Жұма, 28 Қаңтар 2022
Жаңалықтар 2915 0 пікір 3 Наурыз, 2016 сағат 09:14

АРҚАНКЕРГЕН. АНАНЫҢ АРЫЗЫ КЕРІ ҚАЙТТЫ

Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық соты Татьяна Рейдің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Павлодар облысында тұратын зейнеткер баласы Денис Рейді өлтіргені үшін моральдық өтемақы ретінде 370 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Анасы баласының қазасына мемлекеттік органдарды кінәлайды.

Татьяна Рейдің адвокаты Серік Сәрсенов шекарашылар өлтірілген атыс қаруы үлкен қауіп төндірген әрі мемлекет мүлкі болғандықтан, кінәлі я кінәсіз екеніне қарамастан, азаматтық-құқықтық жауапкершілік мемлекетке жүктеледі деп санайды.

- Ақыры Челахты кінәлі етіп шығарды, бірақ лауазымды тұлғалардың айыбы жайлы мәселе қозғалған да, тексерілген де жоқ. 14 әскери мерт болғаны үшін мемлекеттің ешбір лауазымды тұлғасы жауапқа тартылған жоқ, – дейді Серік Сәрсенов.

Адвокаттың мәлімдеуінше, анасы Денис Рейдің қазасын көтере алмай қант диабетіне шалдыққан, яғни моральдық зиян шеккен. Татьяна Рей – зейнеткер, жалғыз тұрады. Үлкен баласы өз отбасымен бөлек тұрады.

2012 жылдың мамырында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өртеніп кеткен заставадан 14 шекарашы мен қорықшының мәйіті табылған. Денис Рей мен тағы бір шекарашы Мейірхан Именовтің мәйіт қалдықтары табылмай, екеуін ресми түрде хабарсыз жоғалып кетті деп жариялаған. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахқа "Арқанкерген" заставасында жаппай кісі өлтірді деген айыппен өмір бойы түрмеде отыру жазасы кесілген.

Екі жылдан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара әскерлеріне қарасты №2484 әскери бөлімнің әскери қызметшісі Денис Рей Успенск соты шешімімен қаза тапқан деп танылған.

Абай-ақпарат

0 пікір