Жұма, 29 Наурыз 2024
Шынның жүзі 6533 0 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 19:09

ЕРМҰРАТ БАПИ: ҚАЗІРГІ ЖУРНАЛИСТИКА – "ИТ" СЕКІЛДІ... АЙТАҚТАН АРЫҒА АСА АЛМАЙДЫ

Міне, жылына бір рет "тойланатын" Журналистер күні де келіп жетті. Осы атаулы күннің қарсаңында біз тілшіліктің ыстығы мен суығын бір кісідей көрген белгілі журналист Ермұрат Бапимен еліміздегі БАҚ-тың бүгінгі жағдайы туралы аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік. 

- Халықаралық ұйымдар Қазақстанды «сөз бостандығы шектелген» елдер тізіміне кіргізіпті. Ертең журналистер қауымының төл мерекесі келе жатыр. Осы ретте Қазақстандағы БАҚ-тың қазіргі ахуалын қай деңгейге жатқызар едіңіз?

- Қазақстандағы бүгінгі журналистика және оның дамуы мүмкіндіктері туралы айтатын болсам, бұл – кәсіптің өз ішінде емес, қоғамның даму бағытының аңғарымында қарастыру керек деп ойлаймын. Сондықтан, қазақстандық БАҚ-тың дәл қазіргі ахуалы, сөз бостандығы деген мәселелердің барлығы елімізде қалыптасқан саяси ахуалдың шеңберінен шыға алмайтын жағдайда.

-Қазір қазақстандық БАҚ-ты екі топқа бөліп қарау қалыпты жағдайға айналып кетті ғой...

- Рас айтасың. Мен Қазақстанда журналистика керемет дамып алдыға кетті, елдік, мемлекеттік, ұлттық мәселелерді шешуде үлкен рөл атқаруда деп айта алмаймын. Қазіргі жағдайдағы БАҚ билік қанша мүмкіндік беруіне байланысты ғана өмір сүруде. Одан асып, белгіленген шектен ыршып кетіп, сондай бір керемет жетістіктерге жетіп жатыр деп айтуға келмейді. Расын айту керек қой. Өйткені елдегі сөз бостандығын шектеу журналистиканы да тұншықтырып, қылқындырып тастады. Мәселен, соңғы бірер айдын ішінде ғана болған жағдайларды салыстырып қарасаңыз, өзіңіздің көзіңіз жетеді. Мамыр айындағы митингілер, одан кейін Ақтөбедегі теракті төңірегінде... осы оқиғаларды сараптама түгілі жәй ғана ақпараттық тұрғыда халыққа жеткізген басылымдар санаулы ғана. Кейбір мемлекеттік басылымдар тек жартыкеш ақпарат берумен шектелсе, тиын-тебен алатын кей баспасөз биліктің аузына қарап, олардың шымбайына тиіп алмау үшін, сылап-сипап, әйтеуір айтпай қалды демессіннің керін киден ары аса алған жоқ.

- Өзіңіз айтып қалдыңыз ғой, қазір қоғамдағы өте нәзік тақырыптардың бірі – Жер мәселесі болып тұр. Осы тұрғыда журналистер қауымының кейбірінен «тәуелділік», «жалтақтық» байқалады. Азаматтық позициясын көрсете алмайтын қаламгерлер де жоқ емес. Тіпті, БАҚ-та бар...

- Нұргелді, қазір Қазақстанның баспасөзінде екі түрлі көзқарас қалыптасты. Біріншісі – жаңағы өзің айтып отырған байлаулы БАҚ-тар. Олар жерді жалға беруге болады екен немесе білгілі бір жағдайларда оны сатуға да болады екен деген позиция ұстанған журналистер болса, екіншісі, бұл мәселеге үзілді-кесілді қарсы шыққан журналистер болды. Бұл жерде мемлекеттік БАҚ өздерінің құрылтайшыларының айтуынан, айтағынан ары асып кете алмайды. Ал Тәуелсіз басылымдардың саны да, көлемі де аз. Ал Ақордадағы жоғарғы лауазымды шенеуніктердің өздері айтты ғой, «Жер туралы кодекс дұрыс, оны тиүсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген» деп. Сондықтан, биліктің айтып отырған түсіндіру жұмысы бірсарынды жүріп жатыр деп айтуымызға әбден болады. Осы тұрғыдан келгенде кейбір БАҚ халық арасына жаңсақ ақпарат таратып, елдің ерік-жігерін, ойын басқа арнаға бұрып,  биліктің әуелгі мақсатын қайткен күнде жүзеге асыруға септік болып жатқаны шындық.

- Сондай-ақ, дәл қазір елімізде дәстүрлі емес діни ағымдардың сойылын соғып жүргендер де көп. Тіпті билік құрылымдарында да, БАҚ басшылары арасында да мұндайлар көп деседі. Бұл да өз кезегінде Қазақстанның ішкі жағдайында әлеуметтің тыныштығын бұзушы фактор болып табылады ғой. Әсіресе ол БАҚ басшысы болса...

- Әлбетте дұрыс айтасың, соңғы Ақтөбе оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да өзі нақты ұстанымын танытты. «Ақтөбедегі жағдайға «сәләфиттер» кінәлі» деген сөз аузынан шықты. Бірақ, өкінішке орай осы тақырыпты дамыту, оны ары қарай Президенттің ұстанымы деңгейінде жүргізу мемлекеттік БАҚ тарапынан сондай бір ынталылық байқалмады.  Себебі, осы салафизм ағымы Қазақстанның әр түрлі әлеуметтік топтарының арасына, тіпті билік элитасының, БАҚ арасына да терең сіңіп кеткен.

- Сіздің басқаратын газет әуелден билікті сынап келеді. Ал енді бұл мәселеде Президенттің сөзімен келіспеске болмайтын сияқты ма, қалай?

- Біздің газетіміз саяси тұрғыда  билікке қанша жерден оппонент болғанымен, дәл осы Ақтөбе оқиғасы жөнінде, салафиттер жөнінде Президенттің пікірін толық қолдайды. Ал енді осы қолдау мемлекеттік БАҚ тарапынан сондай бір екпін  алып тұр деп айта алмаймын. Әдетте, Нұрсұлтан Назарбаев сәл бірдеңені  қозғай қалса, мемлекеттік БАҚ өре түрегеліп, жоқты бардай, барды дардай етіп көрсете қоюшы еді ғой. Ал енді сәләфиттерге келгенде осы ағымның залалы жөнінде немесе ұлттық дәстүрден қазақты аластату, араптандыру саясатын жүрігізіп жатқанын ашық көрсетіп, ұлттың болашағына зиян екенін көрсеткені болмай тұр. Әрине, әр түрлі арналарда әйтеуір «айтылмай қалмасынның» нобайымен тиіп-қашып бірдеңе көрсеткен болды.

-Мемлекеттік БАҚ-тың жағдайы түсінікті болды. Ал Тәуелсіз басылымдар деп жүргеніміз ше?

- Ал енді тәуелсіз басылымдар бұл мәселені шамалары келгенше айтып, жазып жатыр. Бірінен бірі көшіріп болсын, әйтеуір үлкен-үлкен мәселелер көтеріп жатыр. Оны оқырман қауым мен айтпасам да жақсы көріп, біліп отыр ғой. Қазақстанда Тәуелсіз басылым дегеннің өзі төрт-бес басылым ғой. Олардың жалпы таралымы жинақ саны 200 мыңнан аспайды. Осы мәселеге қатысты Президенттің өзі тұмсығанан түртіп тұрып, «сәләфиттер» деп айтқан мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан мән беруіміз керек еді.

-Бұрын Алтынбек Сәрсенбайұлының мұрындық болуымен, журналистер күнін атап өту қолға алынған еді. Қазір...

- Бұл мәселеге қатысты айтарым, жалпы Қазақстандағы баспасөз күнінің қай күні екенінің өзі даулы ғой. Нақты қай күнде журналистер кәсіби мерекесін атап өтетіні белгісіз болып қалды. Ұмытпасам, 1994 жылы «БАҚ туралы» Заң қабылданған күнді Алтынбек Сәрсенбаұлы марқұмның айтуымын, Президент белгілеп берген еді. Біз ол кезде басқа да мәселелер көтерген едік. Мысалы, «Дала уәлаяты», «Түркістан уаләяты» газеттерінің шыққан күндерін белгілейік деген мәселе көтерілген-тін. Бірақ, биліктің айтуымен, Тәуелсіз елдің алғашқы «БАҚ туралы» Заңы белгіленген күн болып қалған еді.  Кейін Алтекең оппозицияға  кеткен кезде билік осы күні Алтынбектің атымен байланыстырмасын деген ниетпен маусымның соңғы жексенбісіне ауыстырып жіберді.  Осылайша, ол әр түрлі күндерге ауысып кетті. Бұл нені білдіреді? Бұл биліктің БАҚ-қа деген көзқарасын білдіреді. Шыны сол - Қазақстандағы баспасөз биліктің ауласына байлап қойған ит секілді, керек кезінде үргізеді, қажет кезінде алдына сүйегін тастайды. Оны үйшігіне тұқыртып, қамап қоям десе тағы өзі біледі. Осы тұрғыдан келгенде жаңағы Қазақстандағы баспасөзді өзінің тақымына басып алу, өз дегенімен жүргізу саясаты қазір жүріп тұр.

- Жақында журналистердің кәсіби мерекесі келе жатыр. Ақорда жақ алалағанымен, бұрын Қазақстан Журналистер одағы «Сейдахмет Бердіқұлов» атындағы сыйлық секілді, жүлделер тапсырып, қаламгерлер қауымын бір қанаттандырып қоюшы еді. Биыл ол да жоқ...

- Сыйлық мәселесіне келетін болсақ, әрине былтырға дейін Қазақстан Журналистер одағы көптеген сыйлықтар тағайындап келген. Жаңағы өзің айтып отырған Сейдахмет Бердіқұлов, Амангелді Ахметәлиұлы, Бейбіт Құсанбек атындағы сыйлық секілді көптеген атаулы сыйлықтар болды. Содан кейін одақтың жеке номинациялары бойынша сыйлықтар таратылып келді. Жалпы жыл сайын 50-60 адам марапатталатын.  Биыл енді өздеріңе белгілі нақақ жаламен Сейітқазы Матаевты тұтқындап, оны үй қамаққа отырғызып қойғаннан кейін, мына сыйлықтардың да саны шектеліп қалды. Себебі, тек сыйлықтар емес, оның артында материалдық көмегі секілді мәселелер, оны ұйымдастыру,  оның басқа да жұмыстары бар ғой. Сейітқазы Матаевтың осындай  жағдайға түсуіне байланысты одақтың да жағдайы қыл үстінде тұрғаны шындық. Сондықтан, биыл Журналистер одағы 10 сыйлық тағайындап, таратты. Содан кейін одақтың сыйлықтарын алған журналисттердің арасында биліктің бірде бір өкілі болған жоқ. Сәуір, мамыр айларындағы халықтық наразылықтар мәселесінде кейбір БАҚ-тың жалтақтап, мемлекеттің айтағынан ары аса алмай, ала-құла ақпарат беріп, халықтың бір тобын екінші тобына қарсы қойып отырғандығы да ескерілді. «Журналист» деген өзінің ойын аргументтерге сүйеніп, фактілерге сүйеніп, тәуелсіз тұрғыда жеткізуі керек. Қазақ тілді баспасөз төртінші билік екенін дәлелдегіміз келсе, әуелі жалтақтықтан ада болуымыз керек.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет Ермұрат аға, тағы да мерекеңіз құтты болсын!

- Өздеріңе де шығармашылық табыл тілеймін!

Сұхбаттасқан - Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3547