Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Тамыр 6497 0 пікір 3 Наурыз, 2016 сағат 09:02

ДАЛА САНДУҒАШЫ

(биографиялық эссе – бірінші нұсқа)

Тегінде, Гүлбаршын Ыбырайқызы Тергеубекова, киіз туырлықты қазақтың өнерпаз нәсілі, асыл бабаның жетінші ұрпағы, 1971 жылы 04 наурызда, түз жайлаған Қарағанды облысына қарасты, Арқадағы сақара інжу-маржаны – Қарқаралы тау сілемдерінің жалғасы – Үшқара өңірі, Балқантау бауырындағы, бейнеті асқан науқандардың 1928 жылында құрылған бұрынғы Қу, 1965 жылы өзгертіліп – Егіндібұлақ, 1993 жылдан бастап Қазыбек би деп аталған елді мекенде дүниеге келеді.

Егіндібұлақ ауылы Қарағанды қаласынан – үш жүз жиырма, Қарқаралы шаһарынан сексен жеті шақырым жерде жатыр. Қоныстың іргетасы 1909 жылы қаланды. Елді мекеннің аты – Балқантау тауынан бастау алатын Егінді бұлақ – орыс тілінен аударылған сөз, түпнұсқасы – Хлебородное, сол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы бұйрығымен бекітілген атау.

1928 жылғы 17 қантарда, Қарқаралы дуанына қарасты Қу, Едірей және Байыр болыстары негізінде құрылады. Әкімшілік орталық ретінде  Хлебородное ауылы таңдалынып алынады. 1930 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы жергілікті халықтың талап-тілегі бойынша аудан орталығы атауын – Егіндібұлақ ауылы деп өзгерту туралы қарары – атақты Қаулысын қабылдайды.

Гүлбаршынның арғы бабасы – қазақтың атақты төбе билерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек би. Сойы, ел аузынан жеткен сүйек шежіресі былай таралады: арғын Қаракесектің Шаншарынан Келдібек, одан Қазыбек би, бидің ұрпағы Сырымбеттен Тоқтыбай, оның ұлы Бітім, Бітімнен Тергеубек, Тергеубектен Мұхамедияр, Мұхамедиярдан Ыбырай.

Ыбырай – Гүлбаршын Тергеубекованың әкесі. Жарықтық 2015 жылы қаңтар айында дүние салды. Ер тұлғалы, елге сыйлы, қазақ әніне құмар,  күйіне жүйрік, өнеріне ғашық, задында, алаштың алапат азаматы, сұңғыла жанашыр перзенті болатын.

Гүлбаршын 1978-1988 жылдары Бұқар жырау ауданына қарасты Амангелді ауылында орта мектепте оқып, екі жылға жуық арада Қарқаралы аудандық (қалалық) Мәдениет Үйі мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында әкімшілік-ұйымдастырушы міндеттерін атқарады.

Әке арманы, әулет мұраты, әулие ата-баба жолында (Келдібек, Қаз дауысты Қазыбек би, Бекболат, Сырымбет, Тіленші, Алшынбай, Тәттімбет, Ұлжан, Ділдә, Мәди, Қалибек) қызмет етуге бел байлап, жас талап 1990 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына оқуға түседі. Оны 1995 жылы вокал (халық әні мен домбыра) мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Кейінгі уақыт, 2000 жылдарға дейін Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтында өз мамандығы бойынша дәріс береді.

Соңғы жылдары Гүлбаршын Тергеубекова тек шығармашылықпен айналысып келеді. Оның репертуарында құйқылжыған Арқа әндерімен қатар бүгінгі заманауи эстрадалық әндер де бар. Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Майра, Үкілі Ыбырай, Қасым Аманжолов, Ілия Жақанов, Ескендір Хасанғалиев, Әбілақат Еспаев, Кенжебек Күмісбеков, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов әндері Гүлбаршынның орындауында аса бір халықтық орындаушылық сипатқа ие.

Табиғи талантына музыкалық терең білім қосқан Гүлбаршын елімізге кеңінен танылып, кезінде Күләш Бәйсейітова, Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Рабиға Есімжанова, Гүлбаршын Ақпанова, Роза Жаманова, Роза Бағланова тәрізді қазақ сахнасының бұлбұлдары, аяулы онерпаздары шырқаған Естайдың “Сандуғашынан” бастап, Шәмшінің “Ақмаңдайлымына” дейінгі күрделі әндерді нақышына келтіре, келістіре орындап, бүгінде халық арасында “Дала сандуғашы” атанды.

2012 жылдан бастап Гүлбаршын Тергеубекова концерттік жобаларды қолға ала бастады. Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші, продюсер, “Қасымның әндері-ай”, “Абай әндері”, “Алматы – ғашықтар мекені” атты концерттік жобалардың авторы және продюсері.

Дидар Амантай

Abai.kz

 

0 пікір