Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Үміт пен күдік 6118 0 пікір 25 Ақпан, 2016 сағат 22:58

ЛОССЕРТАЛЕС «ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІ ӨТПЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН ДЕГЕНДІ ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

Cуретте: Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес

Редакциядан: Өткенде «Abai.kz» порталында біз Халықаралық ЭКСПО көрмесінің Астанадағы экс-кеңесшісі Хуан Корреастың Елбасы атына жолдаған хатын жариялаған болатынбыз. Үшбу хатында Корреас мырза  көрмені ұйымдастыру жұмысындағы жетекші топтың ауысуына байланысты әлемдік ЭКСПО 2017 жылы Астана төрінде өтпей қалуы мүмкін деп жазған еді. Кеше Астана қаласындағы ЭКСПО-ның  кезекті кеңесіне арнайы келіп қатысқан Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Хуан Корреастың мәлімдемесін жоққа шығарды.

«Мен қазақстандық БАҚ-та жарияланған бұл хатпен мүлде келіспеймін. Ондағы ЭКСПО-2017 туралы барлық пікірлер тек автордың жеке көзқарасы бойынша түзілген.  Айта кетейін, біз бүгін көріп отырғанымыздай, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп отыр.  Бұған күмән келтірудің еш жөні жоқ. Керісінше біз Халықаралық көрмені өткізуге дайындық жұмыстарын одан ары қарқынды жүргізуіміз керек», - деді Висенте Лоссерталес мырза.

Астана қаласындағы ЭКСПО жиынына арнайы келіп қатысқан Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстарына көңілі толатынын жеткізіп, Хуан Корреастың күмән тудырған пікірімен келіспейтінін айтты.

«Мен бүгін көрмеге дайындық барысын өз көзіммен көріп, құрылыс нысандарын өзім барып, аралап шықтым. ЭКСПО-ға дайындық жұмыстары көңілімнен толық шықты. Қатты әсер алдым. ЭКСПО-ға дайындық жұмысында ілгерілеу бар екен. Бүгінгі көргендерімнен түйгенім: 2017 жылы Астанада болатын ЭКСПО көрмесі өте керемет және биік деңгейде өтетіндігіне сенімдімін. Әсіресе,  құрылыс алаңдарының архитектурасы ерекше. Мен бүгін  Қазақстан Астанасына келіп, маңызды жиынға қатысқаныма қуаныштымын»,-деді Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір