Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 8892 0 пікір 24 Маусым, 2016 сағат 13:14

Берік УӘЛИ. АЛАШ СӨЗІНІҢ АМАНАТЫ (ФОТО)

 

Қазақтың  арғы-бергі тарихында  ұлт үшін қызмет қылған,   халқының азаттығы үшін,  өзгемен терезесі тең болуы үшін  жаны мен  малын пида  қылған қайраткерлер аз емес.  Алаш баласының азаттық алғанының 25 жылдығы мен  1916 жылғы  Ұлт-азаттық  қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында  сол ұлт  үшін  еңбек  қылған  арыстар өміріне, арттарында  қалдырған мұраларына   үңіліп қою өмір  талабы тәрізді сезілген. Оның үстіне Алашорда үкіметінің  басшысы Әлихан Бөкейханның туғанына да  биыл 150 жыл толыпты. Демек,  ұлт қайраткерлерінің есті сөздерін бір жинаққа топтастырмақ  ниетіміз де осынау атаулы оқиғалармен сәйкес келуі тегін емес. Ашығын айтар болсақ,  ұлт  тарихында  айрықша  орын алатын  оқиғалардың мерейтойлы  жылында алаш қайраткерлерінің асыл  сөздерін  жинақтауды арнайы қолға алдық. Өйткені, есіл ерлерді еске алуда мемлекеттің атқарар  жұмысы бір бөлек те,  азаматтардың қылар еңбегі бір  бөлек. Ендеше, «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітапты құрастыру кезінде осы борышымызды сезіндік. Әрі  бұл  мерейтойларға арнаған тарту-таралғымыз болсын дедік.

Негізі қазақтың  тарихында  артына  ұлағатты сөз,  ғибратты  өнеге  қалдырған  қайраткерлер аз емес. Ескі дәуірдегі  Тұмар патшайымға,  Ғұн патшасы Мөде тәңірқұтына телінетін сөздер мен ғибратты әңгімелер,  Көктүріктің көсемдері  Білге мен Күлтегіннің, Тоныкөк абыздың  тасқа қашап қалдырған  өсиеттері тек мәдени-әдеби һәм тарихи мұра ғана емес, мемлекеттіліктің негіздерін  сипаттаған  астарлы ұғымдар еді.  Оларды,  одан  бергі  Шыңғыстың, Әз Жәнібектің,  Тәуке, Абылай заманының абыздары, жыраулары,  билері,  көсемдері мен шешендері қалдырған қанатты сөздер де талай әңгімеге арқау,  талай  кітапқа  жүк  болар еді. Біз олардың барлығын  жинап-теруді  мұрат тұтпадық. Біз тек ХХ ғасырдың  басында қазақтың ғана емес, бауырлас түркі халықтарының өмірінде өзіндік із қалдырған алаш қайраткерлерінің есті  сөздерін  жинақтадық. Әлихан  Бөкейханнан бастап Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі алаш арыстарының асыл сөздерін  жинадық.  Әрине,  барлық алаш қайраткерлерінің айтқандарын, жазған-сызғандарын  жинақтай алмағанымыз анық. Өйткені,  шаң  басқан мұрағаттарда жатқан әлі біраз дерек бізге ашылған жоқ.  Одан соң,  артына   жақсы сөз қалдыруды  емес,  ғибратты іс қалдыруды аңсаған азаматтар да өтті сол ғасырдың басында.  Сондықтан, «Алаш айтқан асыл сөз»  кітабына енгізілген  отызға жуық қайраткердің сөзі алаш идеясының мәні мен маңызын,  сол қайраткерлердің  білімі мен білігін,  ұлтқа  қылған   қызметін толық сипаттап беруге  жете қоймас. Бірақ,  ұрпаққа  өнеге болсын дедік. Қолда барды  жинастырдық.

Жалпы,  біздің Ұлы далада  есте  жоқ ескі замандардан, адамзат жылқы  қолға үйретіп, үзеңгіге аяғын салған сәттен, сонау  Сақ, Ғұн заманынан бері мемлекеттілік дәстүрі  үзілмеген.  Бірде алып империялар құрып асқақтаса, бірде  ыдырап,  жаһанның шартарабына тарады біздің бабалар.  Сол мемлекеттілік идеясын жалғастырған, ел болуды мұрат тұтқан  қайраткерлердің үлкен  шоғыры ХХ ғасырдың басында  тарих сахнасына  шыққан-ды. Олар, яғни алаш қайраткерлері көнеден келе жатқан, көшпендіге тән мемлекет құруды емес, заман талабына жауап берер, еуропалық стандарттағы ел болуға ұмтылған.  Олардың  саяси күрестерінің де   «жалаңаш барып жауға  шабар» көзсіз батырлыққа емес, саясатқа,  білім мен ағартуға, демократиялық  принциптерге  құрылуының себебі сол болса керек. Сондықтан, бұл қайраткерлердің ойлары ХХІ ғасырдың да бірқатар шындығына, сын-қатеріне, сауалдарына  жауап  береді. Содан да болар, Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде:  «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!» деген-ді. Демек,  мемлекеттілік мұраты, Алаш идеясы, Тәуелсіздік деген ұғымдар бір-біріне жалғасты, ұлттың өмір сүруіне тірек болған түсініктер. «Алаш айтқан асыл сөз»  кітабына осы ұғымдар мен түсініктерді сипаттаған  қанатты сөздерді  жинақтадық.

