Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 6136 0 пікір 10 Наурыз, 2016 сағат 17:59

АЛ ЕНДІ АУҒАН МЕН ИРАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ҚАЙТПЕК?

... Сонымен, Атажұртына шет елдерден бір жола қоныс аударуды  мақсат еткен ағайынның алдынан көлденең шығып келген бір мәселе шегіне жеткен сияқты. Ол – мәселе «оралман» мәртебесін иеленген этникалық қазақтар бұрынғы тұрған мемлекетінен сотталмағаны туралы анықтама әкелуі керек дейтін мәселе болатын. Қазақстан Республикасында  көші-қон ісіне қатысты заң талап ететін әлгі анықтама Қытай Халық Республикасында тұратын бауырларымыз үшін қиындық тудырып еді. Енді сол қиындықтың түйіні төмендегідей шешімін тапқанға ұқсайды. Сүйінші хабарды бүгін   Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан ханым жария етті.

«Қытайдан келетін қазақтарға бұған дейін азаматтық алу үшін соттылығы туралы анықтама ұсынуға міндеттелген болатын. Ол анықтаманы алудың тетіктері мен тәртібінен бейхабар былайғы жұрт біршама қиындықтарға тап болды. Сонымен қатар, оралмандарды зейнетақымен қамту мәселесіне қатысты да басы ашылмаған жағдаяттар жеткілікті болатын. Осы мәселеге орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ел Үкіметіне, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктеріне, басқа да өкілетті мемлекеттік органдарға хат жолдаған екен. Аталған хатқа алғаш болып ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жауап қатыпты» деп жазады Qamshy.kz сайты.

Министрліктің жауап хатында:

«...мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірлесе қарап, келесіні хабарлайды.

«ҚР ІІМ-нің ҚР-ында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін ҚХР азаматтарының соттылығы/соттылығының жоқтығы туралы анықтамаға қатысты сұрауына ҚР-дағы ҚХР Елшілігінің берген жауабына сәйкес, аталған анықтаманы жеке тұлғаның талабы бойынша, оның тұрғылықты жеріндегі полицияның учаскелік бөлімшелері береді. Және оның бекітілген біркелкі үлгісі жоқ.

Ұсынылған анықтама күмәндік тудыратын болса, Елшілік  оның түпнұсқасын растап беруге дайын екендігін хабарлаған.

ҚХР-дың заңнамасына сәйкес /ресми аударманы СІМ берген/ қытай азаматтарына паспорт рәсімдеу  сот шешіміне сәйкес жазасын өтеп жатқан жағдайда ғана рұқсат етілмейді («Паспорт беру тәртібі туралы» 2006 ж. 29 сәуірдегі ҚХР Заңының 13 б). Қытай азаматтарына «егер тұлғаның жазасы өтелмеген болса, елден шығуға тиым салынуы мүмкін» («Кіру және шығу мәселелерін басқару туралы» 2012ж .30 маусымындағы ҚХР Заңының 12 б).

 

Осылайша, Қытай заңнамасы сотталмаған немесе бұрын сотты болған азаматтардың шет елге шығуын шектемейді. Бұл заңнама жергілікті ұлт өкілі болып саналмайтын азаматқа да ортақ.

Қытайда соттылығы туралы анықтаманы жергілікті полиция органы береді.

Қорытындылай келе, тұрақты тұруға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімінен тұлғаның соттылығы туралы анықтаманы алып тастау – қылмыстық элементтерді бақылау мүмкіндігіне қауіп туғызады деп есептейміз» – делінген.

P.S. Күні кешеге дейін ҚР Үкіметі «тұлғаның соттылығы туралы анықтаманы алып тастау – қылымыстық элементтерді бақылау мүмкіндігіне қауіп туғызады» деген ұстанымнан айнымаған еді, ақыры дегеніне жетіп тынды. Бұнысын жөн делік. Алайда, соттылық туралы анықтаманың ҚХР-да берілмейтіндігін дәлелдеп баққан қазақ қоғамындағы белсенділер де жеңіске жеткенге ұқсайды. Өйткені, олар ҚХР елшілігіне  хат жазып, ҚР Үкіметінің деңгейінде бірнеше рет отырыс өткізіп, соңында жоғарыдағыдай нәтижеге қол артты. Енді бұдан былай,  ҚХР-дан көшіп келетін ағайын-жұрт үшін жергілікті полицияның учаскелік бөлімшесінен анықтама алып, Атажұртына оралатын жағдай туды.

Хош делік... Ал, Ауғанстаннан, Иран Ислам Республикасынан Бабақонысына қарап жаутаңдап отырған, көштің басын бұрып үлгерген туыстарымыз қайтпекші... Өйткені аталған екі елде де соттылық жөніндегі анықтама алу қиын көрінеді. Қоғам белсенділері  бұл мәселеге де ойланып, үн қататын шығар деген тілектеміз.

Abai.kz  

0 пікір