алдағы уақытта орыс жазуы мен емлесіне көшіріп, біртіндеп орыстандыруды көздеген саясатың жатқанынан бейхабар кеңестік түркілер латын қарпіне ауысуға қамдана бастайды. Және осы реформаны белсене қолдап, жақтаушы болған әзірбайжан ұлтының қоғам қайраткері Н. Нариман секілді т.б. ұлт өкілдері (адамдары) бойында «латыншаға көшсек, бәрімізге ортақ әліпби жасалып, түркі халықтары бір-бірімен тілдік, әдеби-мәдениеттік қарым-қатынасы жақсара түседі. Латын жазуы түркі халықтарының басын біріктіреді» деген секілді қияли (утопиялық) сенімде де болды. Әлбетте, бұл сенімді де олардың санасына ұялатқан кеңестік тілдік саясат болатын. 

1928 жылы Бакуде өткен құрылтайда олардың (түркі халықтарының) латын графикасына негізделген әліпби жобалары таныстырылып сарапталды. Қазақстан тарапынан 28 әріптен тұратын жобаны О.Жандосов бастаған топ әзірлеген еді. Оны 1929 жылы Қызылордада Т.Шонанұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұбанов, Е.Д.Поливанов сияқты т.б. ғалымдар қызу талқылаған конференцияда бұл әліпби жетілдіріп, 29 әріптен тұратын әліпбиге айналды [15]. Бұл жоба А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамына 20 жылдай мүлтіксіз қызмет еткен араб әріптеріне негізделген әліпбиін басшылыққа алған еді [16].  

А.Байтұрсынұлы құрастырған жаңа әліпби тіліміздің табиғи дыбыстық жүйесіне негізделіп жасалғандықтан, оның дыбыстық құрамын сол уақыттағы қазақ қоғамы тұрмақ, өзге ұлттардың да білгір тілші-ғалымдары толықтай мойындаған болатын. Мысалы, Е.Д.Поливанов: «Эту последнюю форму, которую приняла казак-киргизская графика в 1924 году, я во всяком случае, считаю уже не нуждающейся, в поправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, котором с полным могут гордиться киргизские деятели просвещения – создатели реформы, как крупным культурным завоеваням» [17,32],– деп айырықша атап айтқан еді.

Сөйтіп, қазақ пен татар арабтық ескі жазуын реформалап, алғаш рет өзінің төл әліпбиін құрастырғанына қарамастан, орыстандарудың осындай жымысқы саясатының нәтижесінде Кеңестер Одағының орыс, грузин, армяндардан өзге халықтарының бәрі – латын жазуына көшірілді.

Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуіне байланысты 1929 жылы емле (орфография) ережесі бекітіледі. Бұл ережеде кірме сөздердің жазылуы туралы А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты оқулығындағы [15], сондай-ақ оның Баку қаласында өткен Бүкілодақтық бірінші түркологиялық съезде айтқан пікірлері басшылыққа алынды. Мәселен, А.Байтұрсынұлы аталған съезде жасаған баяндамасында пән сөздері (терминдері) ретінде алынып жүрген еуропа тілдеріндегі сөздердің айтылуы қазақ тілінің табиғатына сәйкес келмейтінін ескерте келіп: «Поэтому мы все иностранные слова будем брать в таком виде, чтобы это было легко для произношения казаков. Точно так же и другие тюркские народы не должны считаться с происхождением слов, а должны считаться с говором, с артикуляцией населения» [17, 277],– деп кірме сөздерді жергілікті тіл емлесі бойынша жазу керектігін көрсеткен.

Кірме сөздердің жазылу емлесіне байланысты Х.Досмұхамедұлы 1924 жылы: «Аурупа жұрты латын сөздерін термин қылып қолданғанда бұлжытпай алып отырған жоқ, әр сөзді әркім өз тіліне бейімдеп өзгертіп қолданып жүр, сөзді өзгерткенде әрқайсысы өз тілдерінің заңымен өзгертеді» [18, 95],– деп жазды. Осы бағытты қолдаушылардың бірі Е.Омарұлы сол жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, – оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек» [19, 97],– деп бөтен тілден сөз қабылдаудың дұрыс жолын көрсетеді.

