Жұма, 7 Қазан 2022
Әдебиет 4384 0 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 09:39

ҚАРЫН МЕН РУХ

Қазір қазақ прозасына соны леп, тың серпін әкелген жас қаламгердің легі өздерінің тырнақ алды туындыларымен өзіндік шығармашылық мүмкіндіктерін сөз таныған жанға бірден аңдата бастады. Ең қиын жанр – қазақ новеллистикасына  жоқты-барды сөз етпей, алаш қоғамындағы «кішкентай адамдар» тағдырын орынды қалам ұшына іліндіргендер қатарында Салтанат Минайханды бөліп-жарып айтуға болады.

Жас қаламгердің «200 теңге» әңгімесі жаңа буынның екі бірдей проблемасын (қарын мен рухты) бір эпизод бойына сыйдыра білген. Әрі тәмсілдік аңыста жазылған туындыда бар-жоғы екі кейіпкер ғана бар. Наутралистік суреттеу қысқа қайырылып отырады.  Автор жастардың дер кезінде тамақтана бермеуін – әлеуметтік фактор ретінде айқын танытады:

Жолдас ұйқысынан ерте тұрды. Тұрды да беті-қолын жумастан қазан-аяқты сылдырлатып қалған-құтқан тамақ болып қалар дегендей тіміскіленді. Дым жоқ. Қаңсып қалыпты. Кеше өздері ішіп-жеген қалыбы, астаң-кестең кеселер, керзендер шашылып жатыр.  Қынжылғандай қарнын сипап, Сәкеннің трубкасын көтеруге дәретханаға кірген соң шайына салып, жұмысына беттеді.

Түс бесіннен ауған уақытта жұмысынан шығып жатақхана мекенін бетке алып, асығып келеді. Қарын қабысып қалғандай қырып ауырады. Қалтасын ақтарды. 200 теңгесі бар екен. Жол-жөнекей талға жақ бірдеңе алам деп ойлаған”.

Бәрі де сенімді, бәрі де азаттық ұландарының басындағы күнделікті жайт. Бірақ автор қарынның тоюынан бөлек, рухани құндылық бар екендігін баса көрсетеді:

“Аялдама іргесінде жайылған кітаптарға назары кетті. Көзі жанып кітапты алыстан жылы қабылдап, сүйсінгені болмаса сатып алам деген ой әсте келмеген болатын. Қалай қолына іліккенін аңдамай Жюль Верннің кітабын ақтарып тұрғанын телефоны шырылдағанда бір-ақ аңғарды. Тұрған кітаптардың барлығы дерлік әлемдік классика екен. Джек Лондон, Эрнест Хеменгуэй, Оскар Уайльд, Лев Толстой, Оноре де Бальзак сияқты сақа жазушылар көзге, көңілге тоқ көрінеді. Кітап қызығына кіріп кеткен Жолдас сатушы шалды әсте байқамаған екен. Келген тұтынушыны, жоқ... кітап құмар қара баланы ол да елейтін түрі жоқ. Өзі де кітап оқып отыр. Көзінде әйнегі томпайған көзілдірік. Селдір шашынан, жұқа құйқасынан өткен күн ыстығына да түкіргені бар, ырғалып құлағалы отыр. Оқып отыр... Үстінде қураңқы қара костюм; екі жан қалтасы, қос жағасының орайы күнге шағылысып жылтырайды. Күллі келбетін өмір дауылы жұлмалап кеткендей қожық-қожық, әлем-жәлем толқын секілді. Оң тізесіне сүйенген үшінші аяғы тұр. Ол да қажыған...”

Кітап керексіз болған заманда оны саудаға шығарған қарияның тірлігі персонаждық монологпен алмасады да, әлемдік әдебиет тарихындағы қазақ әдебиеті үшін сұрақ жауаптық үкім шығарылады. Біз қанша жерден мақтанайық, әлем әдебиеті тарихына сүбелі туынды қосуда кемшін түсіп жатырмыз. Оның себебі – классик еместі классик аттандыруымыз. Бұған жастар көнбейді. Осы әдеби протест – Салтанат әңгімесінің лейтмотиві. Оны авторда жасырмайды. Енді сол пікірге орын берейік:

“Әр жазарманның өзіндік жазу арнасы мен стилі болады. Менің стилім –  осы. Дәл осындай дау тудыру үшін жазылған десе де болады. Жазам деушінің жазғанын халық толық қабылдап қойса оның несі жазушы, несі өнер. Тәңірден берген артықшылық деген осы. Бір оқырман бір-ақ жерін, біреуі бір бөлігін түсінсе ол әркімнің өз табиғатыннан. Толық түсіну өзіме де тән емес”, - дейді Салтанат осы әңгіме жарық көрген massaget.kz сайтында осы туындысына пікір айтушыларға.

Қаламгер өз буынына тән әдеби протесті әңгіме қауызына сұрақ-жауап репетімен сыйдырады, әрі нөлдік персонаждық канонданған ескі түсінік пен күні туған қосар персонаждық жаңа ұғынылымды бір-біріне қарсы қояды. Автордың нөлдік персонажының астарында қазіргі қазақ қоғамын билегендер мен кеңестік дәуірде әдеби даңқы асқақтаған талайлардың прототипі жасырынып наррацияланады. Жастар қазақ прозасының наррациясын мүлдем өзгертіп жіберді. Мынау соның бір мысалы:

“Жолдастың жан айғайы ұзаққа созылған болуы керек. «Иә, балам, айта бер. Қай кітапты қалайсың?», – деген сатушы шалдың сөзі ойын бөгеді.

– Ата, сіз өз заманыңызға жақын  кітаптарды сатып отырған сияқтысыз. Қызығы, кітаптарыңыздың арасында біздің адамдардың шығармалары жоқ. Неге, ақсақал? – деп әлгіндегі ойының жалғасын айтқанын «ақсақал адам» тіркесін іштей қайталағанда ұғынды. Ойын оқып отырғанғандай:

– Е-е, олар да адам ба? Білмеппін, адамдар полкасынан ұшырата алмадым, – деп әлгі шал бір ескі кітаптың сыртқы мұқабасын кәрі қолымен сүртіп қойды.

– Иә, ақсақал, айтуларына қарағанда адам-ау.

– Бәсе, менің сатып отырған кітаптарымды менсінбей нансыз қалдырып жүргені сол де...”

Және автордың түйін шоғырда қазақ мәдени кеңістігінде мылтықсыз майдан жүріп жатқанын танытуда орыс әлеміне тән ғаламзаттық символға жүгінеді. Ол символ – Толстойдың «Война и мирі». Бұл жай соғыс емес, ұлтты рухани екіге бөлетін бірде толастап, бірде қайыра өршитін орыс тілділер мен қазақ тілділер  арасындағы алаштың маңдайына жазған мәңгілік майдан.

Кім жеңеді осы қансыз қақтығыста ол бәрімізге беймәлім. Шағын әңгіме 200 теңге жайында емес, сол теңгені қолына ұстаушылардың сатып алу қабілетінің қай тілде сөйлеушілердің арасында басым екендігін тәмсілдеу. Салтанат жас болса да, өмірден түйгені көп қаламгер екендігін айтар ойы көп, тұспалды да, тәмсілдік новелласымен таныта білді.

Тек осындай шағын эпизодқа ұлттың қордаланған проблемаларын сыйдырған туындалар легін өмірге әкелуден танба деген арзулы үмітпен жас талап прозашының бас-аяғы шымыр әңгімесінің соңғы бетін жаптық.

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

Abai.kz

0 пікір