Жексенбі, 4 Желтоқсан 2022
Қоғам 4075 0 пікір 3 Наурыз, 2016 сағат 11:13

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ЖҰЛДЫЗДАР» САЙЛАУЫНА РЕСЕЙ ӨЗ ӘРТІСТЕРІН ЖІБЕРЕДІ

Наурыздың 20-күні өтетін кезектен тыс парламент мәжілісіннің сайлауына ТМД атынан бақылаушы болып бір топ делегат келеді.  Жақындағы додаға дорбаларын сүйретіп, жоғарғы кәсіби деңгейлі команда келеді деп жоспарланған-тын. Жақында ОСК ТМД бақылаушыларының «жұлдызды» тізімін жариялады, - деп жазады «informburo.kz» сайты.

«Қазақстанда өтетін парламент сайлауына бақылаушы топ – өте жоғары кәсіби мамандардан құрылған. Қазіргі таңда РФ Мемлекеттік думасының өкілдері қатарында бақылаушы болып баратын бірнеше депутаттың есімі белгілі. Олар: спортшы, палуан - Александр Корелин, боксшы - Николай Волуев, әнші - Иосиф Кобзон, фигурист, 3 дүркін әлем чемпионы - Ирина Родниналар. Делегацияны бастап келетін бақылаушылар жоғары деңгейлі дайындықтан өткен мамандар-мыс. Қазақстандағы парламент сайлауына бақылаушы топ ТМД атынан келмек. Олар РФ Орталық сайлау комиссиясы өкілдері», - дейді ТМД бақылаушы миссиясы штабының жетекшісі Евгений Слобода.

Айтпақшы, ресейлік боксшы Николай Волуев пен 3 дүркін әлем чемпионы Ирина Родниналар ТМД бақылаушылары сапында Қазақстанда өтетін сайлауға бірінші мәрте келгелі отырған жоқ. Думаның дәл осы дәу екі жұлдызы өткен жылғы кезектен тыс Президент сайлауы кезінде де бақылаушы болған-тын.

Естеріңізге сала кетейік, 26 ақпан күні ТМД атынан Қазақстандағы парламент сайлауына 100 бақылаушы тіркелген еді. Ал Орталық сайлау комиссиясының жоспары бойынша, наурыздағы додаға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен халықаралық ұйымдардан 300-ден астам бақылаушы келуі керек-тін. Олардың құрамында, Белоруссия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Парламентаралық ассамблеяның және Ресей Федерациясы мен Белоруссияның парламенттік кеңестерінен өкілдер болады деп күтілуде. Ал украиналық БАҚ-тың жазуынша, Қазақстандағы сайлауға ТМД делегаттарының қатарында Украина Радасының өкілдері болмайды.

Қазақстандық БАҚ наурыздағы пафосты сайлауға қатысып, сыбағасын алуға ниетті кей партиялардың пиарлы үміткерлерін сынаған еді.

Конституциялық құқықтарға сүйенсек, әрине, Қазақстанның кез келген азаматы депутат бола алады. Десек те, парламент – қоғамның айнасы. Ал қоғамда алуан түрлi пiкiрлер бар, сондықтан да парламент қатарында билiкке балама ой, сын айта алатын оппозициялық күштердiң де болғаны дұрыс еді дедік.

Әрине, саясатқа тiкелей қатысы жоқ саланың өкiлдерi, оның iшiнде елге танымал, беделдi тұлғалар (спортшылар, әншiлер және тағы басқалар) парламент құрамында бола алады және де өздерiне қатысты салалар бойынша заң жобаларын әзiрлеуге, сол саладағы үкiметтiң саясатын анықтап, қимыл-әрекетiн қадағалап отыруына болады. Десек те, қазiргi таңда болашақ парламент құрамына заң қабылдау жұмысын жетiк бiлетiн, мемлекет саясатының бүге-шiгесiне әбден қанық мамандардың, әртүрлi саяси көзқарасты бiлдiре алатын, парламенттiк пiкiрталасқа дайын тұлғалардың енгенi ел үшiн дұрыс болар едi.

Міне, РФ атынан Қазақстандағы «жұлдыздар» сайлауына Дума думанды депутаттарын жіберіп отыр. Сайлауы қандай болса, бақылаушысы да сондай болуы керек қой дегені болар. Осыдан түйгеніміз, «иттің де өзіне сай қарғыбауы, биттің де өзіне сай қабығы бар» деген рас-ау.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2330
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1183
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1419