Сол кезде қазақ зиялыларының арасында жат сөздерді тілдің табиғатына бейімдеп алуды қолдайтындар көп болғандықтан, әрі орыс тілінен енген сөздерді қазақша жазу мәселесіне саяси қысым әлі жасала қоймағандықтан, 1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген емле ережесі бойынша орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің заңдылығына бейімделіп жазылды. Оған Қазақстандағы латын жазуы тарихын зерттеуші Н.Әміржанованың еңбегіндегі 1929 жылғы орфоргафиялық ережедегі орыс тілінен енген сөздердің жазылуы дәлел бола алады [20, 190-195].

Сөйтіп, Кеңес Одағы құрамындағы түркі тілдес халықтардың латынша жазуға көшіп, ортақ жазу арқылы бір-бірімізбен тығыз байланыс орнатамыз, түркі әлемінің басын біріктіреміз, түркі халықтарына ортақ әдеби тіл қалыптастырамыз деген мақсат-мүддесі алғашқы онжылдықта орындала бастағандай еді. Алайда, батыс зерттеушілері атап көрсеткендей, түркі халықтарының әрқайсысы өз тілдерімен ауызша сөйлесіп, бірін-бірі жақсы түсінгенімен, экономикалық және мәдени қарым-қатынастары өте алшақтап кеткендіктен, оның іске асу мүмкіндігі неғайбыл болмапты [21,8]. Оны кейінгі жылдардағы кеңестік үкіметтің тіл саясатынан да айқын көреміз.

1938 жылға дейін кірме сөздердің бәрі латын әріптерімен қазақша айтылым (орфоэфия) заңы бойынша жазылыпты: «сатсыйализм», «сатсыйалист», «кәмүніс», «балшабек», «репорма», «сәбет», «пебырал», «сабнарком», «пұртакол» сияқты т.б. Сол жылы толықтырылып қабылданған ереженің 10-пунктінде: «Бұрынғы әліппемізде жоқтықтан тіліміздегі түрі бұзылып келген дыбысы бар сөздер, енді дұрысталып естілген жерлерінде х, ф, в дауыссыз дыбыстарының әріптерімен жазылады. Мысалы, хат, хан, химия, фазыл, вагон, совет түрінде жазылады. Қат, қан, қыймыйа, пазыл, бәгөн, сәбет түрінде жазылмайды» [20, 97],– деп көрсетілген.

Кезіндегі араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуын латыншаға ауыстырудың астарында орыстандыру саясатының жатқанын кирилл жазуының түр-тұлғасынан да көреміз. Себебі орыс жазуының (кириллица) өзі латын немесе грек әліпбиі негізінде қалыптасқандықтан, егер қазақ жазуы латыншаға көше қалған жағдайда оны кейінірек орыс жазуымен оп-оңай алмастыра салып, орыстандыру саясатын емін-еркін жүргізе беруге кеңірек жол ашылатын еді. Солай болды да.

Латынша қазақ әліпбиін қабылдауға қарсы болған Алаш зиялылары түгелге дерлік репрессияланған соң, 1937 жылдан басталған дайындықтан кейін ешқандай талдау-сараптаусыз, дау-дамайсыз 1940 жылы мемлекеттік тілдік саясаттың және мемлекеттік тәртіптік күштердің ықпалымен латынша қазақ жазуы кирилл әліпбиіне көшірілді. Сөйтіп, қазақ жазуы тарихында болған Ахмет Байтұрсынұлының зор еңбегімен алғаш рет құрастырылған қазақтың арабша төл әліпбиі де, соның дыбыстық жүйесіне негізделіп дайындалып, 1938 жылға дейін қолданыста болған латынша қазақ әліпбиі де қолданыстан шығарылды.

