Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Қоғам 6082 0 пікір 24 Ақпан, 2016 сағат 17:09

ӘКІМ ЕСЕП БЕРДІ. ЕНДІ ОЛ ЖҰМЫСҚА ВЕЛЕОСИПЕДПЕН КЕЛЕДІ

(сурет matritca.kz сайтынан алынды)

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қадырғалиұлы Байбек қала тұрғындары мен Алматы қалалық мәслихаты активінің және қоғам қайраткерлерінің алдында 2015 жылды қорытындылап, есеп берді.

АМАНТАЙ ҚАЖЫ НЕ АЙТПАҚ БОЛДЫ?

Алматы қаласының креативті әкімінің есебін тыңдауға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ханым бастаған, ҚР Президенті әкімшілігі өкілдері, түрлі ведмоство басшылары мен саяси партиялар жетекшілері және БАҚ өкілдері тегіс жиылыпты. Әкемнің есебін тыңдауға  «Abai.kz» порталының тілішісі де қатысып қайтты.

Қала қожайыны есеп береді дегенді естіген халық, сағат 08:30-дан бастап Республика сарайына ағылды. Есеп беру жиынына келген 3 мыңнан астам (Республика сарайының сыйымдылығы) Алматы тұрғыны бәрі бірдей болмаса да, біразының әкімге сауал қойып қалғысы келетіні түсінікті. Өйткені алып мегаполистің мәселесі де ауқымды, шаруасы да шаш етектен болса керек.

(сурет matritca.kz сайтынан алынды)

Бауыржан Байбек мырзаның есебі басталмес бұрын Республика сарайын басына көтеріп Амантай Қажы Асылбек мырза әдеттегідей шоу жасады. Аса таяғын ары бір, бері бір сермеп-сермеп жіберіп, бірдеңе айтпақ болып еді, қажыны тыңдағысы келген құлақ табылмады залдан. Сосын ақырын ғана барып, өз орнына жайғасқан Амантай қажының ләм деген үні жиын соңынан дейін естілген жоқ.

ҚАДЫРҒАЛИҰЛЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАДІРІН БІЛЕТІН ЕДІ ҒОЙ?..

Әу дегенде Бауыржан Қадырғалиұлы есептік баяндамасын мемлекеттік тілде бастаған еді. Ұзын-ырғасы 3,5 сағатқа созылған жиынның алғашқы 10 минут 41 секундында мемлекеттік тілге ерекше құрмет көрсеткен әкім мырза, одан арғы 199 минутта ресми тілде көсілді. Ел ішінде өзінің бастамашылдығымен және қазақтың ұлттық өнері мен тіліне ерекше құрметпен қарайтын әкімнің мұнысы несі дестік.

 Десек те, әкім есебі кезінде бұл жайды жуып шаятын бір оқиға болды. Қала әкімінің ресми баяндамасы аяқталып, залда отырған тұрғындармен дискуссия басталғанда Алматы құрамына жақында қосылған Наурызбай ауданы тұрғындары микрофоннан сөз алды. «Әкім мырза, біздің Наурызбай ауданында өткен жылғы сел апатынан кейін уәде етілген жәрдемақылар төленген жоқ. Жергілікті әкімдікке барғанымда менің құжаттарым сәйкес емес деп жиі қайтарып жібереді. Осыған өзіңіз көмегіңізді көрсетіңізші», -деген тұрғынның жанайқайы ескерусіз қалмайтынын жеткізген қала басшысы қарамағындағы аудан басшыларына шүйлікті. «Мұнда Наурызбай ауданының әкімі бар ма? Кәне, тұрыңыз, сізге қарасты мәселе екен. Не айтасыз? Қашан реттеледі бұл шаруалар?», - деді Байбек мырза. Бауыржан Қадырғалиұлының сөгісінен кейін, «ресми тілде» үн қатқан Наурызбай ауданының әкіміне қала басшысы Қадырғалиұлы тағы да ескерту жасады. «Елбасы өткен жолы Алматыға келгенде айтты ғой, әкім мырза. Адам қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап беруіңіз керек. Сізге қазақ тілінде сұрақ қойып тұр, сіз неге орысша жауап қайтарасыз ол кісіге? Ескеріңіз мұны», -деді қатулы үнмен. «Әкімдер маған есеп бермеңіздер. Мұнда халық отыр. Халыққа қарап сөйлеңіздер. Есепті халыққа бересіздер», - деді тағы да. "Әп, бәрекелді" дестік, біз! Бауыржан мырзаның үні бұл жолы батыл шықты.

«АЛМАТЫ - АВТОКӨЛІКТЕРДІҢ ЕМЕС, АДАМДАРДЫҢ ҚАЛАСЫ»

Байбектің баяндамасынан түйгеніміз, қала экономикасы мен оның тыныс-тірлішігі өткен жылдармен салыстырғанда едәуір ілгерілеуді көрсеткен. "Еңбек - еткендікі" дегенге салсақ, мұндай маңызды дүниелерге көз жұмып қарау қиянат екені рас.

Сонымен Бауыржан Байбек командасы не бітірді? Әуелі қоғам наразылығына ұшыраған «Оңай» дауы туралы сөз еткен Бауыржан Қадырғалиұлы тұрғындар шағымы мен ұсыныстары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Құрметті, алматылықтар, «Оңай» жүйесі жаңадан ғана құрылды. Оның да олқылықтары аз емес. Сіздердің шағымдарыңыз бен барлық өтініштеріңізді біз қарастырып жатырмыз. Бұл - қоғамдық көліктердегі бассыздықтарды, кондукторлардың дөрекілігін, жүргізушілердің мәдениетсіздігін, қалтаға кетіп жатқан қыруар қаражатты қала қазынасына қайтару үшін, қоғамдық көліктердің сапасын арттыру және олардың қызмет сапасын реттеу үшін ең қолайлы жүйе. Түсініңіздер, дамыған мемлекетке айналу үшін бұл жүйенің маңыздылығы жоғары. Біз осы уақытқа дейін тұрғындарға мүмкіндік бердік. Алматылықтардың барлығы қазір «Оңай» жүйесімен танысып үлгерді. Енді ақпан айынан бастап қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеуден жалтарып жүрген жолаушыларға бірден айыппұл салынатын болады. Қазіргі таңда 1 миилионнан астам «Оңай» картасы сатылып бітті», - деді әкім.

Қоғамдық көлік мәселесі айтылған осы жерде қаламыздың экологиялық мәселесіне қатысты қала әкімінің қызықты ойларын айта кеткен жөн болар.

Жұрт назарын аудартқан тағы бір мәлімдеме мәшинелер мөлшерінің межеден көптігі болды. «Алматы – мәшинелер қаласы емес, адамдар қаласы. Біз Жапонияның ең үздік маманының жобасын жүзеге асыруға ниеттіміз. Біздің қаламызда жаяу жүргіншілер өтуге арналған жолдарды жердің астымен емес, үстімен жасауымыз керек. Ал мәшине болса, тосады. Ешқайда кетпейді. Адамдар жердің астымен емес, үстімен жүруі тиіс. Қаламыздың сәнді, салтанатты жерлерін тамашалауы тиіс», - деді қала әкімі. Қала басшысы қымбат шетелдік көліктермен қала көшелерінде көп құқық бұзатын жүргізушілер туралы да сөз етті. «Біз қала ішіндегі жолдарда қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтардың санын арттырамыз. Жыл соңына дейін тағы 7 автобус жолақтары жасалады. Бұл қоғамдық көліктердің қатынасын реттеу үшін маңызды. Ал жеке көлік иелері жол тар деп жатса, көліктерін тастап, қоғамдық көліктерге ауыссын. Ал қымбат Джиптерін қимайтын болса, кептесілте тұрса тұра берсін, «пусть это их дело». Ал егер жұмыстарына дер кезінде жеткілері келсе, автобуспен барсын. 20 минутта жетеді жұмысқа. Біз бұл арқылы қаладағы көліктердің санын азайтамыз. Бұл тиісінше экологияны тазартуға үлкен көмек болады. Мысал келтіретін болсақ, жақында біз аралап көрдік. ҚБТУ алдында 1000 көлік тұр. Бәрі иномаркалар, студенттердікі. Солардың барлығы көліктерін тастап, қоғамдық көліктерге ауысуы тиіс. Әке-шешелерінің алып бергендеріне мәз болып жүреді. Кейін өздері жұмыс істеп, ақша тапқанда машина сатып алсын», - дейді әкім мырза. 

ЕСЕП-ҚИСАП: САНДАР СӨЙЛЕЙДІ

Қош! Әкімнің айтуынша бүгінгі күні Алматы қаласы ЖІӨ 5,1 бөлігін құрап отыр. Республикалық бюджетке түсетін барлық түсімнің 26,3 пайызы Алматының еншісіне тиесілі. Алматыда 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өсім динамикасы келесідегідей өрілген: Өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 646,3 миллиард теңгені құраған. Көтерме және бөлшек тауар айналымының жылдық көрсеткіші 9 536,1 миллиард теңге болған. Өткен жылы Алматы қаласында 1 373,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Әкім мырзаның айтуынша, Алматыда  орташа айлық жалақы мөлшері – 159 630 теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, қала бойынша жұмыссыздар саны 46,6 мың адамға жетсе, өткен жылы қалада мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қолдау іс-шаралары бойынша 21 808 жаңа жұмыс орнындары құрылған. Қалалық медициналық ұйымдарда емделушілерді қолдау қызметін жақсарту үшін қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасында біріңғай Call-орталығы құрылған. Былтырғы жылы білім беруді дамытуды қаржыландыру мақсатында бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Өткен жылы Бауыржан Байбек командасы қарқынды жұмыс істеп, 3 мың пәтерді тұрғындарға табыстаған. Қала бюджетінен шығатын шығынды 30 миллиардқа азайтып (үнемдеп), 135 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын жандандырған. Жалпы есеп бойынша, өткен жылы Бауыржан Қадырғалиұлының басшылығымен қала аумағында 117 миллиард теңгенің 49 жобасы іске қосылған.

