Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 5053 0 пікір 2 Наурыз, 2016 сағат 11:32

ПЛАНЕТА ОЛИГАРХТАРЫНЫҢ ҚАТАРЫНДА СОЛ БАЯҒЫ БІЗДІҢ «БЕСЕУ» ЖҮР...

Жақында АҚШ-тың танымал Forbes іскерлік журналы  2016 жылдың есебі бойынша жер шары миллиардерлерінің тізімін жариялады. Жаһандық дағдарыс пен қор нарығының құлдырауы әлемнің ең ауқаттыларының қалтасына да салмақ салса керек. 2009 жылдан бері еш өзгермеген дәулеттілердің тізімі 16 адамға қысқарып, 1810 адамды құраған. Жеке капиталдары миллиардттан асып түскен бай манаптардың қатарына 5 қазақстандық кірген.

Рас тізімге енген бес қазақстандықтың ішінде жаңа есім жоқ.

Forbes-тің құрметті тізіміне қатысушылардың жалпы жинақ қаражаты – 6,48 триллион долларды құраған.

Әлемнің ең ауқатты адамдарының қатарынан 221 адам шығып кетсе, олардың орнын жап-жаңа  198 миллиардер толықтырған. 2015 жылмен салыстырғанда биылғы тізімде 892 миллиардердің капиталыкеміп, кедейлесіп қалыпты.

Microsoft компаниясын құрған Билл Гейтс «әлемнің ең бай миллиардері» мәртебесін қайтарып алды. Оның капиталы 77 миллиард доллар деп бағаланады. 

Гейтстің ізін басып,  Zara компаниясының негізін қалаған Амансио Ортега тұр. Ортеганың барлық ақшасы 67 млрд долларды құраған. Инвестор Уоррен Баффет алғашқы үштікті толықтырып тұр.

Әлемнің ең бай адамдарының тізімінде бес қазақстандық та бар. Бесеуі де – былтырғы тізімге кірген адамдар.

2016 жылғы рейтингтің 771 орына әйгілі бизнесмен Болат Өтемұратов жайғасқан. Forbes іскерлік журналы  есебі бойынша Өтемұратовтың жеке капиталы – 2,3 миллиард долларды құрайды. Былтырғы жылы Өтемұратов мырза бұл тізімнің 714 сатысында болған. Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысының жинағы былтырғы жылме салыстырғанда 300 миллионға кеміген.

Қазақстан Президентінің қызы мен күйеубаласының капиталы тұп-тура 4 миллиард доллар екен. Тимур және Динара Құлыбаевтардың әрқайсысының қоры 2 миллиардтан деп бағаланған.

Forbes тізіміне былтыр да енген Қазақстанның үшінші бай адамы – Әділжан Ибрагимов.

ERG (бұрынғыENRC) иесі бір жылда 700 миллион доллар шығынға батып, алғашқы мыңдықтан шығып қалған. Ибрагимовтың бұл тізімдегі орны – 1198 болса, жылдар бойы еңбектеніп жинаған сыбағасы-1,5 миллиард долларды құрапты. Ибрагимовпен бір сатыны бөліскен тағы бір қазақстандық- Владимир Ким.  Мыс магнаты Ким мырзаның капиталы 1,5 миллиард долларды құраған.

Түйін: Бір жарнамада бір жас қыз: «Біздің шашымыз – біздің мақтанышымыз, иә, мама» деген эпизод бар. «Forbes» журналына енген отандастарымыз – біздің мақтанышымыз ба, бағымыз ба, әлде сорымыз ба? Бұл туралы бажайлау үшін экономикалық әрі теологиялық зерттеу жүргізу керек-ақ. Сондықтан «Forbes» журналына енген қазақстандық олигархтардың қалтасындағы соманы санап, атын атап, түсін түстеумен шектелуді жөн көріп отырмыз.  «Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлу-әй» дегенді дөп осы жерде қолдануды орынды деп ойлаймыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір