Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 5094 0 пікір 2 Наурыз, 2016 сағат 10:13

ПАРЛАМЕНТ САХНА, РИНГ НЕМЕСЕ ШТАНГІ КӨТЕРЕТІН АЛАҢ ЕМЕС

Саяси науқанда тізім бойынша тіркелген  партиялар мен  депутаттыққа  үміткерлер (ішінде елге еш еңбегі сіңбеген, халық мүлде танымайтын адамдар бар)  ел аралап, халықпен кездесіп  қарбалас үстінде жүр. 5-шақырылымдағы Мəжіліс депутаттарының  өздерін таратудың басты себептері: əлемдегі саяси жəне экономикалық жағдай деген еді. Алайда сол Мәжілісті таратуға тікелей себепші болған  əр партияның фракция  төрағалары өздерін жəне бұрынғы партия мүшелерінің  көпшілігін қайтып сайлауға (жалпы 40 проценті) ұсынған. Сонда кім ұтады? 

Не өзгереді?  Кімге пайда?  Кімге зиян? Əрине  сайлауға ұсынған тізімдерінде атқарған игі ісімен, жасаған адал қызметімен елге танымал елжанды азаматтар  баршылық.  Бірақ  қоғамдық-саяси өмір тәжірибесінен өтпеген,  халықтың мұң-мұқтажына араласпаған  өнер жұлдыздары мен спорт тарландарының депутат орындығына отырғанын өз ойым құп көрмеймін. Жəне де Парламент тек билікті сынап-мінеу үшін немесе жеке мақсатта біреуді жамандау үшін баратын азаматтардың  мінбесі болмауы тиіс.  Əлбетте  шынайы жəне мəдениетті түрде сын керек.  Сын деген əркімнің ойына түсіп,  аузына келгенін айту емес. Сынды алдымен айту үшін, сол сын айтатын адамның  (министрдің, əкімдердің, əр сала басшыларының) орнына алдымен өзін қойып, егер мен оның орнында болсам "не жасар едім, қалай істер едім" деп əбден ойлану керек. Сын айтылғаннан кейін халықтың көкейіндегі маңызды мəселерлердің түйінін  шешу, елдегі көптен қордаланып қалған істің тетігін табу жəне кез келген сәтте тығырықтан шығу жолдарын өзі нақты көрсетуі тиіс.  Себебі  Парламент  Мəжілісі саясаттан санасы аулақ адамдардың ауыздарына келгенін айтатын ошақ басы емес.

Өнер адамдары концерт қоятын сахна емес.  Спортшылардың бокстесетін рингі немесе штангі көтеретін алаңы емес. Оларды жинайтындай Парламент депутаттарын əлемдік спорттық жарыстар мен өнер байқауларына қатыстырмаймыз ғой. Парламент - елдің саясатын шыңдайтын демократиялы жəне экономикамызды тұрақтандыратын зілді заңдарды шығарушы, сондай-ақ, мемлекеттің ішкі жəне сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауқарлы жəне халықтың əлеуметтік тұрмысын көтеретін əділ, ұлттық санамызды оятатын рухты заңдар  шығарушы қасиетті орган.  Сол себепті қазіргі жаһандағы саяси ахуал мен əлемді шарпыған экономикалық дағдарыс кезеңінде жаңадан жасақталған Парламент Мәжілісі төрінде саясатты саралай алатын, тарих тағылымын терең білетін, заңның əр бабы мен тармағын зерделей білетін жəне қаржы мен экономиканы түйіндей білетін, ұтымды ұсыныс айта алатын елжанды, ұлттық рухы жоғары азаматтар отырулары тиіс. Ондай азаматтар елімізде көптеп саналады. 

Абай ақынша айтсам, "егерде қолымда "зəкөні" бар патша болсам ел жағдайы мен халық мұңын шынайы айтып, бағыт -бағдар көрсететін, өмір баспалдағынан өрлей өткен өр мінезді зиялы адамдарды және қоғам қайраткерлерін ұсынар едім.  Неге екені белгісіз, оларға Парламенттің ауылы əзірше алыс болып тұр. 

Талғат Қатауов 

Abai.kz

0 пікір