Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5502 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 05:20

Кино түсіру – еріккеннің ермегі емес

Жаңабек Жетіруов, кинорежиссер: Қазір көшедегілер де кино түсіретін болды

Жаңабек Жетіруов, кинорежиссер: Қазір көшедегілер де кино түсіретін болды

Отандық кино саласының бірнеше маманы әлемге әйгілі Голливуд киностудиясында білім алатын болды. Бұған «Қазығұрт» киностудиясының директоры Сәбит Әбдіхалықов пен «АLD капитал групп» продюсерлік орталығының басшысы Азамат Әшімов сияқты адамдар бармақшы. Қазақ киносының көсегесін көгертуге осындай қадамдар керек пе?
– Қазір киностудияға келген жаңа басшылық қазақ кино өнерін жаңа бір сапаға көтеру үшін қолда бар мүмкіншіліктің бәрін пайдаланып жатыр. Қаншама жылдардан бері қордаланып қалған киномамандары мәселесімен ғана емес, сонымен қатар, киностудияны толық технологиялық процесті аяқтауға мүмкіндік беретін жабдықтармен қамтамасыз етуді де қолға алды. Яғни біз енді дыбыс жазу үшін Мәскеу,Прага деп ел аралап жүрмейміз. Киноға бөлінген ақша толық студияда қалады.  Голливудқа кеткен азаматтар туралы айтатын болсақ,оларды іріктеген комиссия мүшелерінің арасында мен болған жоқпын. Сондықтан олардың қабілеті мен мүмкіншіліктері туралы ештеңе айта алмаймын. Шын кино маманы болып шығу үшін бір ай жеткіліксіз, ал режиссер не сценарист болу үшін адам өмір бойы дайындалуы керек. Голливудқа кеткен сегіз адамның ішінен,ең болмағанда екі адам шын маман болып оралса, онда оларға жұмсалған ақша мен есепсіз еңбек далаға кетпегені деп айтуға болады.
Кино түсіру – еріккеннің ермегі емес. Кәсіби деңгейде оқыған азаматтар ғана фильм түсірудің жауапкершілігін сезінеді. Қазір киномамандығынан мүлдем махұрым адамдар да кино түсіріп жүр. Ал олар өздерінің не жасап, не қойғанын да жеткізіп айта алмайды. Олар  халық көріп жатыр деген сөзді желеу етіп, өздеріне айтылып жатқан сын ескерпені құлағына да ілгісі келмейді..Халық көргеннің бәрін кино дейтін болсақ, онда Голливудке адам жіберіп оқытудың қажеті қанша. Қазір кино бар елде қым- қуыт тіршілік бар, қоғамдық қозғалыс бар елде кино бар деген ұғым қалыптасқан.Сондықтан елімізде болып жатқан өзгерістер кино өнерінде көрініс табатыны сөзсіз.
Қым-қиғаш кино өнерінің қиындығы неде?
–Жазушыға өз ойын айтып жеткізу үшін қалам мен қағаз керек, суретшіге бояу,композиторға аспап,ал режиссерге қаржы керек. Сенің жүрегіңде бір тылсым дүние буырқанып жатса да оны басқа адамдардың қолдауынсыз жарыққа шығара алмайсың, қолыңнан түк келмей, жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Фильм  түсіруде режиссердің көріп болжап отырған әлемін  басқа ешкім көре алмауы мүмкін.Оны суреттеп беруге сөз жетпейді. Мәселен сен керемет сценарий жазасың да көркемдік кеңеске апарасың. Көркемдік кеңес саған «мынауыңнан ештеңе шықпайды» дейді. Не дейсің, 12 адамға қарсы шыға алмайсың ғой.  Менің «Аққыз» деген киножобамның да тағдыры солай болды. Үш жыл бойы директорға да, көркемдік кеңеске де көрсеттім. Бәрі де: «Жоқ, бұдан кино шықпайды, бұл мистика, фильмнің болашағы бұлыңғыр» деген сияқты әңгіме айтты. Дегенмен, Құдайға шүкір, қазір әдеби талғамы жоғары, кино саласынан хабары бар, қазақи дүниетанымы мейлінше терең азамат Ермек Аманшаев  мені түсініп бұл жобаның болашағына сеніммен қарап, көмектесуге уәде берді.

 

 

Қазақ көрермені түрі сары, көзі көк адамдарды көруден жалықты

Сіз түсірген фильмдер өзге режиссерлердің туындыларымен салыстырғанда несімен ерекшленеді?
– 2006 жылы «Дүниежарық» атты фильмім Турин фестиваліне қатысып, сол жерде ең басты төрт жүлдені қанжығасына байлады. Содан бері ол фильм әлі  туған жеріне оралған жоқ, Еуропаны аралап жүр. Ал оған көремендердің қызығушылығын тудырып отырған —  ондағы кейіпкерлер ұлттық болмыстағы адамдар. Кеиіпкердің мінезі де психолгиясы да, жүріп тұруы мен іс әрекетінде қайталанбайтын дүниелер бар. Ол сол  әлемдік проблемалармен айналысады. Мысалы, қария теміржолда жүріп өз сезімі арқылы жолдағы кемшіліктерді анықтайды. Бұл жердегі жол деп отырғанымыз ол тек қана шалдың баласы жұмыс істейтін  жол бөлігі ғана емес, ол адамзат баласын байланыстыратын жол. Ол жолмен қазақ қана жүрмейді, орыс та, француз да, бәрі де жүреді. Қазір дүниежүзіндегі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, байланыс жасауға шек қойылмайды ғой. Сол себепті фильм ұтымды шықты. Қазақ өте кеңпейіл, қонақжай халық дейміз. Бұл фильм қазақтардың жаны  кең, жүрегі ақ, қабілеті ұшан теңіз деген пікір қалыптастырады. 
Кинотуындыда міндетті түрде қазақтың болмысын, дүниетанымын көрсету үшін жәй этнографиялық дүниелермен шектелу аздық етеді. Біз қазақи болмысымызды көрсету үшін одан да тереңге үңілуіміз керек. Биыл жүзеге асырам ба деп отырған «Аққыз» фильмінің сценариін мен қазақ дүниесінің пайда болуы туралы мифологиялық аңызына сүйеніп жаздым. «Аққыз» деген ҚАЗАҚ деген сөз. Яғни, біз ақ қаздан жаралғанбыз, анамыз аққу деген аңыз бар. Ол аңыз бойынша Алла тағала жерді жаратпай тұрып жануарлардың ішіндегі ең киелісі қасиетті, сұлу аққуды жаратады.Төменде көк теңіз, төбеде көк аспан соның ортасында аққу ұшып келе жатады.Қанша ұшқаны белгісіз, қойнындағы жұмыртқаларының салмағы басты ма қанаты талады. Ол көк теңіздің үстіне келіп қонады.Тұмсығымен өз жүнін жұлып судың бетіне ұя салады.Сол жерге жұмыртқаларын орналастырады.Бір жұмыртқа суға түсіп кетеді одан су астындағы балықтар, ал ұядан жер және барлық тіршілік пайда болыпты.Міне осы аңыз сценарий жазуға негіз болды.  Бұл туындыда мифке сенген қыз өмір сүреді. Қазіргі жағдайда мифтік сана сезіммен  өмір сүру — қорғансыздық.Себебі адам мен табиғат арасында жүріп жатқан майданда адамдар үстем болып келеді.
«Жаралы сезім» мен «Жетімдер» фильмдерінің режиссері Еркін Рақышевтің мамандығы кинорежиссер емес. Қалай ойлайсыз, кино түсіру ісі мамандыққа бағына ма?
— Біздің қазақ халқының бойында тумысынан пайда болған өнерлері бар. Мысалы, ақындық өнер, жыраулық өнер, күйшілік өнер. Ата-бабалардан қалған сынықшы деген қасиет бар. Кино — біздің төл өнеріміз емес. Ол бізге Еуропадан келген өнер. Оның бойында  музыка, сәулет, бейнелеу, театр өнері бар. Ал, Рақышев дегенің арнайы білім алмаған азамат. Оның бойында қандай рухани дүние болуы мүмкін. Кино туралы бір кітіп оқымай,ол мамандықпен айналысу, тайгада адасып қалған соқыр адаммен бірдей.Сіз ол мамандықтан махұрым болсаңыз, сіз кімге не айтып, кімді неге үйретпексіз.Сіз өзіңіздің қуыс кеудеңізден шыққан шала жансар дүниеңізді халыққа көрсетіп көрерменнің қанын сорып, қалтасын қағып жүруге жұмсаңыз. Ол үшін ар соты алдында жауап бересіз.

 

 

Қазақ киносына қазақ актерлері түсуі керек

– Көбінесе, киноларымызда театр актерлері ойнайды. Мысалы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында кино актерлерін оқытатын кинотану секілді мамандықтар бар. Бізде де алдағы уақытта фильмдерімізге таза кино актерлерін кірістіру керек шығар...
— Кеңестік кезеңде  кино актерлері Мәскеуден оқу бітіріп келіп «Қазақфильмнің» штатына тіркелетін. Жылына төрт-бес кино түсірілсе, соған өзіміздің актерлерді жұмылдыруға тырысатын. 90-жылдардан бастап әкімшілік жүйе өзгеріп, сол кезде пайда болған «жаңа толқын» өкілдері өздерінің фильмдеріне кәсіби актерлерді шақырған жоқ. Олар өз кейіпкерлерін көшеден іздеді.Міне сол дәстүр кешегі күндерге дейін жалғасты.Әрине бұл біздің актерлер үшін үлкен трагедия болды.Себебі осынша уақыт роль күтіп сарсылып отыру мүмкін емес еді. Актер сұранысқа ие болмағаннан кеиін ол мамандықтан қадір кетеді. Одан кеиін жастар да бойында таланты болып тұрса да актер болуды армандамайды. Ал енді «Қазақфильм» аяғынан тұрып, жылына он шақты фильм түсіруге мүмкіндік алғанда, кейбір кинотоптар рольге қажетті актерлерді шам алып іздеп таппай жатыр.  Мен де қазір  өз фильміме қазақтың қызын іздеп жатырмын. Әдемі, көзінің оты бар, тәкаппар, жан-дүниесі бай болса деймін.  «Қазақфильмде» актерлердің картотекасы бар. Бірақ таба алмай жатырмыз. Қазақтың бүкіл мәдениетін бойына сіңірген, көкірегі кеніш шал іздеп жатырмын.
Шетелден актер шақыртуға қалай қарайсыз?
– Мен өз фильмдеріме сценариді өзім жазамын және оны жазу барысында осы кеиіпкерді кім сомдайды екен деп ойлап отырамын. Кейде белгілі бір актерге арнап та жазатын кезің болады. Ал енді ол рольді шет елдік бір актерге бере салу мен үшін ақылға сыймайтын дүние. Шетелден келген актер қазақтың жан-дүниесін, болмысын  қалай көрсетеді? Оның түрі ұқсағанмен ішкі дүниесі басқа ғой. Классикалық шығармаларды ойнату үшін шет елден актер шақыруға болатын шығар. Ал енді киноны қазақтың ақшасына түсіріп жатқан соң, оған  қазақ актерлерін түсірген дұрыс.
Түсірген фильмдеріңіздің ішінде топ жарып, қомақты жүлдені иеленген кездер болды ма?
— «Дүниежарық» фильмі жиырмадан астам халықаралық кинофестивальға қатысып жеті жүлдеге ие болды. Былтыр фильм Халықаралық Канн фестиваліне шақырылды, ал жылдың аяғында Швецарияның Цюрих қаласында өткен «Дүние жүзі киносы» деген халықаралық фестивальда болды. Бұл менің көркем фильм жанрындағы алғашқы туындым. Ал оған дейін еліміздің тарихына байланысты, жеке тұлғалар туралы қырықтан астам деректі фильмдер жасадым. Жәңгір хан, Махамбет, Кенесары, Абай, Жамбыл, Елбасымыз жайлы бірнеше фильм түсірдім. Қазір Тұрмағамбет Ізтілеуұлы туралы фильм түсіру жұмыстарымен айналысудамын. Маусым айынан бастап Қызылорда,Ташкент, Бұқарада   деректі фильмді түсіру жұмыстары жалғасады.

 

 

Әңгімеңізге рахмет.
Автор Олжас Қасым   
«Қазақстан-Заман» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499