Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4430 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 15:18

Алматыда "Дін мен тарих тағылымы" тақырыбында дөңгелек үстел өтті

АЛМАТЫДА «ДІН МЕН ТАРИХ ТАҒЛЫМЫ» ТАҚЫРЫБЫ АЯСЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

 

Алматыда «Дін мен тарих тағлымы» тақырыбында ҚР білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті «Ғылым ордасында» дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызмет.

Басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Мысыр елшілігінің мәдениет және білім ісі жөніндегі орталығының директоры Хемдан Ибрахим, Дін философиясын зерттеуші ғалым, ИИР –ның Мәдениет және дін істері жөніндегі кеңесшісі Доктор Акбар Хамидзаде, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факултетінің деканы, профессор Баян Нұрсұлтанқызы, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Меңлібекұлы және таришы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді жүргізуші «Ғылым ордасы» Бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Бақытжанұлы Ислам дінінің Қазақстанға келуі мен таралуына және оның басты кезеңдерін талдай отырып, жалпы қазақ қоғамындағы Ислам дінінің алатын орнына ғылыми тұрғыдан пайымдау жасады.

ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Діни басқарманың «Дін мен тарих тағлымы» жылы аясында атқарып жатқан жұмыстарын баяндау барысында Ислам діні VII ғасырда пайда болып, VIII ғасырда қазақ даласына келгенін, Х ғасырдың соңында Орта Азия мемлекеттерінің ресми діні мәртебесіне ие болғанын, Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақ халқының рухани, мәдени өмірінде өсіп-өркендеу процессі қайта жаңғырғанын «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» кітабының негізінде баяндады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жақында тарихи тұлғаларымыздың діни сарында жазылған мұраларын жинақтап, «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап шығарды. Ондағы ақын-жыраулардың, дін қайраткерлерінің өлең-жырлары ұлтымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дүниетанымының, адамгершілік принциптерінің, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының төл дініміздің мұраттарымен сай келетіндігін, екеуінің бір арнада тоғысатындығын көрсетеді. Бұл қазақ халқы Ислам дінін толыққанды ұстанған ұлт екенін дәлелдей түседі. Бұл кітапты жарыққа шығарудағы мақсатымыз – теріс пиғылды идеологиялық басқыншылыққа қарсы ұлттық имани иммунитетті күшейту», – деді  наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.

Ғалымдардың ойын жалғастырған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Қыдыр жат ағыммен күресуде діни мұраларымызды халыққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Қазіргі уақыттағы ең басты мәселе жат ағыммен қалай күресеміз деген сұрақ? Түрік данышпаны: «Адам түп тірегінен алыстайды, бірақ, ол негізіне қайта оралады», – дейді. Демек, ол түп негіз дегеніміз – тарих.   Сондықтан, біз жүріп өткен жолымызға, тарихымызға діни тұрғыдан үңілуіміз керек. Елімізге Ислам діні 90-шы жылдары ғана келген жоқ. Ал, дәстүрлі діни танымға оралуымыз үшін тарихи жәдігерлерімізді жаңғыртып, діни шығармаларды қайта жарыққа шығаруымыз қажет. Қолдағы барымызбен мақтана бермей осы құндылықтарымызды ғылыми айналымға түсіріп, халыққа жеткізу маңызды», – деді Т.Қыдыр.

Исламтанушы ғалым Алау Әділбаев 90-шы жылдардағы дінге деген көзқарас пен Исламның зерттелу деңгейін айта келе, діни мұраларды ғылыми айналымға түсіріп, халыққа жеткізу жолдарын қарастыруды ұсынды.

«Ислам дінінің қазақ қоғамында алатын рөлін дін мамандары ғана тілге тиек ететін, енді зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдарымыз тұщымды пікірлерін айтып жатыр. Сондықтан, бұл басқосу еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта дін мамандары мен тарихшы ғалымдарымыз бірлесіп атқаратын жұмыс өтте көп. Осы тұста бір ұсыныс айтқым келеді. Діни мұраларымызды халыққа жеткізу үшін арнайы қор құрылса елдің болшағын ойлаған азаматтар қолдау көрсетеді деп сенемін», – деді Алау Әділбаев.   

Шара барысында қонақтарға ғылыми кітапхана қорындағы құнды жәдігерлер таныстырылып, кең көлемді көрме ұйымдастырылды.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606