Әлемде, әдебиет пен саясатта, жалпы қоғамда түрлі ғұламалардың,  қайраткерлер мен саясаткерлердің қанатты сөздерін цитата ретінде беру,  әңгімеге арқау ету дәстүрі  ежелден бар. Біздің де атқамінерлер мен  зиялы қауым өкілдері  Уинстон Черчиллдің,  Мұстафа Кемал Ататүріктің, Махатма Ганди мен  Джорд Вашингтонның, атағы алысқа кеткен жазушылар мен  ғалымдардың астары терең, мағыналы сөздерін  жиі  пайдаланып жатады. Бірақ,  кейде өзіміздегі қазынаны назардан тыс қалдырып алып жатамыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенге саятын іс бұл. Бәлкім,  бұл жағдай қайраткерлердің қоғам, саясат, мемлекет сияқты маңызды тақырыптарға қатысты айтқан пікірлерін дер кезінде жинақтай алмағанымыздан да туындап жатқан шығар. «Алаш айтқан асыл сөз» сол кеңістікті толтыруға бағытталып отыр. Кетікке  шағын кірпіш  болып қаланса дейміз. Оқырман біздің бұл ниетімізді  түсінер деген үміттеміз.

Жалпы, «Алаш айтқан асыл сөз» кітабын екі бағытты қамтыды. Алғашқысы, тікелей қайраткерлердің ғибратты сөздерін топтастыру мақсатында болса, екіншісі сол азаматтардың өзара қарым-қатынасын, бірлік-берекесін  айғақтайды. Қанатты сөздер мен пікірлер саясат, кәсіп, білім, тіл, дін,  жер, әскер мәселелері, сот жүйесі, әдебиет, мәдениет,  баспасөз,  тарих, руханият тақырыптарының  төңірегіне  топтастырылды. Ең маңыздысы, бір ғасыр  бұрын айтылған пікірлердің қазір де өміршең екендігін көрсеткіміз келді. Мәселен, Міржақып Дулатұлының  «Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын, онан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көріп атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек», - дейді.  Яғни,  алаш арысы осынау пікірі арқылы  заң шығарушы орган қызметкерлеріне, тұтас қоғам  мүшелеріне  аса жоғары талап қойып  отыр. Бұл маңыздылығы  жағынан  бүгінде де өзекті. Өйткені,  біздің қоғам  депутаттардан көп дүние  күтетіні өтірік емес. Тағы бір мысалды Жүсіпбек Аймауытұлының сөзінен келтірейік. Алаш қайраткері: «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай- шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын», - дейді.  Осы пікірімен  мемлекеттік қызметшіге  талап қояды.  Мемлекеттік қызметкердің ұлтқа, қоғамға қызметінің қаншалықты маңызды екендігін сипаттайды бұл  пікір. Жүсіпбек Аймауытұлы  соны айтқысы келеді. Ал,  Әлихан Бөкейхан болса: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны  дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», - дейді. Сөйтіп,  баршамызға үлкен-кішіге,  хан мен қарашаға,  тұтас ұрпаққа міндет  жүктеп тұр. Дұрысы, Ұлт көсемі жаңа міндет  жүктемейді,  тек  ғасырлардан келе жатқан азаматтық, тіпті адамзаттық  борышымызды ескертіп тұр. Бұл ескерту  мыңдаған жылдар бұрын да маңызды еді, ХХ ғасырда да  өзекті  болды, ХХІ ғасырда да, тіпті алдыңғы  мыңжылдықтарда да мән-маңызын  жоймақ емес. Міне, алаш  қайраткерлерінің аузынан осындай  сөздер шығып, қаламдарынан осындай ойлар туыпты. «Алаш айтқан асыл сөзге»  осы ойлардың  бірқатарын  жинақтадық.

Ал, екінші тараудағы қайраткерлердің арасындағы береке-бірлік, ағалық-інілік байланыстар, бір-біріне берген бағалары  тіптен  бөлек әңгіме. Өйткені,  сол қайраткерлер Абай мысалға келтіретін «Өнер алды – бірлік, ырыс алды-тірлік» деген мақалды сезінген, түйсінген жандар. Олар  «малға бірлік емес, жанға бірлік қылған» азаматтар  болатын. Ендеше, Алаш  қайраткерлерінің береке-бірлігінің қандай  болғандығын да шама-шарқымыз келгенде сол арыстардың өз сөздері арқылы ашып көрсетуге тырыстық. Әрине, «айналасы жұп-жұмыр», мүкәммал  кітап жасадық демек емеспіз. Тек азаматтық борышымызды өтеуге  тырыстық.  Ұлт  мұрасын  жинап-теріп, өздеріңізге қайта ұсындық. Одан басқа еңбегіміз жоқ біздің. Олай болса,  мархабат! «Алаш айтқан асыл сөз» Сізге де ой салар бәлкім, құрметті оқырман! Кітап Сізге қарай  жол тартты. Құтты болсын бәрімізге!

 

 

Берік УӘЛИ, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері 

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530