Жұма, 29 Наурыз 2024
Өз сөзі 7204 0 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 18:40

АДАМДЫ ШЫНШЫЛДЫҒЫ ҮШІН КІНӘЛАУҒА БОЛА МА?

Өткен 2015-жылдың сәуір айында Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева маған келіп, мұғалімдерді аудан билігі тарапынан «сенбілік» арқылы 15 күндей қара жұмысқа жегетінін, сайлауға, санаққа араластырып, тіптен халықтың қой-сиырына дейін санаттырып, әкімшілік қызметкерлерінің жұмыстарын түгелдей мектеп мұғалімдеріне жүктейтіні және әншілердің концерттеріне билет сатып алу мұғалімдерге міндеттелетіні жайлы шындықты жеткізген болатын.


Білім саласында болып жатқан келеңсіз жағдайларға  көз жұма  қарай алмай, көмектесуге бел будым. Өзім баcқаратын «Жалын» журналының қызметкері Жанна Иманқұлға Айман Сағидуллаеваның пікірін қағазға түсіріп, баспаға дайындауға тапсырма бердім.

«Мұғалімдердің мүшкіл халі немесе оларды биліктің қолбаласы болудан қалай құтқарамыз?» деген тақырыптағы мақала «Жалын» журналының 2015 жылғы 4-ші санында жарияланды. Бүкпесіз, таза шындыққа құрылған, мұғалімдердің мүшкіл халін ашып көрсеткен мақаланы «Қазақстан-Заман», «Төртінші билік», «Дат», «Ашық алаң» т.б. газеттер мен «Абай.кз», «Ұлт.кз», «Қамшы» сияқты интернет сайттары да жарыса жазды. «31 арна», «Таң» телеарналары әділетсіз жүйе тудырып отырған жағдайлар туралы арнайы хабар жүргізді.

Мен мұғалімдердің басындағы бұл киындықтарға байланысты сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке ашық хат жолдадым.

Айман Сағидуллаеваға шындықты жайып салғаны үшін қазіргі кезеңде үлкен қысым көрсетіліп жатыр екен. Жақында «Азаттық» радиосында http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_rights_of_teachers/27784042.html Ақсақалдар «ақылын» тыңдамаған мұғалімге ескерту берілді», «Абай.кз» сайтында http://www.abai.kz/post/view?id=7969 «Қарасайлық ақсақалдар ұстазға қысым көрсетті», «Абай.кз» сайтында «Шыншыл ұстаз жұмыстан шығарыла ма?» деген мақалалар басылыпты.

Жаңатұрмыс мектебінің  директоры Б.Нүсіпбекова 2016 жылдың 19-шы мамырында Қарасай ауданының барлық округтерінен ақсақалдар алқасының төрағаларын жинап, Райымбек ауылдық округінің әкімі Айдын Әуесбайды шақыртып, өзін «ата-анамын» деп таныстырған белгісіз әйелді кіргізіп, 3 сағатқа созылған жиналыс ашып, Айман Сағидуллаеваны орынсыз кінәлапты. Жиналыста «сен арандатушысың, мұғалімдерге «сенбілікке шықпаңдар», «концертке билет алмаңдар», «оқушыларға мектепті жөндеуге ақша бермеңдер деп үгіттеп, арандатып жүрсің» деген кінә тағады. Жан-жақтан былтырғы көтерген мәселелерге байланысты қарсы пікірлер айтылады.

Бұл әрине, ұят тірлік. Шындықты айтқаны үшін Сағидуллаеваға қысым көрсетуге бола ма? Айман шындық үшін, елдік, ұлттық мүдде жолында жағаласып жүрген қыз. Сондықтан мұндай әділетсіздіктен оны қорғау – шыншыл адамдардың міндеті.

Қаншама жылдар бойына мұғалімдерді биліктің қолбаласына айналдырған аудан, мектеп басшылығы, үздіксіз қысым жасау арқылы Айман Сағидуллаеваны жұмыстан шығаруды көздеп отырғаны айқын.

Республика көлемінде бірден бір қайсар, шыншыл ұстаз ретінде танылған Айман Сағидуллаеваға бұдан әрі де негізсіз қысым жасалып, оны жұмыстан шығару міндеті көлденең тұра берсе, онда бұл мәселе республика көлемінде талқыға салынатынын ескерткіміз келеді.

 

Мұхтар ШАХАНОВ, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, «Жалын» журналының бас редакторы, Қазақстанның халық жазушысы, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596