КСРО өкіметі ілгерде орыстандыру саясатын елеусіз жалғастырып келген болса, Алаш зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, баршасына дерлігі атылып кеткеннен кейін, еш қарсылықтың жоқтығын пайдаланып, 1940 жылдардан бастап сол саясатын ашық жүргізуді қолға алды. Оған КСРО құрамында болған ҚазКСР-дың конституциялық құқығының кеңестік коммунистік саяси жүйенің ұстанымына тәуелді болғаны да қатты ықпал еткен болатын. Соған байланысты 1940-1991 жылдар аралығындағы қазақ әдеби тілінің республикалық қоғамдық-әлеуметтік қызметі шектеулі болғаны көпшілікке аян. Ол, негізінен, ауылдық, кейбір аймақтарда аудандық деңгейде ғана кеңсе ісқағаздарын жүргізуде қолданылатындығы болмаса, мемлекеттік тіл мәртебесінде пайдаланылмай, ғылым мен инженерлік-техникалық жоғары білім алуда, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік салада, дипломатия мен ел басқару саласында өзінің толыққанды қызметін атқара алған жоқ. Республикадағы қазақтілді қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ғана қолданылатын қарым-қатынас тілі болып қала берді.

Дегенмен кеңестік саяси жүйе қазақ қоғамын орыстандыруға қаншалықты тырысып бақса да, көркем әдебиет пен баспасөз тілінің үздіксіз қазақша дамуына кедергі бола алмады. Өйткені қазақ ұлты секілді сан мыңдаған жылдар бойы қалыптасып орныққан халықтың көркем-эстетикалық таным-біліктілікке деген құштарлығы еш уақытта төмендеген емес.

Қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиін кеңестік-коммунистік жүйенің тілдік (ұлттық) саясатының ықпалымен ф.ғ.д., профессор С.Аманжолов құрастырды. Ол оны қазақ тілінде жоқ орыс әріптерімен толықтырды. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің бітім-болмысына, табиғи заңдылығына жат ережелерді кіргізіп, жазу емлесін өзгертіп, оны күрделендіріп жіберуге әкелді. Сондықтан қазақ тілі емле (орфография) сөздіктері бірнеше рет (1940, 1957, 1978, 1983) қайта өңделіп отырды [22,7]. Соңғы нұсқа 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен «Орфографиялық сөздікте» негізге алынды [23].

Осы уақыттар (1940 жылдан бүгінге дейін) аралығында қазақ тілінің табиғатынан тыс дыбыс таңбаларымен толытырылған әліпбиімізді, ескертулерден аяқ алып жүргісіз емле ережелерімізді мақтап, «орыс тілінің игі әсері арқасында тіліміз байыды, кез келген шетел сөздерін жаза да, айта да алатын болдық» деп қазақ тілінің белгілі ғалымдары еңбектер жазады [24; 25, 199-205; 26, 48; 27, 22 т.б.]

Дыбыстық жүйесі мүлде кереғар, грамматикалық құрылымы сәйкес келмейтін тілдерге (қазақ, орыс) ортақ ереже шығару әрекеті емле ережелерін ескертулерге толтырып жіберді. Бұл қиындықтан шығудың жолын көрсетпек болып, тағы бір қазақ ғалымдары арнайы ғылыми еңбек те дайындады [28].

Бірақ ондай ғалымдармен келіспеушілер де болды. Көрнекті ғалым С.Мырзабеков қазақ тілі дыбыстық жүйесінің үндестік заңын сақтау қажеттілігін дәлелдеп ұзақ жылдар бойы тынбай еңбектенді [29]. Ал қазақ тілі дыбыстық жүйесінің (фонетикасының) теріс бағытта зерттеліп жүргенін алғаш рет Ә.Жүнісбеков [30, 24] көрсеткен еді.

Ол өзінің бір еңбегінде былай деп жазады: «Тіл туыстығы мен тіл ұқсастығы жоқ орыс тілінің дыбыстары, біріншіден, қазақ тілінің дыбыс санын бірден көбейтіп жіберді. Екіншіден, үндесім үлгісі келіспейтін кірме сөздер көбейіп кетті. Үшіншіден, қазақ жазуының емле-ережелерін күрделендіріп жіберді. Бұл – орыс тілінің тіл бұзар ықпалдарының негізгілері ғана» [31, 12].