Өз сөзінде «Алматы ел экономикасының - локомотиві» деген Байбек мырза Халықаралық «Financial Times» келтірген деректерде, Алматы инверторлар тарту үшін ең тиімді қалалардың тізімінде 51-орынға тұрақтағанын айтты.

ӘКІМ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕНІ 2 КҮНДЕ ШЕШЕДІ

Айтпақшы, Бауыржан Байбек мырзаның басқаратын әкімдігі әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен тікелей байланысқа шығуды жөн көреді. «Қазіргі таңда біздің «Инстаграм» желісінде 56 мыңнан астам жазылушымыз бар. Ал біз 400 жарияланым жасадық. Тұрғындардан 2000-нан астам өтініштер келіп түсті. Біз оларды назарға алдық. Айта кеттейік, әлеуметтік желі арқылы жасалған өтініш немесе ұсыныстарыңыз 2 күннің ішінде шешіледі. Бұл тез әрі бізбен тікелей байланысқа шығудың заманауи жолы»,  -деді Байбек мырза.

ЭКОЛГИЯНЫ ЕСКЕРГЕНДЕ...

Алматы қаласы эколгиясы ең ластанған қалалардың қатарында екендігі белгілі. Өзге де елдімекендерден келген еңбек мигранттарын қоса есептегенде, 2,5 миллионнан асып жығылатын адамы бар мегаполисте көліктердің мөлшерден тыс көптігі, экологияның ластануына тиісті әсер ететіні рас. Қала экологиясы туралы сөз еткен Бауыржан Қадырғалиұлы Алматы тұрғындарына көліктен бас тартып, қоғамдық көліктерге ауысуды ұсынды.

«Қазір қаламыздың экологиясы өте нашарлап кеткен. Бұған мен де сіздер секілді алаңдаймын. Менің қалам - бұл. Мен үшін экологиямыздың таза болуы маңызды. Сондықтан бәріміз енді велосипедке ауысуымыз керек. Алматы Астана сияқты суық, аязды қала емес. Барлығымыз жұмысқа велосипедпен қатынайтын болсақ, денсаулыққа да, экологияға да пайдалы болады. Сондықтан мен өзімнен бастаймын. Қалалық әкімшілікке тапсырмалар берілді. Осыдан бастап біздің әкімшілік қызметкерлері велосипедке аусатын болады», - деді әкім мырза.

Жиын тәмамдалып, жұрт тарқасап жатқанда, әкімшілік қызметкерлерінің 70 велосипед сатып алғандығын құлағымыз шалып қалды. Демек, Байбек мырзаның айтқаны жай сөз болмағаны ғой! Біз білетін Алматы басшыларының ішінде велосипед десе ішкен асын жерге қоятын бір адам Ахметжан Смағұлұлы еді. Енді креативті әкім Бауыржан Қадырғалиұлы да қызметтік қымбат көліктерін тастап, жұмысқа велосипедпен келетін болды.

Түйін

 Сонымен Бауыржан Байбек өткізген есеп беру жиынынан түйгеніміз бен түрткеніміз осы болды. Иә, Алматы қаласының экономикалық әм әлеуметтік ахуалы туралы кеңінен көсіле сөйлеген Бауыржан Байбек мырзаның баяндамасы барысында залға жиналған көрермендер тұп-тура 37 мәрте қошемет көрсетіп, 350 рет алақан соқты.

Ұзаққа созылған жиын барысында әкімдік тарапынан арнайы әзірленген адамдар мен шынымен жанайқайын жеткізген тұрғындар сұрақ қойды, Бауыржан Қадырғалиұлы олардың бәріне жауап беріп бақты. Осы тұста ескере кететін тағы бір жайт бар. Әкім мырзаға қойылған 32 сұрақтың 22-сі орыс тілінде болса, 10 сұрақ мемлекеттік тілде естілді. Өткен жылғы сел тасқыны, электр тарифтерінің қымбаттауы, азық-түлік бағасын реттеудегі мәселелер, жер мәселесі мен банк қарыздары секілді бірсыпыра өзекті мәселелер талқыланды. Бұқарадан бұндай белсенлілік күтпесе керек, Байбек мырза  жергілікті аудан әкімдері мен тиісті департамент басшыларын тік тұрғызып, тергеуге алды. Кейбірін сөзбен сөгіп тастады. Кейбіріне жұмсақ жеткізді. Осыдан кейін Байбек мырза мен Тамара ханым сахнаның сыртына кетті. Ал, біз қала әкімінің қызметке велосипедпен келемін деген әудесін ескеріп, бүгінгі есеп беру жиынан орай тақырыпты жоғарыдағыдай қойғанды жөн көрдік. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір