Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 4696 0 пікір 18 Шілде, 2016 сағат 12:02

«ТІЛЕП АЛЫНҒАН» ТӨҢКЕРІС?!

Шілденің 15-нен 16-сына қараған түні Түркияда бір топ әскерилер Анкара мен Ыстамбұлда бірқатар стратегиялық маңызды нысандарды басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғанын естідік. Алайда халықтың көмегімен бірнеше сағат ішінде көтеріліс тұмшаланды. Төңкеріс жасауға ұмтылды, бүлікшілерді бастады деген айыппен Түркия Әскери Әуе Күштерінің бастығы, генерал Акын Өзтүрікке қарсы қылмыстық іс қозғалды. 

Түркияда 1960 жылдан бастағанда бұл осы күнге дейінгі бесінші әскери төңкеріс! Бастапқысы Жемал Гурсел бастаған әскерилер төңкерісі 1960 жылы 27-мамырда орын алған. Онда Түрік президенті Жәлел Баяр қамауға алынып, өткен ғасырдың елуінші жылдарында түрік жеріне қоныс аударған қазақтарға көп жақсылық жасаған Үкімет басшысы Аднан Мендерес өлім жазасына кесілді. Олардың демократиялық партиясы таратылды. 

Бұдан кейін 1971 жылы 12-наурызда Мамдуг Тагмач бастаған тағы бір әскери төңкеріс Премьер-министр Сүлеймен Демирелді биліктен тайдырды. Он жылдай уақыттан кейін 1980 жылы 12-қыркүйекте Түркия Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Кенан Эврен бастаған кезекті әскери төңкеріс арада билікке қайтып оралған Сүлеймен Демирелді тағы да тақтан мұрттай ұшырды. Әскерилер Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесін құрды. Партияларға, кәсіподақтарға тыйым салынды. Бірақ Түрік елі біртіндеп демократиялық бастауларға қайтып оралып отырды.

1997 жылы 28-ақпанда бейбіт сипатта тағы бір әскери төңкеріс жасалды. Әскерилер Ататүрік өсиет еткендей мемлекеттің зайырлы сипатын сақтап қалу туралы Меморандум жариялады. Осы әрекеттің салдарынан Үкімет басшысы Нежметдин Ербакан доғарысқа кетті. Оның ниеттесі, ол кезде Стамбұл қаласының мэрі болған Реджеп Таиип Ердоган қуғынға ұшыратылды. Саяси өзгерістер ықпалымен күресті ары қарай жалғастыру мақсатында ол Әділеттілік пен даму партиясын құрды. 
2002 жылы қиын жолмен Үкімет басына әзер келген Ердоган елге инвестиция тартудың мүмкіндіктерін жақсартты. Девальвация тоқтады. Экономика күрт алға басты. Ердоган басқарған 2012 жылға дейінгі он жылдың ішінде елдегі шынайы ЖІӨ 64 пайызға, жан басына шаққандағы ЖІӨ 43 пайызға өсті. Сонымен бірге Ердоганнның беделі де өрледі. Халық оны жақсы көретін.

Жалпы Түркияда 2000 жылдарға дейін ұзақ мерзім әскерилердің ықпалы аса үлкен еді. Әскерилер ел дамуында діни бағытқа бетбұрыстың тосқауылы, партиялық егесте тараптарды тежеуші-теңгеруші күш, көлегейлі құдіретті билік боллатын.

Ердоган өзі билік еткен жылдарда Түркияның ішіндегі әскерилердің ықпалын төмендетуге, азаматтық билікті күшейтуге ұмтылды. Сондықтан әскерилерге қарсы жазалау шараларын қатаң жүргізді. Әсіресе 2011 жылы «Эргенекон» ісі бойынша коррупциямен айыпталған үш жүзден астам генерал мен офицер жазаға тартылғаны есте. Бұл қадамдарды да халық түсіністікпен қабылдады.

Бірақ соңғы жылдарда Ердоганның ұстанған бағытынан авторитарлық, диктаторлық белгілер біліне бастады. Конституцияны өз ыңғайына қарай өзгерту, сөйтіп билігін сақтап қалуға ұмтылу, әлеуметтік шаралар (үйде отырған әйелдерге ай сайын 400 доллар шамасында қаражат төлеуге ұмтылу) т.б. арқылы электоратты өзіне бұру сияқты саяси қадамдарға барды. Халықаралық қатынастарда да кейбір ағаттықтарға (Ресеймен жағдайды ушықтыру) жол берілді. Бірқатар сарапшылар Ердоганды тирандар қатарына қосып жүр.

2014 жылы 25-ақпанда Түркияда сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тергеу кезінде Премьер-министр Реджеп Таиип Ердоганның ұлы Білалмен телефон арқылы сөйлескен сөздері жария болып кетті. Әңгіме 2013 жылғы 17-18 желтоқсанда өткен. Онда үйлерінде сақталған коррупциялық орасан мол нақты ақшаны (кейбір деректерде 1 млрд АҚШ долларындай) жедел түрде жасыру мәселесі сөз етілген. Ертесіне қалған 30 миллиондай долларды не істеу керектігі жөнінде сөйлеседі. Министрлер Кабинетінің сайтында бұл туралы дереу «аморалдық монтаж» яғни жала жабу екендігі туралы жазба пайда болады. Бірақ көп адамдар бұған сене қойған жоқ.

Ердоган болса «сасқан үйрек артымен ұшады» дегендей мұндай әрекетті жалақорлық деп атап, оны көрнекті мұсылман ойшылы, бүгінде АҚШ-та тұратын Феткуллах Гуленнің ісі етіп көрсеткісі келді. Осы тұстан Ердоганның халық алдындағы беделі пышырай бастады. Бүлікшіл әскерилердің бірі кеше мойындағанындай олар «коррупцияға батқан Ердоган билігін құлатпақ болған». Яғни бұл Түрік режимі тарапынан «тілеп алынған» төңкеріс сияқты. Өйткені Түрік қарулы күштері өздерінің мәлімдемесінде "бұзылған конституциялық тәртіпті қалпына келтіру, адам құқығы мен бостандығын, заң билігі мен жалпы қауіпсіздікті сақтау үшін ел билігін толықтай қолына алмақ болғандығын" айтыпты. Қызық болғанда кейбір деректерге қарағанда төңкерістің алғашқы сағаттарында Ердоған АҚШ-тан саяси баспана сұраған. Олар бас тартқан соң ғана Ердоган скайп арқылы халыққа үндеу тастапты. Түрік жұрты қазір бұрынғы симпатиялық инерциясымен Ердоганды қолдап тұр. Ертеңгі күн қалай боларын бір Алла біледі.

Ердоган кеше күтпеген жерден Түркия әскерилеріне дем берген Феткуллах Гулен деп Барак Обамадан оны Түркияға ұстап беруді талап етті. Енді Ердоган бүлік бастаған әскерилерге қатысты қатаң шаралар қолданатыны анық. Тіпті мораторий жарияланған өлім жазасын қолданысқа қайта енгізбек.

Кешегі әскерилердің мемлекеттік төңкеріске ұмтылуы кезінде барлығы 265 адам қаза болыпты. Бәрінен осы өкінішті. Біз қазақ жұртының атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтамыз! Башыңыз сағ олсун, Түркие!

Түркия бүгінде халықаралық түрлі саяси ойындар тоғысқан торап. Бір жағынан күрдтер проблемасы. Бір жағынан ИГИЛ-мен күрес, Сириядағы тұрақсыздық, діни-саяси «Алавиттер» ағымы, Батыс пен Израильдің мүддесі, Ресеймен қырғи-қабақ жағдай, экономикалық қиыншылықтар, өрістей түскен ішкі коррупция бәрі қабаттасып тұр. Осындай сын сәтте сабыр тілей отырып, Түрік халқына қалыптасқан жағдайдан демократиялық құндылықтарды жоғалтпай, өзіне тән даналықпен тура жол табатындығына үміт білдіреміз!

Марат Тоқашбаев

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір