Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Талдау 4225 0 пікір 26 Наурыз, 2016 сағат 18:02

"ЕШ ЖЕРДЕ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ӨЛЕҢ" АБАЙДІКІ БОЛМАЙ ШЫҚТЫ

Редакциядан: Күні кеше ғана сайтымызда филология ғылымдарының магистрі Сәйдінұр Мәуленұлының "Абайдың еш жерде жарияланбаған өлені табылды" атты мақаласы жарық көрді.  Мақала жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілер мен қазақтілді БАҚ-та қызу талқы болып, осы бір өлеңге деген жұртшылықтың ықыласы ауып, әлеуметтік желілерде пікәншілер таласы басталды. 

"Abai.kz" - еркін ақпарат алаңы. Пікір таластырып, ой жарыстыру оқырманның еншісінде болғандықтан, біз бүгін ақын, ғалым Дәулеткерей Кәпұлының даулы мақалаға қатысты жауабын жариялап отырмыз.


 Кешелі бері әлеуметтік желілер мен қазақтілді сайттардың сүйіншілеген жаңалығы бәрімізді елең еткізгені анық. Бірақ, Ұлы Абайдың «жаңа өлеңі» деп жар салған адамымыз жақ ашпады. (Сәйдінұр Мәуленұлы: (1976-) филология ғылымдарының магистры, Іле педагогикалық университеті Қытай тілдері институтының доценті. Құлжа қаласы, ҚХР, ШҰАР).

Абай.кз сайты редакция тарапынан түсініктеме арқылы жариялаған «тың жаңалық» желі қолданушыларды біраз тапырақтатып тастады. Бақсақ, бақа екен дегендей, жапатармағай кітаптарға жүгінсек; бұл өлең 1999 жылы қытайдағы «Іле халық баспасынан» шыққан Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармаларының 2 томында (531-533-беттерде) «Қайтер еді?» деген тақырыппен жарияланыпты. Қайталап 2011-жылы Ақыт қажының туған жиені Абдоллаһ Жафар Ұшардың демеушілігімен, ғылыми қосымшаларын даярлап, құрастырушы философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Омарованың жауапты редакторлығымен Түркияның Кония қаласында басылып шыққан Ақыт Үлімжіұлы шығармаларының толық 2 томдық жинағының 397-399 беттерінде тағы да «Қайтер еді?» деген тақырыппен  басылыпты. Сонымен, Абайдың «жаңа өлеңі» Ақыт Үлімжіұлының өлеңі деп нық сеніммен пікірталас ортасына кіріп кеткем. Қазақтың талантты әншісі Еркін Шүкімән ағам да Шәкәрім кітабына жүгініп, «Алаш мұрасы» сериясымен шыққан Шәкәрім қажының бірінші томынан (37-40-беттер) «Шаруа мен ысырап» деген өлеңді алға тартсын. Бұлтартпас дәлел. «Ел-шежіре» баспасынан 2008-жылы шыққан 2 томдықтың алғысөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедрахым Жармұхамедұлы Шәкәрім шығармашылығына жан-жақты тоқталған. Кітаптың бірінші томындағы түсініктерде: «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Ер қоспақпен сөз сөйлемек», «Махаббат пен құмарлық», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу»  – 1885-1890 жылдары жазылған. Ақынның бұл сегіз өлеңі 1912 жылы Семей қаласында «Жәрдем» баспасынан жарық көрген «Қалқаман-Мамыр» поэмасының соңында басылды – деп тайға таңба басқандай  беріпті.  Ақыт қажы кітаптарында «Қайтер еді?» деген өлең Шәкәрім қажы кітаптарында «Шаруа мен ысырап»  атты тақырыпта беріліпті. Шәкәрім  мен Ақыт кітаптарында да бастапқы жол «Қайтер еді, жігіттер» деп басталады. Ақыттың кітабында өлеңнің бірінші жолы тақырып болып кеткен. Сонымен, бұл өлең Абайдікі де емес Ақыттікі де емес Шәкәрімдікі болып шыға келді. Егер, дауласқысы келетін адам табылып жатса, Шәкәрімнің 1912 жылғы Семейден шыққан кітабын тауып алсын. Олай дейтініміз, Шәкәрімнің ұлдары Зият та, Ахат та қытай бетіне өткендігін ескергенімізден. Ақыт қажы 1939- жылы Шың Шы Сай үкіметі тарапынан тұтқындалғанда бүкіл кітаптары мен қолжазбалары тәркіленіп, ақын түрмеде өлгеннен кейін тек кітаптары ғана қайтарылып берілгенін, қолжазбалары қайтарылмағанын қытайда тұратын көзіқарақты қандастарымыз барлығы дерлік біледі. Ақыт өлеңдері тек, ауыздан-ауызға тарап, молдалардың қолжазба көшірмелері арқылы ел ішінен жиналғанын, Ақыт шығармаларын құрастырушылар тәптіштеп жазған. Ақыт қажының шығармашылық ғұмыры Алтайдың күнгей беті мен Қобда бетін қатар қамтиды. Жалпы, Ақыттану мәселесін бірінші болып Қобда бетінің қазақтары, яғни, Баян-Өлгийлік қандастар қолға алып, 1970-жылдан бастап «Шұғыла» журналында тамтұмдап жариялай бастаған. Моңғолия қазақтарының әдебиет нұсқаларын алғаш зерделеген ф.ғ.д, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы Ақыттың Қазанда басылып шыққан кітаптарының (1897-1909-жылдар аралығы) барлығын дерлік алғаш кирилл қарпімен баспадан шығарған. Талантты ақын Кәкей Жанжұңұлы, әдебиеттанушы Қабидаш Қалиасқарұлы бастатқан шығармашылық топ 1991-1994-жылдар аралығында Ақыттың төрт кітабын оқырманға ұсынғандығы жұрт жанын, әдебиет сүйер қауымды марқайтатын игілікті іс болған. Осы Баян-Өлгийде басылған Ақыт шығармаларының ішінде «Абайдың жаңа өлеңі» болып басталып, Шәкәрім қажының еншісінде қалған өлең болған жоқ.

Қазақтың бір жоқты бір жоқ табады деген тәмсілі Ақыт шығармашылығымен айналысып жүрген маған да қамшы болды. Енді, ел аузынан жиналып, кітапқа айналып жатқан Ақыт қажы шығармаларына аса сақтықпен қарауға тура келеді. Керек десеңіз, текстологиялық, мазмұндық зерттеулер жүргізуді қажет етеді. Ата-баба мұрасына атүсті қарау азаматтарға сын. Сөз соңында тағы да Талғат Ешенұлы ағам айтпақшы: Абайға да абай болып, айналамызға да ақыл көзімен қарай білейік, құрметті оқырман!

Дәулеткерей Кәпұлы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ,

қазақ әдебиеті қафедрасының аға оқытушысы, PhD докторант

Сайтқа дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

0 пікір