Тіл бұзар ықпалдан құтылудың бір ғана жолы бар – ол әліпби ауыстыру екені даусыз. «... Әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына деген қарсылық деп түсінбей, қазақ тілінің жазуына реформа жасау деп бағалау керек» [32, 7]. Ол – қазақ тілі жазуын жетілдіруге бағытталған келелі іс. Сол себептен оның күрделі де маңызды мәселелері жеткілікті. Соның бірі – қолданыста болып келе жатқан өзгетілдік қоғамдық-саяси сөздерді жаңа әліпбимен таңбалау мәселесі болып табылады.

Қазақ тілі емлесін төл табиғатына әкеліп, реформалау мәселесі латын әліпбиі жобаларын жасаудан басталып отыр. Қазақ қоғамы, соның ішінде қазақтілділер бұл мәселеге белсене атсалысып, 100-ден астам жоба ұсынылды. Оған шетелдегі қазақтар да, тіпті, өзгетілді ағайындар да үн қосып келеді [33].

Оларды шартты түрде үш бағытта топтастыруға болады. 1-бағыт ортақ түркі әліпбиін құру мақсатында кеңейтілген (астылы-үстілі белгілері бар) латынға негізделеді (Ә.Жүнісбек т.б.). 2-бағыт «бір дыбысқа бір таңба» ұстанымы бойынша пернетақтада жоқ дыбыс таңбалары үшін диакриттік белгіні пайдаланады (Р.Абдықадыров т.б.). 3-бағыт негізгі латын таңбаларын ғана алып, пернетақтаға сыймай қалған дыбыстар үшін қосарланған таңбаларды пайдаланады (А.Шәріпбай т.б.). Соңғы екі бағыт компьютерлік бағдарламаларды мүлтіксіз пайдалану мақсатын көздейді.

Қазіргі қолданыстағы кирилге негізделген қазақ әліпбиінде орыс тілінің барлық әріптері толығымен қоса қамтылғаны белгілі. Соған қатысты латынша жоба нұсқаларындағы дыбыс таңбаларының саны да әралуан. Кейбірі (Ә.Жүнісбек, Б.Қаңтарбайұлы) қазақтың төл дыбыстарына ғана арналған 28 таңбамен шектелуді жөн көреді. Енді біреулері (М.Малбақұлы, А.Шәріпбай) кірме в, ф, х дыбыстары қосылған 31 әріптік әліпбиді жақтайды.

Әліпбидегі дыбыс таңбаларына қарай емле ережелері түзілетіні белгілі. Осыған байланысты 28 және 31 таңбалы әліпби жобалары арасында келіспеушілік бар. Алғашқысы қазақ тілін бастапқы таза, яғни айтылым қалпына келтіруді, ол үшін кірме в, ф, х дыбыстарынан тазартуды ұсынады. Ол бойынша кірме сөздерді жазу үлгісі мынадай: халық – қалық, фабрика – пабрика немесе пәбрике, вагон – багон немесе уагон). Соңғысы, яғни в, ф, х дыбыстары сақталуы тиіс деп есептейтіндер. «В, ф, в дыбыстарын қалдыру керек» деушілердің қатарында қазақ тілінің майталман мамандары да аз емес. Олар: «Бұл «в, ф, х» дыбыстары тілімізге орныққан, оларды айтуға артикуляциялық базамыз қалыптасқан. Оны қайта өзгерту мүмкін емес. Сондықтан да бұл таңбалар жаңа әліпбидің құрамында болуға тиіс» деп біледі.

Сөйтіп, қазіргі уақытта мәселені шешудің екі жолы ұсынылып отыр: бірінші ұстанымдағылар қазақтың 28 төл дыбысымен шектеліп, айтылым бойынша жазуды көздесе, екінші ұстанымдағылар тілімізге орнығып қалған өзгетілдік «в, ф, х» дыбыстарын әліпби құрамында қалдырып, бұрынғы жазылым емлесін сақтауды мақсат тұтады. Осындай қайшылықтың барына қарамастан, екі бағыттың да жақтаушылары қазақ тілі емле ережелерін қайта қарастыруды қолдайды. Өйткені бәріміздің мақсатымыз – болашақ ұрпақ үшін ұлттық әліпби түзіп, жазу емлесін дұрыстау болып отыр.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты /Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

 

2 Байтұрсынұлы А. «Қазақ» газеті, 1913, № 2, бас мақала.

11 Ильминский Н.И. Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам. – Казань, 1883.

3 Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. Алматы: «Арыс», 2007.

4 Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010, –115 б.

5 Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. –Алматы: «Атамұра-Қазақстан», 1993.

6 Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. –Қазан,– Б. 80.

7 Нұрбаев М. «Әліппе». –Уфа, 1910; Ерғалиұлы З. «Қазақ әліппесі». –Қазан, 1910; Малдыбаев М. «Қазақша әліппе». –Қазан, 1912; Сәрсекеев Х., Арабаев И. «Әліппе». –Уфа, 1913; Сырғалин К. «Қазақша ең жаңа әліппе» –Қазан, 1914.

8 Байтұрсынов А. Оқу құралы. – Семей, 1922.

9 Бүкілресейлік орталық атқару комитеті (ВЦИК) мен Халық комиссариат кеңесінің (СНК) 1918 жылғы 15 ақпандағы №2 декреті.

10 Сталин И. В. Собрание сочинений. Том 4.  М. 1948.

11 Болтенкова JI. Ф. Интернационализм в действии. – Mосква, 1988.

12 Михайлов M. M. Двуязычие: проблемы, поиски. – Чебоксары, 1989.

13 Bacon E. E. Central Asians under Russian Rule. A Study in Cultural Change. Ithaca, 1966.

14 Базарова В.В. Латинизация бурят-монгольской письменности: опыт культурно-исторической модернизации в 1920-1930 гг. – Улан-Удэ, 2006. – С. 365.

15 Стенографический отчет научно-орфографической конференции, созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. –Кызылорда, 1930 – С. 482.

16 Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 3 т. – Алматы: «Алаш»,  2005. – 352 б.

17 Поливанов Е.Д. Новая казак-киргизская (Байтурсыновская) орфография. – Ташкент, 1926.

18 Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 4 т. – Алматы: «Алаш», 2005. – 320 б.

19 Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы. – 1991.

20 Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. –Алматы. 2005. – 144 б.

21 Әміржанова Н. Қазақстандағы латын жазуының тарихи тағлымы. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. – 2012 ж. – 300 б.

22 Bennigsen A., Quelquejay Ch. The Evolution of the Muslim Nationalities of the USSR and their Linguistic Problems Oxford, 1967. 214.

23 Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. – Алматы: «Қазақстан», 1988.

24 Орфографиялық сөздік / Құраст.: Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, Ғ.Әнес. – Алматы: Тіл білімі институты, 2007. – 480 б.

25 Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы.

26 Сыздықова Р. Жанпейісов Е. Қазақ тілінің тарихы. – Алматы: «Мектеп» – 1968. – 239 б.

27 Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі. – Алматы: «Эвро». – 1997.

28 Барлыбаева Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. –Алматы: «Мектеп», 1978. –144 б.

29 Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. – Алматы: «Ғылым», 1986.

30 Мырзабеков С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. –Алматы: «Сөздік-Словарь». 2001.

31 Джунисбеков А. Проблемы тюркской словесной просодий и сингармонизм казахского слова. – Алма-Ата: АДД, 1988.

32 Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: «Арыс», 2009.,Қазақ жазуы: Төл дыбыс – төл әліпби. – Астана, 2013.

33 Азер Хасрет: «Біз қателестік, Сіздер қателеспеңіздер!». http://www.azerhasret.com/

Бейбіт Жәлелұлы 

Abai.kz

 

 

2 пікір