Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Мәйекті 5629 0 пікір 26 Ақпан, 2016 сағат 11:08

ЛУКАШЕНКО ПУТИН МЕН МЕДВЕДОВТІ «МАЗАҚҚА» АЙНАЛДЫРДЫ

Жақында Беларусия Президенті Александр Лукашенко РФ Президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведовтің аттарын шатастырып алды. Бұл туралы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлайды.

Бұл қызық жайт екі ел басшысының Минскдегі кездесуінде болыпты.

Беларусь «Батькасы» Вова ағайдың жынына тиетін бұндай сөзді бірінші рет айтып отырған жоқ.   Естеріңізде болса, осыған дейін Алексадр Григорийұлы Ресейдің жарты территориясы Қазақстан мен Моңғолияға тиесілі деп, Путин мырзаның Қырымды аннекциялауына ашық қарсылық білдірген-тін. Лукашенко бұндай қылығын анда-санда қайталап тұрады. Бірде, Ресейдің территориясына шүйліксе, енді бірде Владимир Владимирұлы мен оның көлеңкесіндегі сенімді серігі әм айтқанын бұлжытпайтын премьері Дмитрий Анатоличті кекетіп қояды.

«Картоп корольінің» бұндай батылдығын әккі саясаткерлер түрліше жорамалдайды. Не десекте, Беларусия Президенті осы жолы президент пен премьердің аттарын әдейі шатастырған сияқты. Президент Путиннің «запастағы» тақ мұрагері - Дмитрий Анатольич осыған дейін бір мәрте Владимир Владимирұлының орнына президенттік креслоға отырып көрген-тін. Дәл осы Дмитрий мырзаның ел басқарған 4 жылы ішінде ресейлік БАҚ пен қоғамдық ортада жаңа саяси қызмет атауы пайда болды. Премьер-Путинге қаратып айтылған бұл атау – «Премьерзидент» еді. Батька осыны кекетіп өткісі келсе керек, өз елінің астанасындағы ЕАЭО басшыларының кездесуінде Путиннің атын ол Дмитрий дей берді.  

Оқиға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Жоғарғы мемлекеттік кеңесіне келген ресейлік делегаттармен екі жақты кездесу барысында болғанын қайыра естеріңізге саламыз.

-Құрметті, Дмитрий Анатольевич, -деп бастаған Александр Лукашенко, дереу өз сөзінің артын әзілге айналдырып жіберген.

Көрдіңіз бе, мен сізге айттым ғой (күлді).

Лукашенконың әзілін Ресей Президенті де жалғап әкетіп, «Ресейдің барлық ақшасы Дмитрийдің қолында ғой, сондықтан сіздің айтқаныңыз дұрыс», - деп ыржиды.

Осы бір драматизацияланған көріністен кейін екі ел басшылары әдеттегідей ресми әңігімеге ауысты. Беларусь Президенті көптен бері РФ Президенті Владимир Владимирұлын күткен екен. Бұл туралы өзі айтты. Ал Президент Путин өз кезегінде Минскіге келгеніне қуанышты екендігін жеткізді.

Минскіде Беларусь-РФ басшылары жүздесіп, әлгіндей әзіл айтысып жатқан тұста Астанада  ҚР Президенті Назарбаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездесіп "ЕАЭО бізге түбі пайдасын тигізеді" деген пікір айтты. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір