Жұма, 19 Сәуір 2024
Ауыс-түйіс 4571 0 пікір 21 Маусым, 2016 сағат 18:35

АҚОРДА АҚ ЖАҒАЛЫЛАРДЫ АЛМАСТЫРЫП ЖАТЫР. НЫҒМАТУЛИНГЕ МӘЖІЛІСТІ БАСҚАРУДЫ ҰСЫНДЫ

Астанада тағы да ауыс-түйіс. Бүгін Бас қаланың басшысы болып ендігі экс-министр Әсет Исекешев тағайындалды. Әсет Өрентайұлы осыған дейін ҚР Инвестиция және даму министрі болып қызмет атқарып келген болатын.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы жарлығында экс-министрді Астана қаласының әкімі лауазымына тағайындау туралы айтылған.

«Исекешев Әсет Өрентайұлы Астана қаласының әкімі болып тағайындалсын және ҚР Инвестиция және даму министрі қызыметінен босатылсын»,-делінген Президент жарлығында.

Әсет Исекешев Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың орынтағына отырыпты.

Ал Исекешев мырзаның орнына үлкен осыған дейін «креслолардан» көрінбесе де, көп шендінің көмекшісі болып жүрген Жеңіс Қасымбек мырза отырыпты.

Ал экс-әкім Әділбек Рыскелдіұлы Президенттің пәрменімен ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалған. Естеріңізде болса, Жақсыбеков мырза «жақсылы-жаманды» бұл қызметті осыған дейін бір мәрте атқарып көрген еді.

Бүгін ҚР Президентінің бұйрығымен ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі болып келген Нұрлан Зайроллаұлы ҚР Мәжілісінің депутаты болып сайланған еді.

Қазақстандық саясаттанушылар Нұрлан Нығматулиннің кадрлық кері шегінісіне түрлі баға беріп, болжамдар айтты. Саясаттанушылар Нұрлан Нығматулиннің ҚР Парламенті Мәжілісінің «спикері» болуы мүмкін екендігін де айтқан.

Ақорда қабырғасындағы «шахматтық» жүрістің де сыры ашылды, бүгін. ҚР Мемлекет басшысы бүгін Нұрлан Нығматулинді Мәжілістің жаңа «спикері» етіп тағайындауды ұсыныпты. Ал қазіргі «спикер» Бақтықожа ақсақал Ізмұхапмбетов  Республикалық ақсақалдар алқасының төрағалығына ауысты.  Парламенттегі зейнет жасында депутаттың әм төрағаның қызметтік өкілеттілігін Елбасының өзі 2018 жылға дейін ұзартып берген болатын.

Бүгінгі тағайындау Қазақстанның ішкі саяси жүйесінде үлкен өзгерістердің орын алатындығын аңғарта ма? Бұл «жүріс» осыған дейін көп айтылып келген «Парламенттік басқару» жүйесіне өтудің алғашқы баспалдақтары болуы мүмкін бе?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

0 пікір