Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4399 0 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 14:30

СӘБИДІ ӨЛТІРГЕН ӘЙЕЛ ПУТИННЕН КЕК АЛҒАНЫН АЙТТЫ

Мәскеуде 4 жастағы қыз баланы өлтірді деп айыпталған Гюльчехра Бобокулова мұны Сирияны бомбалап жатқан Ресей президенті Владимир Путиннен кек алу үшін істегенін айтты.

YouTube бейнеқызметінде пайда болған жазбада: "Путин ұшақтармен бомбалап жатыр", – деген әйел, әуе соққысынан өлгендер арасында балалардың көп екенін айтып өтеді.

Бобокулова баланы өлтіру ойының қашан пайда болғанына қатысты сұраққа: "Бір ай бұрын ғана. Қарасам, бомбалар жарылып жатыр…", - деп жауап берген.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Бобокулованы "есі дұрыс емес" деп атады. Сонымен бірге ол тергеу аяқталғанға дейін әйелдің неге бұлай істегенінің себебі туралы қорытынды жасамауға шақырды.

Гюльчехра Бобокулова 29 ақпанда Мәскеудегі метроның "Октябрьское поле" стансасында баланың кесілген басын ұстап жүрген жерінен тұтқындалды. Тергеушілер әйелдің өзі күтушісі болған 4 жастағы қыздың басын кесіп, пәтерді өртегенін анықтады. Бобокулова осылай істегенін мойындап отыр. БАҚ деректері бойынша әйел шизофренияға шалдыққан.

Сот Бобокулованы екі айға қамауға алды. 4 наурызда оған кісі өлтіру, өртеу және террорлық шабуыл туралы жалған ақпар тарату бойынша айып тағылады деп күтілуде.

Абай-ақпарат

0 пікір