Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәйекті 3740 1 пікір 7 Наурыз, 2016 сағат 12:02

САЙЛАУ 2016. ӘЛИ ОҚАПОВ: ӘРКІМ ӨЗ ІСІМЕН АЙНАЛЫСУ КЕРЕК

«Жұлдыздар алда келе жатқан сайлау туралы пікірлерін білдірді» -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматыда өткен Орталық коммуникациялар қызметінде «Сенің дауысың – сенің болашағың!» атты постерлер байқауына танымал әнші, спортшы, қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында болған жұлдыздар сайлауға қатысты ой-пікірлерін білдірді.

Әнші Толқын Забирова: «Мұндай конкурсты өткізу дәстүрлі шараға айналып барады. Бұл байқау өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар үшін маңызды дода. Мен үшін қазылар алқасында болып, қатысушылардың жұмысын бағалау үлкен абырой. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланады. Сондықтан, биылғы сайлауда біздің жауапкершілігіміз бірнеше есе артады. Адамның отансүйгіштік сезімін білдіруге мүмкіндік беретін бірнеше тәсіл бар. Бірақ, соның ең озығы – сайлауға келіп, өз даусыңды беру».

Былғары қолғап шеберлері Әлем чемпионы Назым Қызайбай: «Қазақстан болашағы – ол біздің болашағымыз. Сайлауға әр жастың қатысуы өте маңызды. Спортшылар жаттығудан өзге осындай шараларға да қатысуы тиіс. Былтырдан бері өзімнің дауыс беру құқығымды жүзеге асырып жүрмін».

Әнші Әли Оқапов: «Ел назарында жүрген адам ретінде үлгі болуымыз керек. Келіп өз пікірімді айтып, тыңдармандарымды (сайлауға) шақырып жүрмін. Біздің болашақ  – біздің қолымызда. Осындай байқаулар арқылы шығармашылық қабілетіңді көрсетуге мүмкіндік бар. Ел бізбен байланыста».

Сондай-ақ, Әли Оқапов сайлауға үміткер ретінде тіркелген Қайрат Нұртас пен Жанар Доғаловаға қатысты өз пікірін білдірді: «Мен қарсы емеспін. Екеуі де танымал адамдар. Өнер жағынан маңызды құжаттарды әзірлейтін шығар. Сайлауға пиар жағынан жарнама жағынан қолдау көрсету үшін қатыстырып жатқан шығар деп ойлаймын. Бір жағынан, әркім өз ісімен айналысуы керек деп санаймын. Мен  – музыкантпын. Жан-жақты болуға дайын емеспін».

Abai.kz 

1 пікір