Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 6843 0 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 11:45

ӨЛІКТЕР МЕКЕНІНДЕ ДЕ ӨМІР БАР НЕМЕСЕ МӘЙІТ ЖУУШЫМЕН СҰХБАТТАН КЕЙІН ТУҒАН КЕРМЕК ОЙ

Алматыда жасы келіп қайтыс болған бір әжейдің артында жоқтаушысы болмағандықтан, сүйегіне кіретін адам таба алмағаны туралы сол оқиғаның басы-қасында болған ағайымыздың өз аузынан естігенім бар еді. «Сол кезде басқа шарамыз болмаған соң, мәйітті жууға амалсыз екі орыс келіншекті кіргіздік» деді. «Сонда қалай, артында жанашыр жақыны жоқ жандарды ақтық сапарға шығарып салу қызметтерін көрсететін елімізде арнайы мекеме болмағаны ма» деген мәселе еріксіз ойландырды. Ешкім де бұл дүниеде басына іс түспейінше, ешкімді түсіне алмайды. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деп, дана халқымыз аруақтарға ерекше құрмет көрсетеді. Біз мұсылман болғандықтан, артында ізбасар ұрпағы не туған-туысы жоқ жандарды да шариғат жолымен жуындырып, ақ кебіндеп ақтық сапарына шығарып салу парызымыз. Өкінішке орай, мәйітті жерлеу рәсімі туралы сөз ете қалсақ, кейбір шенеуніктеріміз пантеон мен крематорий салу туралы ой толғайды.

Мәйіт жуушы демекші, қоғамымызда кез келген адамның жүрегі дауалап істей бермейтін қаншама жұмыстар бар. Сондай жұмыстардың бірі мәйітханаларда өлі денелерді жуу шығар. Олар туралы ойлағанда, іштей «басқа жұмысты емес, неге осы жұмысты таңдады екен?» деген ойға қаласың. Осындай ой бізді Алматыдағы бір мәйітханаға жетеледі.

«… Жансыз болса да, өліктерге қызмет еткен ұнайды»

Біз барған мәйітхана Алматының халық көп шоғырланған бөлігінде орналасқан. Бұл жерде жұмыс таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 17-де аяқталады. Таңғы сағат 8.00-ден 14.00-ге дейін мәйітті сойып, тігіп, жуып, кебіндеу жұмыстары жүргізілсе, 14.00-ден кейін мәйіттерді туған-туыстарына тапсырып, журналға тіркейді.

Марқұмдарға тірілер тарапынан көрсетілетін ақтық қызмет туралы білуге жорналшылық жағынан қызығушылығым болғанмен, бұл мекеменің табалдырығын жүрексініп әзер аттадым. Ал бұл жерде таңертеңнен кешке дейін қызмет етіп жүрген қаншама жандар бар. Мекеме басшыларының айтуларынша, мұнда келіп тұрақты жұмыс жасайтындар сирек көрінеді. Себебі көбісі жұмыстың ауырлығына шыдамайды, оған қоса, жалақысы да аз. Одан кейін ең қорқынышты жер екені белгілі. Дегенмен, бұл жұмысты жан-тәнімен беріліп, ықыластана атқаратындар да бар. Осы мекемеде ұзақ жылдар бойы қызмет еткендердің бірі — Мұрат Меңдияров. Бұған дейін түрлі салаларда жұмыстар істеген ол, тұрақты жұмысын ақыры мәйітханадан тапқан. Небәрі 30-40 мың теңге көлемінде жалақы алса да, ол өзін басқа жұмыста елестете де алмайтынын айтады.

«Менің осы салада келе жатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Бұдан бұрын жекеменшік жерлеу фирмаларында жұмыс істедім. Ол жақта жалақы бірде болса, бірде болмайды. Кейіннен үкіметке қарасты мекеме деп, осы жұмысқа ауыстым. Ешқандай да медициналық мамандығым жоқ, тек кіші медициналық қызметкер ретінде жұмыс істеймін», — деді ол. «Ал сіздің бұл жердегі қызметтік міндеттеріңізге не кіреді?» деген сұрағыма Мұрат: «Мәйіттерді аурухана дәрігерлерінің берген бұйрығы бойынша сойып, тігіп, жуындырамыз. Союдағы мақсатымыз — өлім себебін анықтау», — деп жауап берді.

«Қанша дегенмен мәйітханада жұмыс істеуге кез келген адамның жүрегі дауаламасы анық. Ал сіз неліктен осы жерді таңдадыңыз? Жұмысыңызды өзгерту туралы ойлап көрдіңіз бе?» — деген көкейімдегі сауалды бүгіп қала алмадым. Бәзбіреулер бұл тектес жұмыстарды мәжбүрліктен жасаса, бізге Мұрат мырзаның берген жауабы тосын әрі таңқаларлық еді. «Жоқ, өзіме осы жұмысым ұнайды. Басқа жұмысқа барғым келмейді. Маған өлі де болса, мәйіттерге қызмет еткен ұнайды. Ойлаңызшы, бақилық болған жанды жуып, кебіндеп, құдіретті Жаратқанның құзырына бару үшін соңғы сапарына әдемі етіп шығарып салу маған жүктелген. Сондықтан жалақысы аз болса да, бұл жұмысымнан кеткім келмейді. Әрине, екі қолға бір күрек деп, басқа саладан да нан тауып, жұмыс істеуге болар еді. Мәселен, әр адамның бойында бір іске бейімділігі болады ғой, сол секілді мәйіт жуу менің жаныма жақын іс деп айтар едім», — деді ол.

«Бұл жерде бай да, кедей де бір…»

«Ал қоғамдық орындарда сіздің мәйіт жуушы екеніңізді естігендердің реакциясы қандай болады?» — деп сұрадым мен одан. «Біз, әрине, бұндайда «жұмсарту» әдісі арқылы тігісін жатқызып жеткіземіз. Артық әңгіме мен сөзді көбейтпес үшін зертханада, прозектурада (мед. патологоанатомиялық бюро дегеннің баламасы) жұмыс істеймін дей саламын. Бұл терминді көп адам білмегендіктен, «а-а, түсіндім» дей салады. Әйтпесе «моргте, мәйітханада жұмыс істеймін» дейтін болсақ, адамдар әртүрлі қабылдайды. Ондай жағдай басымыздан өткен. Біреулер шошып кетеді, құдды бізден жаналғыш тәрізді үркіп, жанымыздан тұра қашатындары да болады. Ал біреуі таң қалып, неше түрлі сұрақтың астына алады. Бізге бұл ұнамайды. Ең абзалы, мәйітханадан шыққаннан кейін жұмыста болған жәйттерді сонда қалдырып, реті келсе жұмыстағы көңіл күйді сол жерде тастап кету. Сонымен қатар, мәйітхананың табалдырығынан аттай бере, жеке өмірдегі көңіл күйден арылу керек. Себебі мұнда қайғыдан қан жұтқан адамдар келеді. Жұмыс барысында түрлі жайттарға кезігіп жатамыз. Сондай кездерде сезімге беріліп, соның әсерінен шыға алмай, оны апарып кешке отбасыңмен, жақындарыңмен бөлісетін болсаң, бұл ешкімге де пайда әкелмейді», — деді ағынан жарылып.

Сыртқы жүнді қампайтып көрсетуге құмар қазақ емеспіз бе?! О дүниелік болғанына ондаған жылдар өткен атасына ат шаптырып, ас беруге құмартатын халықпыз. Той-думанды былай қойып, қаралы үйдің дастарқанын да сынға алып жатамыз. Сондай сынап-мінеген сөздерден қашып, жоқ-жұқа жандардың өзі «көштен қалмайық» деп, дастарқанын барынша сән-салтанатпен жасауға тырысады. Біздің осындай дарақы мінезіміз мәйітханада да көрініс беріп, жақындарын өзгелерден ерекше арулап жуындырып, кебіндеуді талап ететіндер бар ма деген сұраққа кейіпкерімнен естіген жауабым көңіліме медеу болды. «Қазақ, мұсылман болғаннан кейін бе екен, ешкім де бізге әсіреталаптар қойған емес. Әйтпесе небір елге атақты, танымал жандар, әртістердің ата-аналары, туысқандары, тіпті әртістердің өздері де алдымыздан өтті. Өлгеннен кейін өзіңмен бірге ешнәрсе алып кете алмайсың деген рас ғой. Шетелде алтын жалатылған, күміс тастармен көмкерілген табыттар бар шығар, ал бізде бай болсын, кедей болсын, барлығына бірдей қызмет көрсетіледі. Бәрі де жиырма метр мата мен жуындыратын сабын, орамалын әкеп береді. Жуындырып, кебіндеп береміз. Кілем әкеп беретіндер болады, ондай жағдайда мәйітті кілемге орап береміз. Бәріне бірдей қараймыз, алалап бөлмейміз. Қара жамылып тұрған адам «мен бай едім, менің бақилық болған жақыным немесе бауырым ерекше жағдайда жерленсін» демейді. Олардың бар тілектері «денесін сақтап беріңіздерші» деу ғана. Сол сияқты «осындай күні жерлейтін едік, мына күні жолға шығуымыз керек немесе алыста тұратын едік, дұрыстап берсеңіздер екен» деген қалаулары болмаса, басқа әсіретілектері болмайды», — деді ол.

«Ал мәйітханада жұмыс істеу сізге нені ұғындырды?» — деген сұрағыма Мұрат Маратұлының берген жауабы да ерекше тебірентерлік еді: «Бұл жұмыс өмірдің жалған екенін, хан болсаң да, қара болсаң да, өлгеннен кейін сенің құның бірнеше метрлік ақ мата екенін, мейлі бай бол, мейлі кедей бол, барлық адамның терезесі тең екенін ұғындырды. Жалғанда біреу байлыққа, біреу атаққа жүгіреді. Бес күндік тірлікте арпалысқан адамдардың ақыр соңында жататын жері екі метр қабір екенін түсініп, өмірдің мән-мағынасын одан сайын сезіне бастайсың. Бәрінің де өтпелі екеніне, өлгеннен кейін жалған дүниенің саған пайда бермейтініне көзің жетеді. Ең бастысы, имандылыққа бет бұрып, өміріңді мағыналы өткізу керектігін түсіндіреді. Өмірде қанша күшті болсаң да, бай бол мейлі, патша бол, барша адамзаттың соңғы тұрағы қабір екенін сезінгенде, қызылды-жасылды дүниенің жалғандығын мойындайсың».

Мәйітханада өлілерді аттандырудың рәсімі жасалады


Одан соң мәйітхананың тағы бір қызметкерімен әңгімелестім. Есімі — Күләйхан. Ол таңнан кешке дейінгі уақытын өлі мүрделердің жанында өткізеді. Ол аздай, жақынынан айырылып, құса болған пенделерді сабырға шақырып, жұбату да еріксіз міндетіне айналған. Оның қызметі — өліктерді тіркеуші.
«Осында келіп түскен мәйіттердің құжаттарын тіркеп, бас дәрігердің нұсқауымен диагноз қою мақсатында мәйітті сою немесе соймау туралы бұйрықтарды ретімен толтырып, туыстарына марқұмның қайтыс болғандығы туралы анықтама беру — негізгі міндетім. Одан бөлек, мәйітті сою процесіне кіремін. Мәселен, бүгін бізге үш мәйітті әкелді. Сенбі күні алтау болды. Әр күні әрқалай…
Кейбіреулер қайғының қара бұлты үйіріліп, жақыны қазаға ұшырағанда қайда барарын, не істерін білмей жатады. Сондай кезде ақылымызды айтамыз. «Құжатты мына жаққа өткізіңіз, ана жерге барып, мәйітті жерлеуге жер бөлуге келісіңіз. Мешітке барыңыз, табыттарды сол жақтан алуға болады» дегендей, қызметтік міндетімізге кірмесе де, осындай ақыл-кеңесіміз бен көмегімізден аянбаймыз. Тіпті такси шақырып та береміз. Мұнда ұрысуға, эмоцияңды көрсетуге болмайды. Қара жамылып отырған адамға қуанышымыз бен қайғымызды байқатпауға тырысамыз. Өзімізді қалыпты ұстап, бәріне салқынқандылықпен қараймыз. Керісінше психолог ретінде психологиялық көмектер беремін. Оларды сабырға шақырып, жұбатуға тырысамын. Халық жадында мәйітхана құдды жаналғыш мекен дегендей түсінік бар ғой. Көбісі басында бізге ұрысып келеді. Сабырға шақырып, бізбен кездескеннен кейін ғана басқаша ойлай бастайды. Содан кейін марқұмның жақындарынан алдымен қандай қызметтерді пайдаланғысы келетінін сұраймын. Олар жақындарын ақтық сапарға шығарып салу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасағысы келеді. Жуындыруды, қажет болса қырындыруды, тіпті бальзамдатуды да қалап, ақшаларын аямайды», — дейді Күләйхан апа.
«Сонда қызмет құны қандай деңгей-де?» — дедім мен. «Әртүрлі ғой. Қалалық әкімшілік тарапынан бекітілген арнайы қызмет ақылары бар. Мәселен, мәйітті жуу — 1610 теңге, кебіндеу — 1155, қырындыру, косметикалық әрлеу — 1855, тоңазытқышта сақтау (бір тәулік) — 3000, бальзамдау — 14 725 теңге, арнайы залда діни рәсімдерді өткізу — 1605, одан әрі патогистологиялық зерттеу түрлеріне қарай қызмет бағасы да түрліше жалғаса береді», — деп жауап берді ол.

«Көбінесе қай жастағылар, қандай ауру түрлері көптеп кездеседі?» — деген сұрағыма: «Бұнда көбінесе инфаркт миокарда, инсульт, пневмония секілді аурулардан қайтыс болатындар жиі кездеседі. Қайтыс болатындардың орташа жас мөлшері 45-80 аралығында», — деді.
Елімізде әртүрлі ұлттың өкілдері тұратындықтан, мәйітті жууда әр халықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Ал мұсылмандар шариғат жолымен жууды парыз деп санағаннан кейін, мекеме қызметкерлерінің айтуларынша, марқұмның туыстары көп жағдайда молдаларды алып келеді. «Көп жағдайда молданың қатысуымен, нұсқауымен жуып береміз. Өз білгендеріңізбен жуып беріңіздер немесе өзіміз жуамыз дейтіндер кездеседі. Ондайда мәйіт жууға арналған арнайы залды босатып береміз. Өздері кіріп, жуып, кебіндеп алады. Жуындыру кезінде кіріп, қарап тұруды сұрайтын туысқандары да болады. Соңғы сапарға шығарып салған адамның алар сауабы мол деп айтады ғой. Біз де бұл жерде өмірге басқаша қарап, қамшының сабындай қысқа ғұмырды бағалап, сауапты істер істеуге дағдыландық», — дейді мәйітхана қызметкері.

Мәйітханадан еңсем езіліп, өмірдің жалғандығын еріксіз мойындап, көңілім құлазып шықтым. Мұнда өткізген бас-аяғы 40-50 минут маған өмірге адамзаттың тек қонақ екендігін одан сайын сезіндіргендей. Қысқа ғана ғұмырымызда бір-бірімізді ренжітіп жатамыз. Барлығымыз да жолаушымыз, соңғы аялдамамыз қабір болмақ. Сондықтан, ағайын, жалған дүниеде бір-бірімізді аялап, бір-біріміздің қадірімізді біліп, сыйласып жүрейікші.

Нұргүл Жамбылқызы «Қазақстан Заман» газеті

Abai.kz

 

 

0 пікір