Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3766 0 пікір 6 Маусым, 2016 сағат 08:38

«ТҮНЕКТЕН ОРАЛҒАН ЕСІМДЕРДІҢ» ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Алматыдағы Ұлттық кітапханада жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаевтың жақында  «Рух БГ» баспасынан жарық көрген «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Сталиндік репрессиялар құрбандары жайындағы төрт томдық жинақтың «Төрт күлік» деп аталатын алғашқы кітабы қазақтың тұңғыш ұлттық мемлекеті ретінде құрылған «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейханов, екі жылдай республикалық режимде жұмыс істеген Батыс Алаш-Орданың төрағасы Жаһаншаһ Досмұхамедов, Түркістан жұмхұриятының премьер-министрі, қазақ саяси эмиграциясының көрнекті өкілі, күллі түркі халықтары азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқай және Сауди Арабстанда кеңес дәуірінде тұңғыш  совет елшісі болған Нәзір Төреқұлов сынды қайраткерлердің  өмірі мен қызметін көрсетуге арналған. «Іргетас» атты екінші кітап бірінші орыс революциясы жылдары Мемлекеттік дума мінберінен патша үкіметінің отаршылдық әрекеттерінің астарын әшкерелеп, империя жер саясатын тұңғыш және жеке-дара сынаған Бақытжан Қаратаев, алғашқы Түркістан автономиясының басшы қызметкерлері Серәлі Лапин, Қоңырқожа Қожықов, қазақ азаттық қозғалысының белсенді өкілдері Ахмет Бірімжанов, Шәймерден Қосшығұлов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Елеусін Бұйрин,  Жақып Ақбаев, Абылай Серғазиев, Төреқұл Жанұзақов  жайында сыр шертеді. «Үш пері» деп аталған үшінші кітап кеңестік қазақ саясаткерлері арасындағы аса ірі тұлғалар Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов туралы әңгімелейді. «Қабырға» атты төртінші кітапқа автордың республика үкіметінің басшысы Ораз Исаев, сондай-ақ мемлекет, әдебиет және мәдениет қайраткерлері Санжар Асфендияров, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Дінше Әділов, Сұлтан Сегізбаев, Жанайдар Садуақасов, Левон Мирзоян, Ғабдұлхәкім Бөкейханов, Темірбек Жүргенов жөніндегі  зерттеу мақалалары топтастырылған.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында өткізілген бұл іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов пен «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы  Ғарифолла Әнес жүргізіп отырды. Олар кеңестік дәуірдегі билеуші партия қайта құру саясатын жария етісімен тарихтағы «ақтаңдақтарды» зерттеумен шұғылдана бастаған Бейбіт Қойшыбаевтың содан бергі отыз шақты жыл ішінде елеулі іс тындырғанын атап айтты. Оқырманға ұсынылып отырған аталмыш төрт томдықтың мәні мен маңызын әңгімелей келіп, оның тарих үшін зор бағалы еңбек екеніне  назар аударды. Ал автор өз сөзінде зерттеулерін қайта құру жылдары шаңырақ көтерген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы идеяларымен байланыстыра жүргізгенін, ізденістерін тереңдете келе, жекелеген қайраткерлер жайында түрлі деректі туындылар, Алаш қозғалысы жөнінде кең тынысты «Алаш жолы» рисәләсін жазғанын әңгімеледі.  Жиынға қатысқан қоғам қайраткерлері, тарихшылар, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жазушы Б. Қойшыбаевтың халқымыздың басына түскен  қайғылы да күрделі кезең шындығын ашудағы елеулі жұмыстарына ризашылықтарын білдірді. Ардагерлер Ілиясұлы Саят  Жансүгіров, Клара  Асылбекқызы Сейітова, Әли Оразұлы Жандосов, Марат  Садықұлы Нұрпейісов, сондай-ақ тарихшы-ғалым Әлімғазы Дәулетхан, қоғам қайраткерлері Молдағали Матқан, Болат Дүйсенбі, журналистер Көлбай Адырбекұлы, Ермек Зәңгіров, дәрігер Кәмел Құлмағамбетов, оқытушы Аманбай Ахметов, басқа да қатысушылар қаламгердің зерттеулері жайындағы ойларын ортаға салды, жастар өкілдері өз пікірлерін айтты, патриоттық тақырыптағы өлеңдерін оқыды.

Балжан ХАБДИНА

Абай-ақпарат

 

 

0 пікір